Accessibility links

АҚШ елбасылығына үміткер Джордж Буш және Джон Керри арасындағы соңғы теле айтыс сөз жүзіндегі айқастардың жалғасы еді


АҚШ елбасы, Республикашыл партия өкілі Джордж Буш және оның сайлауға қатар түсетін қарсыласы, Демократ Джон Керри арасындағы үшінші, соңғы теле айтыс Америкада сәрсенбіде, Прага уақыты бойынша бейсенбі күні таңғы сағат үште, ал Астана уақыты бойынша таңғы сағат 8-де басталған болатын. 90 минутқа созылған айтыс барысында қарсыластар негізінен денсаулық сақтау, салық жүйесі, түсік тастату, гомосексуалистердің үйленуі сияқты елдің ішкі мәселелері бойынша пікір таластырған екен. Сондай-ақ, Ирақ пен Ауғанстан және лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес мәселелері де негізгі тақырыптар қатарында болған.

Құрама Штаттары елбасылық сайлауларына 20 күндей уақыт қалған кезде, көптеген сайлаушылар бұл айтысқа не Буш, не Керридің жеңіске жетуі үшін ықпалы болатын шара ретінде қарап отыр. Осы айтыс бітісімен SNN, “USA Today” және Gallup атты халық пікірін зерттеу орталығы Аризона штатындағы Темпе қаласында біріккен зерттеулер жүргізген болатын. Оның нәтижесіне қарағанда Керри мырза 52 пайыз көрсеткішпен алға шығып отыр. Ал, Буш мырза болса 39 пайыз жинақтаған. Алайда, басқа жерлердегі осындай зерттеулер нәтижесі екі үміткердің де үзеңгілес келе жатқандығын көрсетіп отыр.

Әрбір мәселеге байланысты дерлік бұл қос азамат мүлдем әрбөлек пікірлерін білдірген. Елбасы Буштың экономикалық саясатын сынай келіп, “елді аса ауқымды қаржылық тапшылыққа әкелді, жұмыссыздық көбейе түсті, сондай-ақ орта таптың денсаулық сақтау саласындағы мұқтаждықтарына көңіл аудармады”, деп Керри мырза сынады. “Ел бойынша балалардың денсаулығын сақтау ісі қолға алынбаған. Біз әлем деңгейіндегі бай елміз. Және дамыған елдер ішіндегі осы істі атқармай отырған жалғыз елміз.

Менің бұл орайда барлық америкалықтарды қамтитын жоспарым бар. Біз оны әркім үшін мейлінше мүмкін болатын және қол жеткізе алатын дәрежеде жасамақшымыз. Сол арқылы Конгрес мүшелері, сенаторлар ие бола алатын денсаулық сақтау жоспарына әркімнің қол жеткізе алуына мүмкіндік туғызамыз”-, деді Керри мырза. Буш мырза елдегі бюджет тапшылығы Клинтон кезінен басталған болатын, деп, сондай-ақ соңғы кезде экономикалық өсу бар екендігін айтып, өз экономикалық жоспарын қорғамақшы да болды. “Көптеген азаматтар бұл елге экономикалық жағдайға байланысты келуде. Егер сіз Мехиконың орталығында 50 цент таба алсаңыз, ал мысалыға Америкада 5 доллар таба алсаңыз, егер сіздің тұзыңыз татымды, яғни жақсы жұмыскер болсаңыз, сондай-ақ отбасыңыздың дастарханын тағаммен қамтамасыз еткіңіз келсе, онда сіз осында келесіз. Міне іс жүзінде осы әрекеттер жүзеге асуда”-, деді Буш мырза.

Бұл жолғы айтыс тек елдің ішкі мәселелеріне арналар деп күтілген еді. Алайда оның барысында Ирақ, Ауғанстан және лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес мәселелері де негізгі тақырыптарға айналған екен. Мысалы, Керри мырза “Ауғанстандағы лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес бағытынан жалт беріп, елбасы Буш Құрама Штаттарын Ирақ соғысына апарып киліктірді”-, деп айыптады. “Осама бин Ладен өлі немесе тірі күйінде болсын, қолға түсірілуі тиіс деп Буш айтқаннан кейін, арада алты ай өткенде оған: “Осама бин Ладен қайда?” деген сауал қойылған болатын. Ол сонда былай деді: “Мен білмеймін. Мен шын мәнінде ол жөнінде көп ойланбаймын. Мен ол мәселеге қызығып та жүрген жоқпын”, деді елбасы Буш. Ал бізге лаңкестік әрекеттерге қарсы нағыз күресте жан аянбай, тайсалмай тұра алатын елбасы керек”-, деді Керри мырза.

Бұған орай Буш мырза өзінің бұл айқастан бет бұрып кетпегендігін, Ирақ елбасы Саддам Хусейнді тақтан тайдыру науқаны сол істің аса маңызды бөлігі болғандығын, Американың қауіпсіз болашақ жолына шыққандығын айтты. “Егер біз лаңкестік әрекеттерге қарсы белсенді шабуылға шыға алсақ, егер біз тұтас әлемге тәуелсіздік пен азаттықты жая білсек, иә, онда біз аман және қорғалған күйде бола аламыз”-, деді Буш мырза. Америкалықтардың бұл теле айтыстарға деген қызығушылықтары жоғары дәрежеде болды. Қыркүйектің 30-да өткен алғашқы теле айтысты 62 миллионнан да көп америкалықтар көрген болса, ал қазанның 8-і күнгі екінші кезектегі айтысқа 47 миллиондай америкалықтар назар бұрған екен. Ал, 2000-шы жылы Буш пен бұрынғы елбасы орынбасары Альберт Гор арасындағы екінші кезектегі айтысты 38 миллион көрермен теледидар арқылы тамашалаған екен.
XS
SM
MD
LG