Accessibility links

Қанша қазақстандық маман болашақта чех елінде жұмыс істеуі мүмкін?


Қазақстанда Чех Республикасының Еңбек және әлеуметтік істер министрлігі бастамасымен 2004 жылдың 1-қазанынан бастап “Білікті шет ел мамандарын белсенді түрде сұрыптау” атты жобаның екінші кезеңі басталды. Чех Республикасының Қазақстандағы елшілігінің консулы Ченак Хайны мырза “Білікті шет ел мамандарын белсенді түрде сұрыптау” атты жоба 5 жылға жоспарланған, деді:

-Жобаның басты мақсаты - Чех Республикасының еңбек ресурстарын тұрақты, білікті шет ел мамандарымен толықтыру. 2003 жылы осы бағдарлама бойынша Болғария, Хорватия және Қазақстан Республикаларының азаматтары чех елінде жұмыс істеуге өтініш білдірді. Ал осы жылы жобаға Молдавия мен Белорусь мемлекеттерінің азаматтарын тартып, Болашақта басқа мемлекеттің азаматтарынан өтініш қабылдауды көздеп отырмыз.

Ченак Хайны мырзаның айтуынша, бүгінгі таңда Чех Республикасында емдеуші-дәрігер, медбикелер, компьютер мамандарына сұраныс жоғары болып отыр. Оларға берілетін орташа айлық жалақы 500 АҚШ доллары көлемінде. Білікті мамандардың сұрапталуы баллдық жүйе негізінде жүргізіледі. Аталған жобаға қатысамын деушілерге қойылатын негізгі талаптар: олардың кем дегенде арнаулы орта білімі, чех елінде жұмысқа орналасу жөнінде келісімі және Чех республикасында жұмысқа орналасу мақсатында 90 күннен астам уақыт болуға рұқсат беретін визасы болуы керек. Жобаға қатысамын деушілер Алматы қаласындағы Чех Республикасының елшілігіне хабарласуларына болады.

Осы орайда қатардағы азаматтарды сөзге тартып, жарияланып жатқан жобаға байланысты ойларын білген едік.

Бірінші азамат:

-Мен шет елге жұмыс істеуге бармас едім. Туған жерімде жұмыс істеп, шет елге демалу үшін ғана барар едім.

Екінші азамат:

-Әрине, чех еліне барып жұмыс істеуге қарсы болмас едім. Қазақстанға да жақсы мамандар қажет. Бірақ бізде экономикамыз тұрақты емес. Біздің мамандар батыстың стандарттарына сәйкес келмей ме, әлде басқа себептері бар ма білмеймін. Біздегі мамандардың көпшілігі жұмыссыз. Қазақстанда шет елдік мамандар көп жұмыс істейді. Оларды бақылап отырған заңды орган жоқ. Шет елде жұмыс істеуге түрлі жобалар жарияланыпты деп естіп жатамыз. Бірақ бәрі аяқсыз қалып жататын сияқты.

Үшінші азамат:

-Менің ойымша, білікті мамандар өзімізге де керек емес пе? Бүгін білікті мамандардан айырылып қалатын болсақ, ертең жағдайымыз жақсы болмайды. Сондықтан мен өз басым шет елге білікті мамандарды жіберу дегенге қарсымын.
XS
SM
MD
LG