Accessibility links

Сәрсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдар құқық тақырыбына көбірек назар аударыпты. Атап айтқанда мерзімді басылымдарда Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан “Экстремизмге қарсы күрес” атты заң жобасының түрлі пікір туғызып отырғандығы мен Қазақстанда адам саудасының белең ала бастағандығы айтылыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдар Алматыда “Шәкен жұлдыздары” атты кинофестивальдің өткендігіне айрықша тоқталыпты.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

“Экспресс К” басылымының сәрсенбі күнгі санында жарық көрген Наталья Буенконың мақаласында Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан “Экстремизмге қарсы күрес туралы” заң жобасына қатысты талдау жасалыныпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, егер де бұл заң жобасы осы күйінде қабылданса, біраз уақыттан бері ұмытыла бастаған “цензура” ұғымы қайтадан қоғамға енуі ықтимал. Өйткені ендігі уақытта осы заң жобасындағы ұстанымдарды бұзған басылымдарды жауып тастауға шейін шара қолданылады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, экстремистер қызметін пайдаланған телкоммуникациялық компаниялар да “лицензиясынан” айырылуы ықтимал. Алайда мақала авторы телекомуникация қызметін пайдалану арқылы экстремизм саясатын насихаттайтындар үшін компанияның “лицензиясын” тартып алу әрекеттері жақсылыққа әкеліп соқпайды деп есептейді. Мақала авторының айтуынша, бұл заң осы күйінде қабылданса, ол мектептегі оқушылар мен жоғарғы оқу орнындағы студенттерге де қосымша ауырлық әкелуі мүмкін. “Себебі аталмыш заң негізінде олардың экстремизм идеясына қарсы тұруына бағышталған жаңа бағдарлама жасалынады” дейді мақала авторы. Осы тақырыпты жалғастырған “Литер” басылымы осы кезге шейін бұл заң жобасының “Экстремистік қызметке қарсы күрес” деп аталып, кейіннен оның атауының “Экстремизмге қарсы күрес” деп өзгертілгендігін хабарлапты. “Бұл заң жобасы бойынша, ендігі уақытта мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, атап айтқанда ақпараттық, аймақтық, әскери құрылымдардың әрекеті жауапқа тартылатын болады. Ал, экстремизмді анықтау және оны жою құзыры Ұлттық Қауіпсіздік құзырына беріледі” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, бұл заң жобасының түсінбестік туғызып жатқан жақтары да бар көрінеді. Атап айтқанда, аталмыш заң жобасына сәйкес экстремизм насихатын жүргізетін кез-келген бұқаралық ақпарат құралының жұмысы тоқтатылады. Мақала авторы мұндай жағдайда “Интернет” жүйесінің жұмысына да тиым салынуы мүмкін деп пайымдайды. Ал, “Заң” газетінің сәрсенбілік санында Қазақстанда адам саудасының да белең ала бастағандығына айрықша тоқталып өтіпті. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанда адамдарды заңсыз сыртқа әкету оқиғалары жиі байқалып жүр. Сыртқы Істер министрі Алексей Волковтың айтуына қарағанда, өткен жылы Қазақстанның 24 азаматының елге оралуына дипломатиялық өкілдіктер және елшіліктер ықпал жасаған. Биылғы жылдың бірінші жартысында адам саудасының құрбаны болған он алты қазақстандық отанына оралған. Алексей Волков ондай азаматтарды елге қайтаруға қажетті қаражаттың шығыс сметасы жоқтығын айта келе, бюджетке бұл мәселеге қаржы бөлу керек дегенді айтып отыр. Бас прокуратураның бөлім бастығы Дмитрий Ивановтың айтуынша, жыл басынан бергі сегіз айдың ішінде республика аумағында Қылмыстық Кодекстің 128 бабы бойынша сегіз қылмыс тіркелген. Оның ішінде бес қылмыс әйелдерге және бір қылмыс жасөспірімге қатысты жасалған. Егер де “Заң” газеті Қазақстанда адам саудасының белең ала бастағандығын хабарласа, “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Оңтүстік Қазақстан облысынан халықаралық іздеуде жүрген тоғыз машинаның табылғандығы хабарланыпты. Сегіз машинаның иелері оны есепке қойғысы келген кезде, көліктерінің халықаралық іздеуде жүргендігін анықтаған. Мақала авторының айтуынша, тексеріс кезінде машинаны сатып алған қожайындардың ешқандай да жазығы жоқ екендігі анықталған. Сондай-ақ сәрсенбі күнгі жарыққа көрген мерзімді басылымдар рухани тақырыпқа да айрықша назар аударыпты. Атап айтқанда сәрсенбі күні жарық көрген “Егемен Қазақстан”, “Айқын”, “Аргументы и факты “Казахстан” басылымдарында Шәкен жұлдыздары атты кинофестивальдің мәреге жеткендігі хабарланыпты. “Айқын” газетінің хабарлауынша, екінші рет өтіп отырған байқаудың ерекшелігі – жұртшылық назарына ұсынылған фильмдердің басым бөлігі осыған дейін шет елдерден жүлдемен оралғандар. Сондықтан да әдлқазылар алқасына осы кинотуындаларының арасынан жеңімпаздарды іріктеп алу қиынға соққан. Мақала авторының айтуынша, “Жастар киносы” аталымы бойынша, Серікбол Өтепбергеновтың “Үнсіздік салқыны”, деректі фильмнен Владимир Тюлькиннің “Патетическая симфония”, анамациялық кино жанрынан Қалдыбай Сейденовтың “Қадырдың бақыты” мультфильмі және көркем фильмнен Рүстем Әбдірашевтың “Қаладан келген қыз” фильмі бас жүлдеге ие болған. “Егемен Қазақстан” басылымы болса, “Шәкен жұлдыздары” атты фестивальдің абыройын арттырып, беделін көтеру үшін шет елдерден әйгілі қонақтардың шақырылғандығын хабарлапты. Анжелика рөлімен аты әләмге танылған Мишель Мерсье, Констанция рөлімен танылған Ирина Альферова, Ресейдің халық әртісі Александр Филлипенко секілді қонақтар фестивальдің көзайымына айналыпты. Ал, “Аргументы и факты” басылымы “Шәкен жұлдыздары” кинофестивалдьдің өткендігін хабарлауымен қатар, “Қазақфильм” киностудиясының бас директоры Сергей Әзімовпен жүргізілген сұхбатты жариялапты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Сергей Әзімов Қазақстан кинотуындыларын дамыту үшін, мемлекеттік деңгейде қамқорлық керектігіне тоқталып өтіпті.
XS
SM
MD
LG