Accessibility links

Ресей елбасы Путин қуат көздері және лаңкестік әрекеттерге қарсы күрес жайын талқылау үшін Қытайға келді


Ресей елбасы Владимир Путин Қытайға үш күндік сапарын бастады. Екі ел басшылары экономикалық байланыстарға баса назар аудармақшы. Әсіресе, Сібір мұнай құбыры жобасына байланысты Қытай және Жапон жағы ұсынып отырған өтініштер, сондай-ақ лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте тиімді әріптестік орната білу сауалдары арнайы талқыланатын болады.

Сейсенбі күні Ресей елбасы Владимир Путин Қытайға сапармен келді. Оның барысында Қытай басшылары Ресей қуат көздеріне одан әрі молырақ қол жеткізу жағын баса қоймақшы. Ресей мемлекеттік басшысының бұл сапары екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың 55 жылдығына орайлас келіп отыр. Мәскеуде орналасқан Карнеги орталығының Азия байланыстары бойынша талдаушысы Василий Михеев Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деген болатын. “Соңғы 10-14 жыл аралығында Ресей мен Қытай жаулық қарым-қатынастардан әріптестікке қарай ойысқан. Сондықтан, біздің арамызда қазіргі кезде айтарлықтай проблемалар жоқ. Менің айтайын дегенім, жоғарғы дәрежедегі саяси араласулар мен саяси алға жылжуларды талап ететін қиын түйіндер”-, деді Михеев.

Күтілгендегідей, қуат көздері жайлы сауал алдыңғы орынға шықты. Өткен жылы Ресейден алатын Қытайдың шикі мұнай көлемі 70 пайыздан да жоғары болып, ол 5 миллион 250 мың тоннаны құраған еді. Алайда, Сібір шикі мұнайын Қытайдың солтүстік-шығысына тасу құбырын салуға Мәскеудің келісім беруден қашқақтауы ресми Бежінді өткен күндерде біраз қынжылтқан болатын. 2 миллиард 500 миллион долларлық мұнай құбырын салу ісінде Қытай мен Жапония өзара жарысқа түсуде. Қытай тарапы мұнай құбырының елдің солтүстік-шығысындағы Дақиң қаласына жеткізілуін қалауда.

Ал, Жапония болса, ол мұнай құбырларының Қытайды айналып өтіп, Ресейдің Находка теңіз айлағына жеткізіліп, өз еліне тасымал ісінің оңайластырылуын көздеуде. Лондонда орналасқан Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының талдаушысы Адам Вардтың пікірінше, Қытай және Жапония елдерімен өз байланыстарын реттеуде Ресей едәуір бас ауыртатындай жағдайға тап болып отыр. Екінші жақты ренжітіп қоймас үшін ресми Мәскеу бұл екі елдің қай-қайсысымен де жеке қарым-қатынас орнатуға құлшынысты болмай отыр-, дейді талдаушы. Осыған қарамастан ресми Бежін Ресеймен жақсы байланыстар орнатуға ұмтылуда. Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, сапар барысында қол қойылатын құжаттар қатарында “Ресейдің Әлемдік Сауда ұйымына мүшелігін қолдайтындығын” айқын көрсететін қағаз да бар көрінеді. Бұл ұйымға Қытай елі 2001-ші жылы мүшелікке өткен болатын.

Ресей ресми тұлғаларының айтуынша, лаңкестік әрекеттерге қарсы күресте әріптестік орнату да күн тәртібіне қойылған. Осындай жалпыға ортақ қатермен табысты түрде күресу үшін күштерді біріктіру, бірлесіп үн қосу, сондай-ақ бұл істе қос стандартты саясат ұстанудан аулақ болу туралы өз ойларын Путин мырза ортаға салды. Сапар барысында ондаған құжаттарға қол қойылмақшы. Олардың қатарында мұнай, газ өндіру, банк ісінде және басқа да салалар бойынша әріптестік орнату сауалдарына арналған құжаттар тұр.
XS
SM
MD
LG