Accessibility links

Алматы қаласында жас ақындардың жыр мүшайрасы болып өтті

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сейсенбі, қазанның 5-і күні Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында «Тілім деп соқса жүрегім» атты жыр мүшайрасы болып өтті. Академия басшылығының айтуынша, биыл оқуға қабылданған жастар арасында өлеңге құмарлары өте көп екен. Жыр мүшайрасында 15 студент өз өнерлерін ортаға салды. Оларға аға буын өкілдері ақ жол тілеп, мүшайра соңы ән-думанға ұласты.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ауласы жыр мүшайрасын тамашалауға келген қауымға лық толды. Мүшайраның салтанатты ашылуынан кейін сөз өнер академиясының проректоры, Сақыпжамал Ұзақбаеваға берілді:

- Мен сіздердің барлықтарыңызды Қазақстан халықтарының тіл мерекесімен құттықтаймын. Тіл деген ең басты мәселе. Ана тілін білмейтін адам болмауы керек. Білмейтін адамдардың ана тілін үйренуі үлкен, ұлы іс дер едім. Расул Ғамзатов: «Егер сіздің ұлтыңыздың тілі ертең жоғалатын болады десе, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деген еді.

Сақыпжамал Ұзақбаева оқу ордасына биыл қабылданған студенттер арасында ақынжанды жастардың көп болғандығына тоқталып өтті. Осыған орай академияда жаңадан тіл және әдебиет кафедрасы ашылыпты. Жырсүйер қауым алдымен академияның 1-ші курс студенті Көксенбек Хамзаның өнеріне қанық болды:

-

Ақ сәулем, жаным, тұнығым -

Мен көзіңде шуақты кірпігіңмін -

Үйірілген айбыны толқынымын -

Сүп-сүйкімді бетіңнің шұңқырымын. -

Көкірегіңнен көтерілген жалын-деммін -

Сендегі нәзік қана күрсінудің -

Сұқтанып әлі ешкім қол салмаған -

Қос алмаңның кеудеңде бүршігімін -

Әлі ешкім баспаған бір пернесін -

Нәп-нәзік сезіміңнің бір қылымын...

Ал келесі бір студент Мұқан Мереке де махаббат тақырыбына жыр жазыпты:

-

Үзіліп түскен жапырақ, «сүйем» деп сыбдыр қақса егер -

Иіліп тұрған үнсіз бақ, сүйсініп қарап тұрса егер -

Көз алмай тұрған мен деп біл...

Жыр мүшайрасында бас-аяғы 15 жас ақын өлең оқыды. Әрқайсысының көтерген мәселесі, айтар ойы әрқилы болып шықты. Академияның 2-ші курс студенті Арғынбек Меденұлы өзінің табиғатты суреттеуге шебер екендігін аңғартты:



Қайың екен арудайын ақ балтыр

Жәйіл екен біреу оны шапқалы тұр

Дайын екен көздің жасы аққалы тұр

Уайым екен ей ағайын, тоқтай тұр...

Жас ақындардың «тілім деп соқса жүрегім» атты жыр мүшайрасына аға буын өкілдері де келді. Философия ғылымдарының докторы, ақын Жақан Молдабеков: «кейінгі толқынның талантына қарап, марқайып қаласың» дейді:

- Екі деңгейде менің көңілімнен шығып отыр. 1-шіден өздерінің таланттарыменен, 2-шіден алған тақырыптарының мазмұны және оны нәшіне келтіріп оқып жатқан өнерінің деңгейіне байланысты.

Тіл апталығы аясында өткен мүшайрада өлең оқыған студенттердің барлығына да бағалы сыйлықтар табыс етілді.
XS
SM
MD
LG