Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09 - 30 - 2004


Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдардың бетінде Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысын құрушылардың бірі, түрмеге қамалып кейіннен бостандыққа шыққан кәсіпкер Мұхтар Әблязовтың өзіне қастандық әрекеті жасалуы мүмкін екендігі туралы мәлімдемесі жарық көріпті. Сондай-ақ он тоығызыншы қыркүйек күні өткен сайлау тақырыбын талқылау да мерзімді басылымдарда жалғасын тауып келеді.

“Азаттық” радиосының тыңдармандары. Ең алдымен тыңдармандарымыздың назарын кейбір тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мына бір жаңалықтан бастағанды жөн санап отырмыз. Атап айтқанда кезінде түрмеде отырып, кейіннен бостандыққа шығарылған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғаласын құрған саясаткерлердің бірі Мұхтар Әблязов, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме жасапты. Мұхтар Әблязовтың мәлімдемесі бейсенбі күнгі “Время” және “Сөз” басылымдарында жарық көрді.

“Сөз” басылымы Мұхтар Әблязовтың мәлімдемесін “Әблязовқа қастандық” деген атпен газеттің бірінші бетіне беріпті. Аталмыш мәлімдемесінде Мұхтар Әблязов, бостандыққа шықаннан кейін, ресейлік әріптестері арқылы, әлемдік деңгейдегі көпқабатты үйлер салуға қатысты бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қол жеткізгендігін тілге тиек етіпті. Мұхтар Әблязовтың айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын Еуропада жүргенде Қазақстаннан оған біреулер телефон шалып, Мәскеуге қайтып оралуының қауіпті екендігін ескерткен. Өз мәлімдемесінде Мұхтар Әблязов Қазақстандағы беделді адамдар мен саясаткерлерден лауазымы жоғары бір шенеуніктің Мұхтар Әблязовтың көзін құртуға тапсырма бергендігі туралы ақпар алғандығы туралы хабарлапты. Мәлімдемеде сондай-ақ өткен аптада белгісіз біреулердің оның кеңсесінің қайда екендігін анықтауға әрекет жасағандығы және құпиы түрде фото мен бейнаспаға түсіргендігі айтылыпты. Мұның бәрін де Мұхтар Әблязов соңғы кездердегі Қазақстандағы саяси ахуалдың күрделеніп бара жатқандығымен байланыстырып өтіпті. Мұхтар Әблязовтың мәлімдеуінше, қазақстандық лауазымы жоғары шенеуніктер Мұхтар Әблязов келешекте Қазақстандағы саяси жағдайға ықпал жасай алуы мүмкін деген пиғылмен қастандық әрекетін ұйымдастыруы ықтимал.

“Время” басылымы сондай-ақ “Ақ жол” партиясының басшылары Ораз Жандосов, Әлихан Бәйменов, Жаннат Ертілесова, Болат Әбілов және Алтынбек Сәрсенбаевтың құқық қорғау орындарының қырағы бақылауына түскендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, “Ақ жол” партиясының басшыларын үнемі бақылауға алып және бейнатаспаға түсіріп жүрген құқық қорғау орынының екі адамы қолға түсіп қалған. Бұл туралы тиісті орындарға хабарланғанымен, оқиға орын алған жерге ешкім де келмеген. Бірнеше күн өткеннен кейін Алматы полициясы “Ақ жол” партиясы басшыларының кесірінен, екі қылмыскерді ұстауға қатысты операцияның жүзеге аспай қалғандығы туралы ақпар таратқан. “Время” газетінің хабарлауынша, осы орын алған оқиғаға қатысты құқық қорғау орындары мардымды түсініктеме бере алмаған. Ал, Адам құқын қорғау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис “Время” газетіне берген түсініктемесінде, 1993 жылдан бері ішкі істер басқармасында қоғаммен байланыс жөніндегі арнайы бөлімдердің ашылғандығын және олардың билікке бағынбайтын қоғамдық және саяси ұйымдарды бақылаумен айналысатындығын тілге тиек етіпті.

Егер де “Время” газетінде “Ақ жол” партиясы басшыларының құқық қорғау орындарының қырағы бақылауында жүргендігі хабарланса, “Жас алаш” газетінің бейсенбілік санында халық қаһарманы Қасым Қайсенов, академик Төрегелді Шарманов, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов және академик-дәрігер Камал Ормантаевтың екінші турға өткен, “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов пен ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке дауыс беруге шақырған үндеу хаты жарияланыпты. Бұл үндеу хатты жазушылардың айтуынша, қазақ ұлтының атын айдай әлемге паш еткен тұңғыш ғарышкер батыр Тоқтар Әубәкіровты жалғыз мандатқа телміртіп қою ұлттыққа сын болып есептеледі. Сондай-ақ үндеу хатты жазушылар сайлауға ат қосқан “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Ораз Жандосовтың үлкен лауазымды қызметтерді абыройлы атқарғанына тоқталып өтіпті.

“Сөз” газетінің 30 қыркүйек күнгі санында жарық көрген журналист Шәріп Құрақбаевтың мақаласында да сайлау тақырыбы кеңінен сөз болыпты. Шәріп Құрақбаевтың айтуынша, сайлау әділетсіз өткендіктен Қазақстан үлкен қатер алдында тұр. Оның себебін Шәріп Құрақбаев ендігі уақытты халықтың билікке деген наразылығының күшей түсетіндігімен байланыстырып өтіпті. Шәріп Құрақбаевтың пайымдауынша, бұл теке-тірестің соңы қантөгіске, тіпті, төңкеріске апарып соқтыруы ықтимал. Мақала авторы, егер Қазақстан сондай жағдайға жете қалса, оған тек Нұрсұлтан Назарбав өз Конституциясын, өз заңдарын мойындамауымен кінәлі болады деп есептейді.

“Литер” басылымы болса, мәжіліс депутаттарының Парламенттің бірінші отырысында “Ақ жол” демократиялық партиясының “Өткен сайлауды заңсыз” деп тану туралы жасаған мәлімдемесін талқылаға салғандығын хабарлапты. Мәжіліс депутаты Иван Чиркалин “Ақ жол” ылғи да лас технологияны пайдаланумен келеді деп есептейді. Оның айтуынша, Петрпавл қаласынан депутаттыққа түсетін кезде, “Ақ жол” партиясының саясатын жүргізетін “Жас алаш” басылымы оны орысшыл ретінде көрсетуге тырысып баққан.

“Ана тілі” газетіне берген сұхбатында кәсіпкер Нұртай Сәбильянов сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жеткендігін баяндапты. Нұртай Сәбилянов белгілі оппозиционер Төлен Тоқтасыновпен салыстырғанда үгіт-насихатының кемшін түскендігін, алайда соған қарамастан халықтың басым көпшілігінің оған сенім білдіріп дауыс бергендігін тілге тиек етіпті. Нұртай Сәбильянов сайлау әділ де ашық өтті деп санайды екен.
XS
SM
MD
LG