Accessibility links

Чжоу Сяопэй: «Қытай болашақта Ертіс өзеніндегі су ресурсының 40 пайыздық мөлшерін ғана пайдалануы мүмкін»

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қыркүйектің 12-сінде журналистермен Астанадағы кездесуінде Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжоу Сяопэй:» Қытай мен Қазақстан арасында Қара Ертісті бірлесіп пайдалану жөніндегі сарапшылар тобы жемісті жұмыс жасап отыр. Біз әзірге тиісті ресурстардың 10-20 пайызын ғана пайдаланудамыз. Жаңадан құрылыс жұмыстарын жүргізуімізге байланысты болашақта асып кеткенде 40 пайыздық ресурсты ғана пайдалануымыз мүмкін»,-деді.

2001 жылғы қыркүйектің 12-сінде Астанада Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасында трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі ынтымақтастыққа қол қойылған болатын. Алайда, экологтар мен сарапшылар Қытай мемлекеті тарапынан бұл келісімнің орындалмай отырғандығын айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су шаруашылығы комитетінің халықаралық трансшекаралық өзендерді пайдалану жөніндегі басқарманың бас маманы Әзия Шәмшиеваның айтуынша, екі мемлекет арасындағы үкіметаралық комиссияның мәліметі бойынша Қытайдағы Қарамай мұнай кенішіне Ертістен тартылатын су арнасы жүйесінің қысқаша сипаттамасы мынадай: « Ертіс-Қарамай тоспасы- бөгетінің биіктігі 72 метр, ұзындығы 1900 метрді алып жатыр. Су қоймасы мен оның ғимараттарында жылына шамамен 840 миллион текше метр су қарастырылған».

Дегенмен, бұл айтылғандар 2001 жылғы маусымның 23-25-і күндері жүргізілген мемлекетаралық сарапшылар тобының тексеру мәліметтеріне негізделген. Одан бері ешқандай зерттеу-бақылау жұмыстары жүргізілмепті. Парламент Сенатының депутаты, кезінде Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, Қарамай кеніші су мөлшері Қара Ертіске түсуге тиіс су көлемінің шамамен 13 пайызын тұтынады. Парламент Мәжілісінің Шығыс Қазақстан облысынан сайланған депутаты Асқар Қабанбаев болса, әзірге Қара Ертіс құятын Зайсан көлінің деңгейі қалыпты екендігін айтады.

Ал, Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Мырзагелді Кемел: « Трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға» Қазақстан жағы қол қойғанымен Қытай Үкіметінің қол қоюға асықпауының астарында көп нәрсе жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстандағы қуаңданған жер көлемі 179,5 миллион гектарды құрайды. Ал, Қара Ертіске түсетін су көлемінің азаюы салдарынан келешекте қуаңдану секілді табиғи апатқа әкеліп соқтыруы әбден мүмкін,-дейді.

Өскеменде орналасқан «Ертіс» су кәсіпорны бастығының орынбасары Ришат Адамовтың айтуынша, қазіргі таңда Қытай жағынан Қара Ертіске түспей тұрған су мөлшері шамамен жылына бір текше шақырымды құрайды.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман, балық және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ермек Келімсейіт Қара Ертіске Қарамай кенішінен түсіп жатқан су мөлшерін және құрамын тұрақты зерттеудің, мониторинг жүргізудің кешенді түрде жүзеге асырылмай отырғандығын айтады.

Парламент Мәжілісінің депутаты Төлебек Қосмамбетов болса, трансшекаралық өзендерді пайдалануда бір мемлекеттің өз міндеттемесін орындамауы - апатты жағдайларға апарып соқтыруының дәлелі ретінде көктемдегі Сырдариядағы су тасқыны кезінде Өзбекстан жағының әрекетсіз отыруы салдарынан Шардара су қоймасының Қазақстанға зор қауіп туғызғанына тоқталды.

Сарапшылардың айтуынша, Үкіметаралық комиссияның 2001 жылдан бері әрекетсіз отыруы сол кезде жасалған бірлескен тексерістің қорытындысына да қатысты сияқты. Өйткені, онда «Қарамай кенішіне бөлінген су көлемі Қара Ертіске құятын Қыран, Баршын, Білезік, Қаба секілді ұсақ өзендердің есебінен қайта толығады.» деген қорытынды жасалған екен. Мұны министрліктің бас маманы Әзия Шәмшиева да растап отыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібайдың айтуынша, биылғы қазан айында екі мемлекеттің трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі сарапшылар тобының отырысын өткізу жоспарлануда. Онда алдағы салынатын су құрылысы нысандарының жобалары, суды ластауды болдырмау және басқа да қордаланып қалған өзекті мәселелер талқыланатын болады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қара Ертіске қатысты «алаңдаушылыққа орын жоқ барлық мемлекеттік келісім-шарттар тиісті дәрежеде орындалуда» десе, экологтар мен сарапшылар болса, «қазіргі білінбеген залалдардың уақыт өте келе орны толмас зардаптарға ұшыратуы мүмкін» деген алаңдаушылықтарын білдіреді.
XS
SM
MD
LG