Accessibility links

АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Ричард Баучер Қазақстан билігін сайлаудың соңғы турын еркін, әділ және ашық өтуін қамтамасыз етуге шақырған мәлімдеме таратқан

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазанның 3-і күні Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттығына 22 окургте қайта сайлау өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 19-ында Қазақстанда Парламент Мәжілісі депуттығына сайлаудың бірінші туры өткен болатын.

Саяси науқаннан соң Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының /ЕҚЫҰ/ сайлауды бақылау жөніндегі миссиясы парламент Мәжілісіне сайлау ЕҚЫҰ-ның және Еуропа Кеңесінің демократиялық сайлау өткізу туралы стандарттарына сәйкес өтпеді деп мәлімдеген еді.

Енді АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Ричард Баучер Қазақстан билігін сайлаудың соңғы турын еркін, әділ және ашық өтуін қамтамасыз етуге шақырған мәлімдеме таратып отыр.

Ричард Баучер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымның бақылаушылар миссиясының сайлау барысы халықаралық стандарттарға сай емес деген пікірлерімен келісетінін атапты. Сондай-ақ сайлау туралы заңның бірқатар ережелері тиімді іске асырылған жоқ деп көрсетіпті. Бірақ сонымен бірге алдыңғы сайлауларға қарағанда бұл жолғы сайлаудың кейбір аспектілері жақсарғанын мойындаймыз дей келе, оппозициялық партиялардың тіркелуін, дауыс беру жәшіктерінің мөлдірлігін және сайлау сайлау заңына енгізілген өзгерістерді қолдауға болады депті.

Осы мәлімдемеге орай айтқан пікірінде «Ақжол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов сайлау туралы заңның жақсарғанын бұрын да мәлімдегендерін, алайда, заңның көптеген нормалары сайлау нәтижесін санағанда орындалмады. Мысалы, таңертеңгі сегізде барлық учаскелерде сайлау нәтижесі ілініп, олардың хаттамаларының бір-бір данасы не көшірмесі бүкіл бақылаушылар немесе сол комиссиясының партиялардан болған мүшелерінде болуы керек еді ондай болған жоқ. Соңында қанша күнге созылып барып, нәтижелері шығарылды, дейді А.Бәйменов.

«Отан» партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Қайролла Ережепов сайлау туралы заңға пікірім оң, дейді.

Ал, «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиевтің пікірінше, сайлау туралы заңның орындалуы бұрынғыдан да жаман болып шыққан.

АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Ричард Баучердің жоғарыда аталған мәлімдемесінде Қазақстан үкіметін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының және басқа халықаралық ұйымдардан айтылған ескерптелерге, сондай-ақ сайлау заңын бұзуға байланысты шағымдарға маңыз аударуға шақырыпты.
XS
SM
MD
LG