Accessibility links

Қазақстандағы башқұрт қауымдастығының мүшелері Мұртаза Рахимовты күтіп отыр

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазанның 15 күні Қазақстанға Башқұртстан президенті Мұртаза Рахимов келеді, деп күтіліп отыр. Бұл оқиғаға Қазақстанда тұратын башқұрт қауымдастығының мүшелері дайындалып жатыр. Татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының төрайымы Зифа Рафикова Башқұртстан президенті Мұртаза Рахимовпен кездескісі келеді, бірақ бұл жоспар қаншалықты іске асатынын білмейді. Башқұртстан президентімен кездесіп қалса, Зифа Рафикова көптеген мәселелерді көтеруге дайын.

Зифа Рафикова, Қазақстандағы Татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының жетекшісі:

-Бізде жексенбілік мектеп бар. Осы мектепке керек оқулықтарды Қазан қаласынан алып келдік, енді башқұрт тілін үйретуге кітап керек. Татар-башқұрт үйін саламыз, деген жоспарымыз бар, осы шараны іске асыру үшін көмек болса, деп ойлаймыз. Башқұртстаннан әншілер келіп, бізге өнерін көрсетсе, бізге жақсы болар еді. Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы ынтымақтастықтың жақсы болғанын қалаймыз.

Қазіргі кезде Татар-башқұрт қауымдастығының мүшелері өздеріне керек кітаптар мен әдебиетті дүкендерден сатып алады. Бірақ Қазақстанда тіршілік ететін башқұрттар ана тілінде өлең тыңдап, ресми Уфада болып жатқан жаңалықтардан дер кезінде хабардар болып отырғысы келеді,- дейді Татар-башқұрт қауымдастығының жетекшісі Зифа Рафикова.

Зифа Рафикова, Қазақстандағы Татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының жетекшісі:

- Алматыда отырып, Татарстаннан «Жаңа ғасыр» деп аталатын телеарнаны көруге мүмкіндік пайда болды. Осы телеарна арқылы біз Татарстанда көрсетілетін бағдарламаны көріп отырамыз. Уфадан берілетін хабарларды көруге осындай мүмкіндік болса, деп ойлаймыз. Сонда біз түрлі концерттерді көріп, соңғы жаңалықтарды біліп отыратын едік.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мекендейтін башқұрт халқының саны 3 мың адамнан асады. Солардың арасында Қазақстанға Кеңес заманында келген геолог маман Таңсұлұ Қаймирасовада бар.

Таңсұлұ Қаймирасова, башқұт қауымдастығының мүшесі:

-Біздің Қаймирасовтар отбасы Қазақстанға соғыс уақытында, 1943 жылы келген. Сол уақытта мен, геолог мамандығы бойынша техникум бітірген болатынмын, сосын мені бағыт бойынша Қазақстанға жіберді. Сол уақыттан бері біз Қазақстанда тұрамыз.

Таңсұлұ апай Қазақстанға келгенде оның қасында туған туыстары болған. Ал тұған сіңлісі Айсұлұ Қаймирасова Таңсұлұ апайдың әріптесі де болып кеткен. Себебі Айсұлу апай әпкесі таңдаған мамандықты игерген. Нәтижесінде апалы- сіңлі геолог мамандар Жезғазғандағы Жайрем кеңішін тапқан.

Туған жерді тастап, Қазақстанға келгенімізбен, күні бүгінге дейін ана тілімізді ұмытқан жоқпыз, - дейді Айсұлу Қаймирасова.

Айсұлу Қаймирасова, башқұт қауымдастығының мүшесі:

-Башқұрт тілінде оқып отырамыз, жазамыз, музыка тыңдаймыз.

Қазақстандағы Татар-башқұрт ұлттық мәдени орталығының жетекшісі Зифа Рафикова Қазақстан жастары Таңсұлу және Айсұлу Қаймирасовалардан үлгі алу керек, дегенді айтады. Себебі қазіргі жастар ана тілін білмейді.

Зифа Рафикова, Қазақстандағы Татар-башқұрт ұлттық мәдени орталық жетекшісі:

-Бұл біздің ортақ мәселеміз. Себебі татар, башқұрт және қазақ жастары ана тілдерін жақсы білмейді. Бұл тілді не үшін білу керек, деп айтады. Көп жағдайда орыс тілінде сөйлегенді жақсы көреді. Бұл біздің ортақ кемшілігіміз. Енді мектептерде оқулықтар көп болса, балаларды үйретсек, дұрыс болар еді.

Қазақстанда тұратын башқұрт жастары ана тілін ұмытпау үшін, башқұрт қауымдастығының мүшелері ьашқұрт тілін насихаттауға дайын, бірақ бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Уфадан көмек керек, - дейді олар.
XS
SM
MD
LG