Accessibility links

Қазақстан үкіметі “Теңізшевройлға” 2,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде салық төлету үшін келіссөз жүргізуде.

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

5 қазанда Қазақстанның мұнайы-газ мәселелеріне арналған “КИОГЕ -2004” атты халықаралық конференция мен көрме өз жұмысын бастады. Әлемнің 30 елінен 400 шетелдік компания қатысып отырған бұл шара барысында “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин “Азаттық” радиосына бұрын ешқандай ақпарат берілмей келген Қазақстан үкіметі мен “Теңізшевройл” компаниясының арасындағы салық төлеміне қатысты жайға орай өз пікірін білдірді.

Қазақстанның мұнайы-газ мәселелеріне арналған биылғы он екінші халықаралық конференция мен көрменің де басты мақсаты шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасу дейді шараны ұйымдастырушылар. Дегенмен соңғы уақыттарда Қазақстан үкіметі мен шетелдік мұнай алпауыттарының арасында қандайда бір жағдайлардың орын алып отырғанын “Теңізшевройл” компаниясының акционерлерінің бірі “Лукойл” өкілдері аңғартқан болатын. Нақтырақ айтқанда, “Лукойл” компаниясы Қазақстан билігінің заңға сүйене отырып, “Теңізшевройлдан” екі жарым миллиард АҚШ доллары көлемінде салық төлеуді талап етіп отыр деп мәлімдеген. Бұл мәселе турасында бұған дейін Қазақстан жағы жақ аша қоймаған болатын. Біз аталған шара барысында “ҚазМұнайГаз” компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннен осы жайтқа орай түсініктеме беруін сұрағанымызда, ол мұндай мәселенің бар екенін, бірақ екі жақ бір келісімге келмей ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Біз осы мәселеге орай сарапшы-маман, ғалымдардың пікірін білген едік. ҰҒА академигі Надир Надиров аталған жайттан хабардар екенін және Қазақстан жағының қойып отырған талабының орынды екенін білдірді. Ал мұнай-газ саласының сарапшысы, ғылым докторы, профессор Нарғозы Данаев бұл мәселенің түйіні о баста шетелдік компанияларымен жасалған келісім-шарттардың солқылдақтығында жатыр дейді. Сөйтіп Қазақстанның мұнайы-газ мәселелеріне арналған биылғы он екінші халықаралық конференция мен көрме Қазақстанның осы саладағы шетелдік әріптестерімен іскерлік байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуымен қатар осындай мәселелердің де бар екенін алға тартты.
XS
SM
MD
LG