Accessibility links

Британияның Ташкенттегі елшісі Өзбекстандағы адам хұқықтарының сақталуы жайы жөніндегі әңгіменің ортасында қалып тұр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Британияның Ташкенттегі елшісі Өзбекстандағы адам хұқықтарының сақталуы жайы жөніндегі қызу әңгіменің ортасында қалып тұр. Бұл мәселе жөніндегі арнайы мәлімдемесін елші Крейг Муррей шілде айында жасаған болатын. Осы аптада аталған мәлімдеме Британия баспасөзі беттерінде көрініс берген еді. Сол ақпараттар хабарына қарағанда, жеке қауіпсіздік сауалы айқындалғанша, Муррей мырза қазіргі кезде Британияда қалып отыр. Британия өкіметі болса оның әліге дейін елшілік міндетінде екендігін айтуда.

Бұл әңгіме алғаш рет дүйсенбі күні Британияның беделді басылымы- “Файненшл таймс” бетінде жарық көрген болатын. Газет Британияның Ташкендегі елшісі Крейг Муррейдің жазуындағы баяндамаға сүйеніп отырғандығын айтқан. Ол мәлімдемесінде елші мырза ресми Лондонның Өзбекстанда жан мен тән қинаулар арқылы жинақталған ақпараттарды пайдаланып отырғаны үшін наразылық жариялаған. Аталған ақпараттар мақсатты түрде Құрама Штаттарына жіберіліп, одан кейін ол Орталық Барлау агенттігі арқылы Британияға жолданады, делінген аталған хабарда. Сыртқы істер министрлігіне жолдаған бұл мәлімдемесінде Муррей мырза Өзбек өкіметі түрлі жан мен тән қинауларын қолдана отырып, алданған азаматтарды мәжбүрлі түрде өздеріне қажетті қағазға қол қойдырып алатындығын жазған. Осындай ақпараттарды беру арқылы Өзбекстан тарапы “біз бір мақсат жолында, яғни лаңкестік әрекеттерге қарсы бірге күресудеміз” деген пікірге АҚШ-ты да, Біріккен Карольдікті де, яғни Британияны да сендіруге тырысуда. Осылай дей келіп Муррей мырза мұндай тәжірибенің қолданылуы адамгершілік, заңдық және өмірлік тәжірибе бойынша қате бағыт, сондықтан да оның тоқтатылуы тиіс деген пікір айтқан.



Адам Хұқықтары бойынша Хелсинки федерациясы директоры Арон Роудс Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деген болатын: “Менің ойымша Адам хұқын қорғау саласындағы талай азамат елшінің бұл әрекеттеріне қол шапалақтап, оның осындай шыншылдығы үшін риза болады. Өзбекстандағы кейбір жағдайлар жөнінде шындықты ол ержүректілікпен айта білген. Және аталған жағдайларға төзу, оларды қабылдау оңай емес. Дегенмен, егер біз адам хұқықтарының қорғалуына орай және халықаралық міндеттерімізге байланысты байсалды ойланар болсақ, онда бұл жағдайлар жөнінде ашық түрде айту-біздің міндетіміз”-, деді Роудс мырза. Осылай дей келіп ол сондай-ақ, мұндай тақырыптағы мәлімдеменің баспасөз бетіне қалай жол тартып кеткендігіне қайран қалуда.



Сейсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Британия Сыртқы істер министрлігі өкілі Алан Рейтер елші Муррейдің соңғы мәлімдемесінің бар екендігін растай қойған жоқ. Дей тұрғанмен, Өзбекстандағы адам хұқықтарының сақталу жайы туралы елшінің өз көзқарасын білдіргендігін ол айтты.

Рейтердің айтуынша, Муррей мырза қазіргі кезде Британияда ем қабылдап жүр екен. Қазірге дейін ол Британияның Өзбекстандағы елшісі боп табылады. Муррейдің дипломатиялық үрдіске жатпайтын тілде сөйлеуі бұдан бұрын да оның басын біраз әуре-сарсаңға түсірген екен. Атап айтқанда, 2002-2003-ші жылдарғы Өзбекстандағы адам хұқықтарының сақталу жайы жөнінде оның ашық түрде айтқан пікірлері Британия өкіметін қынжылтқан болатын. Әрине, Өзбек елбасы Ислам Каримовті де... Бұл үшін өткен жылы елші Муррейді тәртіпке шақыру бағытында біраз шаралар да бас көтеріп, алайда бұл іс артынша басылып қалған еді. 2002-ші жылдың тамызынан бері Ташкендегі елші қызметін атқарушы Муррей мырза болып жатқан осы оқиғалар жөнінде түсініктеме бере қойған жоқ.
XS
SM
MD
LG