Accessibility links

«Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты мемлекеттік қаржының қалай жоғалғанын тексеру үшін ресейлік – қазақстандық арнайы комиссия құрылды


Осыдан бір ай бұрын Қазақстан Парламентінің депутаттары Серікболсын Әбділдин, Төлен Тоқтасынов және Зәуреш Батталовалар Ресей Президенті Владимир Путинге «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты Үндеу жариялаған болатын. Сол Үндеуге қатысты Ресей Федерациясы Есеп комитетінің төрағасы Сергей Степашиннен жауап келген.

Онда Ресей Президенті Владимир Путиннің тапсырмасымен арнайы ресейлік – қазақстандық комиссия құрылғандығы туралы хабарланған. Ресейдің есеп комитеті төрағасының айтуына қарағанда, жылдың аяғында комиссияның қорытындысы жарияланатын көрінеді.



Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Төлен Тоқтасынов Республиканың Бас прокуроры Рашид Түсіпбековке жолдаған депутаттық сауалында «Қаржы министрі Арман Дунаев пен Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетов Ресей Федерациясы Байқоңырды жалға алу барысында 1999 жылғы қарыздарын төлеу кезінде Қазақстан бюджеті ешқандай шығын көрген жоқ деп мәлімдегенін айтты. Алайда Қазақстанның бас қаржыгері мен экономисі Ресейден алынатын техниканы тасымалдау үшін компанияларға тендрді Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясының заң талаптарына сай өткізгенін тек ауызша ғана мәлімдеді», – дейді Мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов.



Төлен Тоқтасынов Қаржы министрі мен Экономика министрінің сөздерін құжаттар арқылы тексеруге республиканың барлық құқық қорғау органдары мен есеп комитетіне сауал жіберіп отыр. Онда 1999 жылы «Байқоңырды» жалға бергені үшін Ресейден келген қаржының құжаттарын тексеру жөнінде және Ресей мен Қазақстан тарабынан құрылған комиссияның құрамына қазақстандықтардан кімдердің кіргенін анықтап беру жөнінде сауал көтеріп отыр.



Осыдан бірер ай бұрын Ресей думасының депутаттары Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайға «Байқоңырды» жалға алғанымыз үшін 1999 жылғы қарызды жабуға 2001 жылы Ресей бюджетінен 65 млн. доллар қаржы бөлінгендігін, алайда Қазақстан тарапы ол қаржының 19 млн. долларына ғана Ресейден техника сатып алғандығын, қалған қаржының қайда кеткенін тексеру жөнінде хат жолдап, мәселе көтерген болатын. Осы мәселеге орай Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай «Азаттық» радиосына берген сұхбатында істі тексеру үшін бас прокуратураға хат жолдағанын айтқан.

«Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты мәселеге орай Республиканың бас прокуратурасына хабарласқанымызда, баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенұлы «Бұл іске қатысты бас прокуратура жан- жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп жауап берді.



Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серікбай Әлібаевтың пікірінше, Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл іске түбегейлі тексеру жүргізбейді. Өйткені ол іске Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің қатысы бар,– дейді.



Ал Экономика министрі мен Қаржы министрінің сөздеріне байланысты Серікбай Әлібаевтың ойынша, құжат түрінде 65 млн.ға Ресейден техникалық жабықтар сатып алдық деп жазып, толтырып беру түк емес.



Естеріңізде болса, қыркүйек айының басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің есеп комитетінің төрағасы Сергей Степашинді қабылдаған болатын.

Қазақстан басшысының қабылдауынан шыққаннан кейін Сергей Степашин журналистерге берген сұхбатында «Байқоңыр» ғарыш айлағы төңірегіндегі үлкен қаржылық қылмыс төңірегінде сөз болғанын, бұл мәселеге байланысты Ресей тарапы арнайы комиссия құрғандығын енді бұған Қазақстан тарапы да қосылып, қол қою керек деп мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG