Accessibility links

Д.Көшім: «Мәжіліс сайлауының 2-ші кезеңіндегі заң бұзушылықтар алдыңғысынан да асып түсті»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Жексенбі, қазанның 3-і күні Қазақстан республикасы Парламенті мәжілісіне депутаттар сайлауының 2-ші кезеңі болып өтті. Бұл жолғы бәсекеде мәжіліс мандаты үшін 44 үміткер бақ сынауда. Кейбір сарапшылар сайлаушылар белсенділігінің алғашқы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғандығын айтып отыр. Осы мәліметті орталық сайлау комиссиясының сағат сайын таратқан ақпараттары да растай түсуде. Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім: «2-ші кезеңде орын алған заң бұзушылықтар алғашқыға қарағанда тіптен көп» дейді.

Қазанның 3-іне белгіленген 2-ші кезеңде қайта сайлауға түскен 44 үміткердің 17-сі өзін-өзі ұсынғандар, 15-і «Отан» саяси партиясы, 5-еуі «АИСТ» сайлауалды блогы, 2-еуі «Ақжол», қалған 3-еуі «Асар», Қазақстан патриоттар және коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы сайлауалды блогының мүшелері. Мәжіліс сайлауының алғашқы турын бақылау барысында көптеген заң бұзушылықтар болды деп қорытынды жасаған республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім: «2-ші кезеңде сайлаушылар аса белсенділік танытпады» деп отыр. «Бұл ретте билік өкілдері жабық мекемелер, яғни аурухана, мектеп сияқты орындарда жоғары белсенділік танытуға күш салуда. Ол әрекеттерінің аяғы тағы да заң бұзушылыққа ұрындырып жатыр» дейді Дос Көшім:

- Мен өзім жаңа 3 сағат бойы Қазақстанның ішкі істер академиясында болып келдім. Онда 700 адам дауыс берген. Солардың бәрінің де дауысы есептелмейтін болды. Себебі: сайлау комиссиясының өкілдері бюллетендерге қол қоймаған. Біздің бақылаушы қол қою керектігін таңертең келген сәтте айтыпты. Оны ешкім тыңдамаған. Әрі-беріден соң, қайталап талап ете бергеннен кейін оны рапорт жазып шығарып жіберіпті. Сосын мен бардым. Менімен бірге халықаралық бақылаушы барды. Сөйткенде сайлау комиссиясының төрағасы, подполковник жаңағы халықаралық бақылаушыға қол көтерді. Сосын барып біз қалалық сайлау комиссиясының мүшесін шақырып алып, әлгі кісіге «заң бойынша бюллетенге қол қойылуы керектігін» әзер түсіндірдік. Енді, кешке жақын дауыстарды санаған кезде, әлгі 700 азаматтың дауысы есепке алынбайтын болады.

Орталық сайлау комиссиясының сайлаудың 2-ші кезеңі өтіп жатқан 3-ші қазан күні, сағат түскі 1-де таратқан мәліметіне сүйенсек, дәл осы уақытқа шейін республика азаматтарының дауыс беруге тиіс 708 мың 481-інің тек 21 мың 385-і ғана өз таңдауын жасаған. Бұл барлық сайлаушының небары 3-пайызын ғана құрайтын көрсеткіш екенін айта кету керек. Біз осы мақсатта «сіз қайта дауыс беруге бардыңыз ба?» деген сауалмен Алматы жұртшылығына микрафон ұсынған едік:

-

Мен білмеймін бүгін сайлау болып жатқанын. Алғашқысына да барған жоқпын. Жалпы өз басым сайлауға қатыспаймын. Өйткені, ешкімге сенбеймін.

-

Ия, естідім. Міне, қазір ғана дауыс беріп шықтым.

-

Екінші тур дейсіз бе? Біз әуелім алғашқысына қатысқан жоқпыз. Ешкім айтқан жоқ. Тіпті кімдердің депутаттыққа таласып жатқанынан да хабарым жоқ.

-

Дауыс беріп келе жатырмын. Енді «сайлауға келіңдер» деген хабарландыруларды күнде көріп жүрген жоқпыз ба.

-

Жоқ. Естіген де жоқпын, барған да жоқпын сайлауға.

Қазақстан бойынша 22 сайлау округінде қайта сайлау өтіп жатса, осының 3-еуі Алматы қаласына тиесілі болды. Біз азаматтардың қалай дауыс беріп жатқандығын, жалпы сайлау шарасы қалай өтіп жатыр деген мәселелерді саралау мақсатымен Алматы қаласындағы нөмірі 99-шы сайлау учаскесінде болған едік. «Біздің учаскеде 2668 азамат дауыс беруге тиіс болатын, әзірге соның 77-сі ғана келіп дауыс берді» дейді сайлау учаскесінің мүшесі Әлия Сағындықова:

- Сайлау жақсы өтіп жатыр. Ешқандай қиындық жоқ. Бәрі жақсы. Бір айта кетер жайт – сайлаушылар өте аз келіп жатыр. Бүгін қала күні, мейрам ғой. Сосын шығар. Және кейбір азаматтар сайлауға онша мән бермейді. Бұл жолы үміткерлер жарнаманы аз жүргізген сияқты. Алдыңғы сайлауда біз азаматтарға шақырту қағаздарын жіберіп, біраз жұмыстар атқарғанбыз. Бұл жолы жоғарыдан ешқандай нұсқау болған жоқ.

Ал республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім: «қайта сайлау барысында орын алған заң бұзушылықтар алдыңғы 1-ші кезеңдегі заң бұзушылықтардан да асып кетті» дейді:

- Бұл сайлауда заң баптарын сақтап отырған сайлау комиссияларын, болмаса, саяси әдептілік сақтап отырған, әсіре биліктің қолдауына ие кандидаттарды көрген жоқпыз. Шындығында бұл сайлау Қазақстанның тарихындағы ең бір қиын, ең бір ауыр сайлау болатын түрі бар. 19-шы қыркүйектегі алғашқы кезеңмен салыстырғанда, мұнда адамдар аз келіп жатса да, орын алып жатқан заңсыздықтардың жиілігі мен көлемі өте үлкен.

Мәжіліс сайлауының 2-ші кезеңінің нәтижелері туралы алдын-ала мәліметтерді Орталық сайлау комиссиясы жексенбі, қазанның 3-і күні Астана уақытымен сағат 23-те жария етеміз деп отыр.
XS
SM
MD
LG