Accessibility links

Апта арасында болған әлемдегі таңғажайып оқиғалар тізбегі


Бұл аптадағы әлемнің ғажайып оқиғалары қатарында сары шаяндармен бір ыдыста ұзақ отырудан рекордқа ие болған әйел, әлемдегі ең ірі екінші саңырау құлақтың табылғандығы және Қытайда таз еразаматтар үшін ашылған клуб жайлы әңгімелер бүгінгі хабарымызға арқау болмақшы.

“Сары шаян патшайымы” өз атағын қайтарып алды. Малайзиялық әйел 6 мың 69 сары шаянмен бір шыны ыдыс ішінде ең ұзақ отырған адам ретінде әлем бойынша жеңімпаз атанды. Осылайша олармен 36 күн бірге болған Нұр Малена Хасан деген азаматша “Сары шаян патшайымы” деген атағын өзіне қайтарып алды. Осы атақты Нұр Малена алғаш рет 2001-ші жылы 2 мың 700 сары шаянмен 30 күн отырғаны үшін иеленген еді. Алайда, одан кейін Тайландық әйел “Сары шаян патшайымы” атағын жеңіп алған болатын. Енді міне Нұр Малена жоғалтқан атағын табандылықпен қайтарып ала алды. Әлгі шыны ыдыс сол күндері сауда орталығына көрмеге қойылған екен. Төрт те үш метрлік осы шағын шыны ыдысында 36 күн бойы шаяндармен отырған оның ерлігін сол күндері келушілер қызықтаған еді. Әлгі уақыт аралығында Нұр Маленаны шаяндар 17 рет шаққан екен. Әсіресе оның бірі аса ауыр тиіп, ержүрек әйел есінен тана жаздаған. Ендігі оның арманы- анасының жанында болып, ұйқысын әбден қандыру. Ол күніне төрт сағаттан артық ұйықтай алмаған болатын. Себебі, өрмекші тектес жәндіктердің у бөлу қабылеті түнге қарай тіпті асқындап кетеді екен. Ресми тұлғалардың айтуынша Нұр Маленаның осы ерлікке толы күндері түсірілген бейнетаспалар Әлемдік Гинес рекордтар кітабынаң куәлігіне ие болу үшін сонда жіберілген.

Ғалымдар Еуропадағы ең ірі саңырауқұлақты тапты. Швейцариялық ғалымдар бір мың жылдық тарихы бар, үлкендігі жағынан 100 шақты футбол алаңындай жерді алып жатқан Еуропадағы аса ірі саңырауқұлақты тапты. Жеуге жарамды бұл өсімдік 800-де 500 метрлік аумақты алып жатыр екен. Оны ғалымдар елдің оңтүстік-шығысындағы Ұлттық парктен тапқан боп шықты. Шикілей жегенде ас қорыту жүйелерін тазалайтын тәтті саңырауқұлақтың қасиетін ежелгі римдіктер алғаш ашқан болатын. Орман шаруашылығы бойынша Швейцарияның зерттеушілер қауымдастығының айтуынша, бұл өсімдік әлем бойынша Құрама Штаттарындағы 600 тонналық саңырауқұлақтан кейінгі екінші орындағы ірісі болып шықты. Америкадағы аталған өсімдік 9 шаршы километрді алып жатыр екен. Қытайда басы таз еразаматтар үшін арнайы клуб ашылған.

Қытайдың Шиңхуа агенттігі таяуда таң қаларлық мәлімет жариялады. Шамамен 25 және 35 жас аралығындағы Қытай ер азаматтарының 40 пайызы таздықтан запа шегуде екен. Ғалымдар бұл көрініс үшін аса жылдамдықпен өтіп жатқан өмір ағымын және осыған байланысты жүйкенің шамадан тыс ширығыста болуын себеп ретінде келтіруде. Шашы сыпырылып қалған 150 миллиондай Қытай азаматтары өздерін қолайсыз сезінсе керек. 35 жасқа дейінгі басы таз азаматтар өмірлік сүйіктісін таңдау және қолайлы жұмыс табу ісінде біраз қиындықтарға кезігіп жатады екен. Осы жағдайларды ескере отырып, сондай-ақ әлгіндей замандастарына жаны ашыған кейбір іскер азаматтар елдің оңтүстігіндегі Гуанжоу қаласында шашы енді түсе бастағандар мен таз адамдарға арналған алғашқы Қытай клубын ашқан болатын. Онда келушілерге жайлы демалыс жағдайында осы ауру түрінен қалай емделуге болатыны жөніндегі медициналық кеңестер беріліп, дәрі-дәрмектер көрсетілетін көрінеді. “Әлемде талай қызық бар”, деген сөз осындай оқиғаларға орай айтылса керек.
XS
SM
MD
LG