Accessibility links

Мұғалімдердің мерекесі атап өтілді

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстанда қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіледі. Биылғы мереке қазанның үшіне келіп отыр. Мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтаған Астана қалалық білім беру департаментінің басшысы Әмірхан Рахымжанов алғашқы сөзді мұғалімдер үшін қуанышты жаңалықпен бастады. Оның айтуынша, қаладағы білім беру мекемелерінің барлық мұғалімдері ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхаметжанов 25 мұғалімге пәтер кілттерін табыс етті. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға.

Астанада 5 мыңнан аса мұғалімдер бар екен. Олардың көпшілігі үйсіз жүргендер. Солардың бірі, 26- орта мектебінің мұғалімі Нұржан Қаратаев пәтерден үмітті екендігін айтады. «Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлінеді деп жатыр. Осыдан кейін пәтерге ие болатын мұғалімдердің саны көбейсе, жағдай жасалса онда біздің өне бойы айтып жүрген ең негізгі проблемамыз шешіледі деп ойлаймын. Өзім Астанаға келгеніме 6-шы жылға кетіп барады, әлі пәтерім жоқ. Арманымыз үйлі-күйлі болу, болашақтан үміттеніп отырмыз», - дейді Нұржан Қаратаев.

10- орта мектептің мұғалімі Гүлнар Балтабайқызы да «Баспана жайы мұғалімдер үшін басты мәселе. Қазір түрлі жолдары ұсынылып жатыр, алайда қазіргі кезде мұғалімдердің жалақысына несиемен пәтер келмейді»,-- дейді.

Соңғы жылдары білім саласына көптеген өзгерістер енгізілді. 12 жылдық білім беру жүйесі, бірыңғай ұлттық тест, қазақ, орыс тілдерімен қоса, кей мектептерде ағылшын тілінде де дәріс беру де тәжірибеге енгізіле бастады. Осыған байланысты мұғалімдер түрлі пікір білдіруде. 26- орта мектебінің мұғалімі Нұржан Қаратаев мектептерде 3 тілде дәріс беруге әлі ертерек деп есептейді «Ана тіліміз қажетті қолдану аясына жете алған жоқ. Сондықтан өзіміздің ана тілімізді жақсылап меңгеріп алмай, басқа тілге көшудің өзі ойландыратын жағдай. Жасыратын ештеңесі жоқ, мемлекеттік тіл шет тілінің көлеңкесінде қалып қоя ма деген қауіп бар. Ана тілінің қолданылу аясы кеңею үшін мектептерде көп сағат бөліну керек және сабақ топқа бөлініп оқытылу керек. Негізі бұл реформа әлі піскен жоқ, оны жүзеге асырудың кезеңі келген жоқ», - деп есептейді Нұржан Қаратаев.

Ал ағылшын тілінің маманы Дана Ахметбекова «Осы енгізілген жүйе арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесі арта түспесе, кемімейді. Нағыз уақытқа сай дұрыс қойылған талап. Еліміз егемендік алып, халықаралық аренаға шығып жатыр. Келеш ұрпақтарымыз үш тілде сөйлегендері дұрыс деп ойлаймын», - дейді.

Биылғы енгізілген Ұлттық бірыңғай тест арқылы үлкен мүмкіндктерге жол ашылып отыр, - деп есептейді Астана қалалық білім беру департаментінің бас маманы Өмірхан Данияров. «Кезінде біз тұманды емтиханға баратын едік, ал қазір оқушыларға нақты дайындалу үшін қандай пән болса да белгіленген сұрақтар бар», - дейді.

Ал 10-орта мектептің мұғалімі Гүлнар Балтабайқызы «Емтиханды тест жүйесімен тапсыру балалардың ойлау қабілетіне нұқсан келтіруі мүмкін. Өйткені балалар бір ғана ұғымға түйінделіп қалатын сияқты. Негізінен балаларға еркіндік берген дұрыс», - дейді.

«Қоғамды, оның ішінде жастарды тәрбиелеп, толыққанды азамат ретінде қалыптасуына мұғалімдердің қосар үлесі зор. Сондықтан мұғалімдерге деген құрмет артып, биылғы мереке қарсаңында жасалып отырған сый дәстүрге айналса, әлеуметтік жағдайдың дұрысталуына жағдай жасалып жатса құба-құп, дейді Гүлнар Балтабайқызы.
XS
SM
MD
LG