Accessibility links

Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді

  • Айнагүл САҒДИ

Қазанның 12-де Астанада Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің 3- съезі өткізілді. Білім беру саласын қаржыландыруға 2005 жылы бюджеттен 250 миллиард теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл туралы съездің ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді және «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» бекіткендігі айтылды. Сонымен қоса, Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 3 жылда мұғалімдердің жалақысы 70 пайызға, кәсіптік-техникалық білім беру саласы қызметкерлері жалақысының 90 пайызға артқанын атап өтті. Мемлекет басшысы мектептердегі қазақ тілін оқыту жайына тоқтала келе, мемлекет әрқашан да бұл салаға басымдық беретінін айтты. «Сондықтан мемлекет қазақ тілін дамыту үшін көп жұмыстар атқаруда, біз басқа тілдерді де дамытуға мейлінше күш салатын боламыз, әсіресе, орыс тілі мен ағылшын тілін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы орыс тілінің елді біріктіріп отырған тіл екендігін айта келе, болашақта қазақ тілінің де маңызды роль атқаратындығына сенім білдірді.

Съезде айтылған мәселелерге қатысты білім беру саласының мамандары да өз ойларымен бөлісті. Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің мұғалімі Орынша Қарабалина «Қазақ тіліне көңіл бөлу керек, қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесу керек деген өте орынды айтылған сөз. Бірақ ойлап отырмын, басқа ұлттарды да қазақ тілінде сөйлеуге үйретуіміз керек қой. Съездегі жұмыстардың барлығы орыс тілінде жүріп жатыр, тым болмаса басқаруын неге қазақшаламаймыз? Қазақшаламағаннан кейін қазақ тілін үйренуге деген басқа ұлттардың қызығушылығы болмайды. Ең алдымен басқа ұлттардың қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыруымыз керек», - деп есептейді. Съезд барысында 3 тілде білім беру жайы да айтылды. Орынша Қарабалина: «Кей мектептерде апталық сағаттар 41-43-ке дейін жетеді. Баланың аты бала емес пе, шаршамай ма, ол резина емес қой тыққылай беретін. Ана сабақты да біл, мына сабақты да біл дейді. Негізгі сабақтарды қалдырып, негізсіз сабақтардың барлығын алдырып барып тілге көңіл бөлсе дұрыс болады, ең алдымен оқушыға жағдай жасалуы керек».

Қазақстанның мәдениет қайраткері Қымбат Әбілдақызы «Осы тұрғыда біраз дүрліктірулер болғаны рас. Ал енді бәрін болғаннан кейін, бәрі орнына келгеннен кейін деп күтіп отыратын болсақ біз басқа дамыған елдерден қалып қоюымыз мүмкін. Сондықтан біз қазір көзді жұмып, білекті түріп белсенділікке, жақсылық үшін күреске неге үлесімізді қоспасқа, көрейік», - дейді.

Қазақстандық оқулықтар сапасының да әділ сынға алынып жүргенін айтып өткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев орфографиялық және стилистикалық қателері көп оқулықтармен оқудың қиын екендігіне, сондай-ақ, Қазақстанның жаңа тарихы бойынша әлі күнге дейін жақсы оқулықтардың жоқ екендігіне тоқталды.

«Мұғалімнің қолына жалғыз оқулықты береді, оқулықтардың тиражы аз болып жатады. Жалғыз оқулықпен сабақ беру мұғалім үшін өте ауыр, оның үстіне қазақ мектептері соңғы кезде көптеп ашылып жатыр. База жоқ, кесте де жоқ, көрнекілік құралдары аз. Жалғыз оқулықтан басқа бірде-бір оқулық мұғалімнің қолына тимейді. Содан барады да оқулықтарды сынай бастайды, бұған шыдап келе жатқанымызға бірнеше жыл болды», - дейді өзін білім саласының қызметкерімін деп таныстырған Гүлжан Жүнісова.

Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің мұғалімі Орынша Қарабалина мұғалімдердің қазіргі басты проблемаларына да тоқталды. «Метептің мұғалімдері жалақысыз жұмыс істей алмайды. Жетім бұрышта жүр. Телевизор көрмей жүріп мұғалім қалай сабақ береді. Төл газетті, журналдарды ала алмайды, бүгінгі күні мектептердің материалдық-техникалық базасы әлі толық қамтамасыз етілген жоқ. әдістемелік құралдар әлі аз, осы жағына көңіл бөлу керек», - деді.

Сонымен қоса, съезде қоғамдық саяси өмірдегі ғылыми-педагогикалық зиялы қауымның ролін арттыру, жас ұрпақты азаматтық ұстаным және елжандылыққа тәрбиелеуге белсене қатысу жайы да айтылды.
XS
SM
MD
LG