Accessibility links

Күнкөріс деңгейі төмен адамдар саны соңғы бес жылда 2 есеге төмендеген

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігінің төрағасы Қали Сейілбекұлының айтуынша, табысы күнкөріс деңгейінен төмен адамдарды кедейшілік деңгейіндегілердің қатарына жатқызуға болады екен. «Ал ондай адамдар саны соңғы бес жылда 2 есеге дейін төмендеді. 2003 жылдың қорытындысы бойынша, табысы күнкөріс деңгейінен аз болған адамдар саны 19,8 пайыз. Бұл - белгілі ережелерге сәйкес әр халықтың өкілінен құралған 12 мың отбасы іріктеліп алынып, сол отбасыларға жүргізген зерттеудің қорытындысы бойынша анықталып отыр», - дейді Қали Сейілбекұлы.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов «Мен ресми мәліметтерге сенбеймін. Өйткені, ауылға, алыстағы ағайындарға байланысты ол мәліметтер біздің назарымызға аударыла бермейді. Керісінше, Алматы, Астана, Атырау сияқты біршама қаржылық топтар жиналған жерлердің мәліметтері келтіріледі, ол басқа әңгіме», - дейді. Мәжіліс депутаты Мақтай Сағдиевтың айтуынша, Қазақстандағы зейнеткерлер, соғыс ардагерлерін кедейшілік шегіндегі адамдардың қатарына жатқызуға болады, ал ондай адамдар жетерлік. «Өз тарапымнан айтсам, біздегі зейнеткерлер ең төменгі 5 500, 5 600 теңге зейнетақы алады, одан басқа олардың алатын түгі жоқ. 130 мың ардагердің де алатын ақшасы 5 мың 600 теңге ғана. Бұл енді кедейшілік пе, қайыршылық па, не деп айтуға болады?! Әрине, бүгінгі бағамен салыстырғанда кедейшілікке жақын адамдар», - дейді Мақтай Сағдиев.

Жұртшылық өкілдерін әңгімеге тартқанымызда, олардың әрқайсысы Қазақстандағы кедейшілік мәселесін өзінше пайымдады. Гүлназ: «Күнделікті тамағына, күнделікті тұрмысына, өмір сүруіне жалақысы жетпейтін адамдар өте көп. Мысалы, менің өзімнің ай сайын алатын 13-14 мың теңгемді бір айға бөліп көрсеңіз өмір сүруге жеткіліксіз», - десе, Аязгүл: «Мысалы, мұғалімдер мен дәрігерлердің табатын табысы басқа жерде жұмыс істейтін адамдардың табатын табысымен салыстырғанда аз. Сондықтан, оларды да кедейшілік шегіндегі адамдардың қатарына жатқызуға болады», - дейді.

«Статистикалық мәлімет ең бай 10 пайыз және ең кедей 10 пайыз адамдардың арасында кіріс көзі табыс табу деңгейі тұрғысынан алғанда орта есеппен 7 есе аз екендігін көрсетіп отыр. Бұл бірнеше есеге төмендетілген көрсеткіш», - дейді «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов. Оның айтуынша, тұрмыс деңгейін өлшеу үшін бізде көлеңкелі экономиканы азайтып, жалпыға бердей табыс декларациясын енгізу керек, осының өзі бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты өлшеуге өзгеріс енгізеді.
XS
SM
MD
LG