Accessibility links

Қазанның 1-і Дүниежүзілік қарттар күні

  • Айнагүл САҒДИ

Астанадағы мүгедектер мен қарттар үйінің құрылғанына биыл 15 жыл толды. Мұнда қариялар үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Күніне 4 мезгіл ас беріледі, денсаулықтары дәрігерлердің бақылауында. Десек те, сол қарттар үйінде тұрып жатқан 250 адамның тағдыры әрқилы, олардың арасында туған балаларынан қыспақ көрген жандар да кездеседі. 250 қарияның 15-і Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, 32-і тың игеруге қатысқандар және 70-тен астамы мүгедектер. «Олар мұнда түрлі жағдайларда келіп түсіп жатыр», - дейді қарттар үйінің педагог психологы Еркін Дәуешов. «Мұнда өз үйлерінде жақсы тұрған адамдар да амалсыздан келіп жатады. Алғашқы келген уақытта жұмаққа келгендей болады. Біраз тұрғаннан кейін әр кісінің өз ерекшеліктері бар. Мысалы, ашығын айтар болсақ біраз адамдар шарапқа салынып кеткендер, олар алғашқы бетте өздерін ұстағанмен кейіннен ішкі тәртіпті бұзуға икемді болады. Ондай кісілермен жұмыстар жүргізіледі, үнемі бақылауда. Мұнда тұрып жатқан қарттар ай сайын алатын зейнетақыларымен қоса, кейбіреуі жұмыс істеп те ақша табады. Жалақыны үкіметтен алмайды, демеушілерден түскен ақшаның белгілі бір пайызы үлестіріледі», - дейді Еркін Дәуешов.

Дүйсенбай Өтегенұлының осында тұрып жатқанына 6 жыл болыпты. Қызы мен күйеу баласының қыспағына шыдамаған Дүйсенбай ақсақал қарттар үйінде тұруға мәжбүр болған. «Күйеу бала ішетін, жұмыс істемейтін, көз көріп отырған соң қалай айтпайсың. Бір күні «сен неге ішесің» деп айтып едім, содан бастап мені шыдатпады, оған қызым да қосылды. Содан осында кетейін деп, арыз жаздым. Үйдегі жағдайымды тексереп көрмек болғандар қызымнан сұрағанда, қызым «кетсін, керегі жоқ», - деді. Содан осында тұрамын. Қызым маған келіп тұрмайды. Өзім анда-санда немерелерімді сағынғанда барып тұрамын, алайда қызым мен барғанда қарамайды да, амандаспайды да», - дейді Дүйсенбай Өтегенұлы. Ал қарттар үйін 3 жыл өзіне баспана еткен Евдокия Ивановнаның айтуынша бұл жерге туған қызы Светлана әкеп тапсырыпты. «Менімен бірге тұрасың деп өз үйін сатқызып, ақыры қарттар үйіне өткізді. Бір нәрсені дұрыс айтпадым ба, білмеймін, мені осында әкелді, маған келген де емес», - дейді Евдокия Ивановна.

3 жыл бойы қарттар үйінде тұрып жатқан Шекеркүл Әбдреева жалғыз қызына салмақ салмайын деген оймен осында келген екен. «Әрине өз үйімде тұрғанға не жетсін, бірақ амал бар ма», - дейді Шекеркүл Әбдреева. Ол «Біз де қоғамның толыққанды азаматы ретінде жұртшылықпен емін-еркін араласып тұрғымыз келеді, бізге де тек мейрам күндерінде ғана емес, басқа уақыттарда да көңіл бөлініп тұрса. Мұндағы жағдайымыз да жаман емес, алайда бізде де далада қалған жоқпыз деген үміт пайда болады», - деген ойын айтты.

Мұнда тұратындардың 80-ге жуығы көзі көрмейтін, сал ауруына ұшыраған, арбамен жүретін мүгедектер, оларға арнайы жағдай керек. Бастапқы салынған жоба бойынша бұл жағы ескерілмеген. Сондықтан жасы келген қариялар мен әр жастағы мүгедек жандар бір баспанада тұрып жатыр. Ал педагог психолог Еркін Дәуешовтің айтуынша, мүгедектер үйі мен ардагерлер үйінің бөлек болғаны жөн. Бұл мәселе біраздан бері қойылып келе жатқанымен, шешімін таппай отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG