Accessibility links

Алматыдағы мектеп-гимназияға І.Есенберлиннің есімі берілді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сәрсенбі, қазанның 6-сы күні Алматы қаласындағы Алмалы ауданында орналасқан нөмірі 25-ші мектепке жазушы Ілияс Есенберлиннің есімі берілді. Мерекелік шараның осы күнге белгіленуі - биыл туғанына 89 жыл толып отырған жазушының өмірден өткеніне дәл осы күні 21 жыл болғандығымен байланысты. «Қазақ әдебиетіне 1960-шы жылдары келіп, қазақтың 400 жылдық тарихын жазып кеткен тұлғаға халық қаһарманы атағын берсе де артық болмайды» дейді Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов.

Жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов: «Ілияс Есенберлин ұлт батыры болуға лайық адам. Асқар жазушыға бүгін көрсетіліп жатқан құрмет ол жасаған еңбек өтеуінің ширегі ғана» дейді:

- Ілияс Есенберлин сонау тарихи тақырыпқа тыйым салынған тоталитарлық заманда өзінің басын бәйгіге тігіп қазақтың 400 жылдық тарихын роман етіп шығарды. Ол кісі жазған «Көшпенділер» романы мен «Алтын орда» романдары қазақ халқының әдебиетіндегі алтын қорға кірді.

Негізінен орыс тілінде білім беретін 25-ші мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жұматай Ысқақова: «соңғы жылдары оқушыларға Ілияс Есенберлин жайында мағлұматтар беру ісі жақсы жолға қойылды» деп отыр:

- Қазір Ілияс Есенберлиннің «Көшпелілер» фильмі түсіріп жатқаннан кейін біз қазақ тілі пәнінің оқу бағдарламасына І.Есенберлиннің өмірін, еңбектерін енгіздік. Және 8 бен 11-ші сынып оқушыларына «Көшпенділер» романы оқытылып жатыр. Бұдан басқа 1-ші – 11-ші сынып арасында І.Есенберліннің өмірі туралы әңгіме-сұхбаттар жүргізілуде. Сондай-ақ түрлі сурет көрмелерін ұйымдастырып жатырмыз.

Ал салтанатты шараға қатысқан Алматы қалалық білім департаментінің директоры Гүлмира Есенбаева «25-ші мектеп жазушының есімін иелену үшін көп еңбек тындырды» дегенді айтты.

- Бұл мектептің І.Есенберліннің өмір жолын зерттеп, тарихи тақырыптармен шұғылданғанына 3-4 жыл болды. Осы аралықта мектеп басшылығы: «біздің ұжымға І.Есенберлиннің есімі берілсе» деген ұсыныспен түрлі конференциялар ұйымдастырды. Осыған орай қала әкімшілігі мен онамастика комиссиясы тиісті құжаттар әзірлеп Үкімет назарына ұсындық. Содан Үкіметтің 2004-ші жылдың 19-шы ақпандағы қаулысымен Алматы қаласындағы нөмірі 25-ші мектепке І.Есенберлиннің аты берілді.

Жазушының ұлы Қозы-Көрпеш Есенберлин: «бүгін әкемнің өмірден өткеніне тура 21 жыл толып отыр. Үкімет қаулысы ақпан айында шығарылса да, салтанатты шараның бүгін өткізіліп отырғанының бір себебі осы» дейді:

- Бүгін Есенберлиндер әулеті үшін өте қуанышты күн. Қазақта сөз бар ғой: «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген. Ризамыз халыққа.

Ал, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың айтуынша, Ілияс Есенберлин өз деңгейінде дәріптеліп жатыр деп айтуға әлі ертерек.

- Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 10-эжылдығына орай мен президент Н.Назарбаевқа қазақ халқының 400 жылддық тарихын жазып кеткен І.Есенберлинге «халық қаһарманы» атағын беруді сұрап хат жаздым. Менің ол хатым «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Оған қоса менің ұсынысымды қолдаған тағы да бірқатар азаматтардың мақалалары жарияланды. Бірақ, сәті түспеді, Ілекең «халық қаһарманы» атығын ала алмады. Ол кісінің ұрпағына «алтын жұлдыз» бұйырмады.

«Оріс тілді мектепке Ілияс Есенберлиндей қазақтың біртуар жазушысының есімін бергеннен кейін мұнда білім алып жатқан балалар ерекше жауапкершілік сезініп, болашақта ұлтжанды азамат болып шығар» дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жұматай Ысқақова.
XS
SM
MD
LG