Accessibility links

Қазақстан басшысы мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрылымдау жарлығына қол қойды


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік жүйесін қайта құрылымдау туралы жарлығына сәйкес, индустрия және сауда, энергетика және минералды ресурстар, білім және ғылым, еңбек министрліктерінің басқару саласы кеңейіп отыр. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің, бәсекелестікті қорғау саласын индустрия және сауда министрлігінің қарамағына беріп отыр. Ал көші-қон және демография жөніндегі агенттігі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамына енді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу агенттігі мен кедендік бақылау жөніндегі агенттікті Қаржы министрлігіне қосса, аэро-ғарыш комитетін Білім және ғылым министрлігіне берді.

Мемлекеттік басқару саласындағы құрылымдық өзгерістердің жиі орын алуына Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев қарсы. Өйткені оның айтуынша, жиі өзгерістер сапалы жұмыс істеуге кедергі келтіреді.



Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің бәсекелестікті қорғау саласын Индустрия және сауда министрлігіне енгізу дұрыс емес дейді, – Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев. Оның пікірінше, Үкімет керісінше бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіреді. «Бас прокуратураны алсақ, оны Үкіметке беруге бола ма, онда заңды бұзып отырған шенеуніктер оны қалай басқарушы еді. Сол сияқты экономиканың қылмыс-былықтары Үкіметтің ішінде болмауы керек. Ал бұл жолы бәсекелестікті дамытуды министрлікке беріп отыр. Бір министр өзі шешеді, өзі бақылайды. Бұл ешкіні бақшаға жібергенге ұқсайды», – дейді Серікбай Әлібаев.



Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Уалихан Қалижанның ойынша, мемлекеттік басқару жүйесі де қоғамның даму үрдісіне ілесіп отыру қажет.



Көптеген жылдар бойында спорт сарашысы қызметін атқарған Несіп Жүнсібаев Спорт және туризм агенттігінің Ақпарат және мәдениет министрлігінің құрамына кіргізуін үлкен қателік деп санайды. «Үш минитсрліктің мазмұны да келмейді. Мәдениет өз алдына бөлек, ақпарат саласы мүлдем бөлек, осыларға үшінші қылып, спорт саласын тіркеп қоюы үлкен қателік деп санаймын», – дейді Несіп Жүнісбаев.



Несіп Жүнісбаевтың ойынша, мемлекеттік басшылар Қазақстанның спорт саласына көңіл аударып отырған жоқ. «Спорт саласын осымен жетінші, әлде сегізінші рет өзгертіп отыр. Біресе анда қосады, біресе мұнда қосады. Бұл салаға менің ойымша, мемлекет басшылары шекеден қарайтын секілді. Олимпиадаға барып, спортшыларымыз бірдеңе алып келсе, беттерінен сүйіп, ордендерін тапсырады. Былайғы уақытта спортқа көңіл онша бөлініп отырған жоқ секілді, – дейді Несіп Жүнісбаев.



Ал Мәжіліс спикерінің орынбасары Мұхамбет Көпеевтің Төтенше жағдайлар жөніндегі министр болып тағайындалуына оның әріптесі болған депутат Серікбай Әлібаев: «Ол кісі сайлаудың нәтижесіне риза болған жоқ. Көп былықтарды біліп отыр. Оны айтып отыр. Сондықтан менің ойымша, ол кісіні жеңілдетіп, көп мәселені көтергізбей әдейі тағайындап отыр деп есептеймін», – дейді.



Ал Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болса, мемлекеттік басқару саласындағы құрылымдық өзгерістер бірінші желтоқсанға дейін толық аяқталып бітуге тиіс деп, Үкімет мүшелеріне тапсырма беріп отыр.
XS
SM
MD
LG