Accessibility links

Апалы - сіңілі Айнұр, Әсем, Гүлжан Шәкібаевалар - «Жас Қанат» байқауының дипломанттары мен «Азия Дауысы» байқауының лауреаттары


Апалы - сіңілі Айнұр, Әсем, Гүлжан Шәкібаевалар Қазақстанның Қостанай облысында дүниеге келген. «Жас Қанат» байқауының дипломанттары мен «Азия Дауысы» байқауының лауреаттары атанған 3 қыз, әнші боламыз деп армандаған емеспіз дейді. Біз сұқбаттасуға келгенде әншілердің кішісі институттағы сабақта болды. 3 қыздың үлкені Айнұр Шәкібаеваның сөзінше, барлығы домбырадан басталған, кейін олар қазақ әндерін эстрадалық мәнермен өзгертіп орындауға көшеді:

-Бізде әнші боламыз деген мақсат болмады. Қазақ тілін ұмытпасын деп мамамыз үйретті.

Қазақ тілін ұмытпас үшін, әншілердің анасы оларды Қостанай облысындағы жалғыз қазақ мектебіне береді. Бірақ, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақ мақалын ұмытқан ұстаздарымыз, біздің әнге жеген құштарлығымызды құптамады дейді Әсем мен Айнұр:

-Гастроль болсын, концерт болсын, біздің мұғалімдер немесе мектеп директоры бізді жібермеді, өзіміздің қазағымсыз. Орыс мектебінің директоры Макирова Вера өзі шақырып алды. Ол, - «Сендер концертке де, гастролге де барасыңдар, әрі сабақ оқисыңдар», - деді. Сондықтан біз қазақша өте жақсы сөйлей алмаймыз.

-Сондықтан сендер қазақ мектебін тастап, орыс мектебіне кетіп қалдыңдар ма? -Ия... -Кетуге мәжбүр болдық.

Осылайша, олар біртіндеп сахнаға шығып ән айта бастайды. Аудармашы мамандықтарын алған қыздар өз мамандықтары бойынша, жұмыс тәжірибесі болмағандықтан жұмыс таба алмай дал болады. Сөйтіп, талаптарын ұштау үшін, және қаражат табу үшін, жас қыздар анасының ақылымен әнші болуға бел буады. Қаршадайынан жұмыс істеп үйренген олар, 20-дас асқан шақтарында Астанадағы мемлекеттік филармонияға жұмысқа орналасады. Бұл жерде оларды Қазақстанның түпкір – түпкіріне гастрольге жібере бастайды. Осындай сапарларда Қазақстанның елді мекендерінде қатты қиналамыз дейді әншілер. Шәкібаевалардың сөзіне сүйенсек, ауылдардың басым көпшілігінде сахнадағы жабдықтар жоқтың қасы, болған күннің өзінде электр қуаты оқсын – оқсын беріледі. Осыдан келіп, гастрольдік сапарда әр-түрлі жағдайлар болып тұрады дейді жас әншілер. 3 қыздың ортаншысы Әсем Шәкібаева Қостанай облысындағы танымал шипажайда болған оқиғаны былайша суреттейді:

-«Сосновый бор» деген Қостанайда сонаторий бар. Сонда концерт енді басталар кезде, шам өшіп қалды, мүлдем. Сол қап-қараңғыда фортепианомен, домбырамен солай концерт қойдық. -Сосын шам берілді ме? -Жоқ.

Апалы - сіңілі әншілердің сөзіне қарағанда, сол концертті олар халыққа танымал әндерді орындаған кезде, залда отырған көрермендер қосылып айтқан екен. Жас әншілер негізінен түркі тілдес халықтарының әндерін орындайды. Соның арқасында, жас әншілер Қазақстанның сыртында, бірнеше шет елдік гастрольдерге де шығып үлгірген. Түркиядағы сапарын Айнұр Шәкібаева былайша суреттейді:

-Қазақстанда тұратын адамдардан гөрі, шет елдегі адамдар өте ыстық қабылдайды. Жылап жібереді бір жерлерде. Өз қазағымыз қазақ тіліндегі әнді өте сүйіп тыңдамайды. Соған кейде ішің жанады.

Қанша ән айтқанымызбен жарық жұлдыз болу үшін, инвестиция қажет ал әншінің атын шығаратын орасан қаражат бізде жоқ дейді әншілер. Бұл туралы Айнұр Шәкібаева былайша мәлімдеді:

-Шет елден өте көп әртістер шақырады тойларға, мерекелерге. Сол ақшаға «Жас Қанат», «Азия Дауысынан» шыққан әншілерді көтерсе ғой.

Оның үстіне, Астанада тұру үшін, пәтер мәселесін шешіп алу керек. Өйткені тапқан – тергеніміздің бәрін пәтер ақыға кетіруге мәжбүр боламыз дейді олар. Қазір олар көптеген әртістермен бірге алақандай бір бөлмеде жатақханада тұрады. Апалы – сіңілі Шәкібаевалардың үлкені Айнұр соңғы кезде таныс-тамыр арқылы Астанадағы түрік компаниясына аудармашы болып орналасады. Танысың болмаса, Қазақстанда жұмыс табу тауқімет дейді әнші. Компания басшылығы аудармашының әнші екенін және қай жерде тұратынын естігенде жағаларын ұстады дейді Айнұр:

-Жатақханада опера және балет театрының және басқа да әртістер тұрады. Түріктер таң қалды. Түркияда әртістерді өте жақсы бағалайды. Алдымен оларға жағдай жасайды. Сосын олардан ән күтуге болады.

Оның сыртында, апалы - сіңілі әншілердің сөзінше, кез келген әншіге жарнама мен насихат қажет. Ал бұл салада тіпті үлкен қаржыайналымда жүреді дейді олар. Сондықтан, қазақ және түркі тілдес халықтарының әндерін орындайтын жас әншілер тапқан – тергенін әзірге тек дыбыс таспаларын жадыруға және кенже қарындастарының жоғарғы оқу орындағы сабағына әрең жеткізіп жүр. Оның үстіне сабақ сапасы өзгермеседе, Қазақстандағы институттардың көбісінде жылдық оқу құны әр дайым өсіп отырады деп шағымданып отыр.
XS
SM
MD
LG