Accessibility links

Түркияның Еуропа Одағына өту мәселесіне Франция ерекше талап қойып отыр


Еуропа Комиссиясы өткен аптада жариялаған баяндамасында Түркияның Еуропа Одағына өту жайындағы келіссөзге жол ашық деп айтты. Осы сәтте Францияның Түркияға қатысты демократиялық талапты күшейтіп отырмыз дегені ерекше оқиға болды. "Еуропа Одағына өту жайындағы демократиялық талаптарды Түркия орындамай жатыр деп тапсақ келіссөзді кез-келген кезеңде тоқтатқызамыз", - деді Жак Ширак.

Түркияның Еуропа Одағына өту арызы 1987 жылы айтылса да, Түркия мүшелікке кандидат деген мәртебеге тек 1999 жылы қол жеткізгені аян. Бұған негізгі кедергі Еуропа Одағының Түркияда адам құқықтары тапталып келеді дегені болатын. Түркияның қазіргі үкіметі осыдан екі жыл бұрын билікке келгелі бері біраз шараларды атқарды, өлім жазасын тоқтатты, күрд қауымдастығының мәдени құқықтарын реттеуге бағытталған шараларды қолға алды, ұлттық азшылықтардың тілдерінде теле және радиохабарларды таратуға рұқсат берді, қылмыстық кодекс реформасын жасап жатыр. Еуропа Комиссиясы 6 қазанда жарияланған баяндамасында Түркиямен Еуропа Одағына өту жайында келіссөз бастауға жол ашық деп жариялады. Дегенмен, Еуропа Комиссиясының президенті Романо Проди демократиялық реформаларды іске асыра алмау не болмаса мақұлданған өзгерістерді тежеу келіссөздерді қолма қол үзеді деп ескертті:

- Демократия жолындағы кез-келген кедергі, адам құқықтары жолындағы кез-келген кідіріс, Еуропа Одағында қабылданатын негізгі бостандықтар жолындағы, заң мәртебесіне бағытталған жолдағы кез-келген кедергі келіссөздерді қолма-қол тоқтатады деп түркиялық әріптестерімізге анық және шегелеп айтылу парыз бұл құжатта.

Осы сәтте Франция басшысының да талапты күшейтеміз дегені қосылып отыр. Түркияның Еуропа Одағына өту-өтпеу жөніндегі ұстанымына Жак Ширакка Франция ішінде айтылатын сын әсер етіп отыр. Жак Ширактың өз партияластары да, оппозициясы да қысым жасап отырған сәтте ол жексенбі күні Түркия тарапына талаптардың өсетінін жариялады. Қытай сапарында жүрген Жак Ширак мемлекет иелігіндегі "Франция-2" телекомпаниясына сұхбат беріп, Еуропа Одағына өту жайындағы демократиялық талаптарды Түркия орындамай жатыр деп тапсақ келіссөзді кез-келген кезеңде тоқтатқызамыз, Түркияға талпты күшейтіп отырмыз, деді. Еуропа Одағына өту келіссөздерін кез-келген күмәнді жерде тоқтату құқы одақтың барлық мүшесіне берілген. Жак Ширак бұл шешім құқы өткен аптада жарияланған Еуропа Одағының баяндамасында көрсетілген деп тілге тиек етті. Жак Ширак бұл мәселе жайында Франция қауымдастығында кең-көлемді ақыл-кеңесулер болады деп мәлімдеді:

- Не болғанда да соңғы сөзді айтатын – Франция халқы, қажет болса референдум өткізіледі. Бірақ бұл мәселе 10-15 жылсыз талқыланбайды, бұл талқыға салынсада бұдан ерте кезеңде болмайды.

Еуропа Одағының басшылары Түркиямен келіссөз желтоқсан айының орта тұсында Брюсселде басталады деп айтып отыр. Көпшіліктің білуінше, Түркия Еуропа Одағына қосылса бұған 10 жылға дейін уақыт қажет. Түркия басшылары болса Еуропа Одағына 2014 жылы қосылсақ жақсы болатын еді деп отыр.
XS
SM
MD
LG