Accessibility links

Қасиетті рамазан айы басталып, дін мұсылман баласы 30 күнге ауыз бекітті


Мұсылмандар үшін қасиетті жұма күні, яғни қазанның 15-інде рамазан айы басталды. 30 күн ауыз бекітіп, ораза ұстаған қауым енді тура бір айдан кейін қарашаның 14-інде ораза мейрамын тойлайды. Осы 30 күн аралықта мұсылмандардың қаріп-қасір, жетім-жесірге беруге тиіс бас садақасы - пітір беріледі. «Пітір-садақаның биылғы бекітілген мөлшері жан басына 30 теңгеден келеді» деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтий Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Жұма, қазанның 15-і күні Алматыдағы мұсылман баласы Орталық мешітке жиналды. 30 күн ораза тұтатын рамазан айының басталуына байланысты Алла үйіне ағылған жұрт алдымен өліге құран бағыштатты. Содан кейін орталық мешіттің имамы Рысбек Мықтыбайұлы жиылған жамағатқа аз-кем тілек айтты:

- Алла өздеріңіздің дендеріңізге саулық, жүректеріңізге иманның байлығын, от-бас, бала-шағаның амандығын берсін. Қасиетті рамазан айында мешітімізге келіп салауат айтқандарыңызға қайыр қылсын. Келесі жылғы рамазанымызға жанымызға жан, басымызға бас қосылып, аман-есен жетуімізге құдай-Тағала нәсіп қылсын. Осы рамазан айы отбасысызға құт-береке, жақсылық, ынтымақ, ауызбіршілік әкелсін. Әумин!

Орталық мешіт имамы Рысбек Мықтыбайұлы оқыған құран сауабын ата-бабаларының рухына бағыштап бет сипасқан қауым келесі кезекте пітір-садақаларын беруге кірісті.

-

Оразаның алдында, халықтың мына рамазан айына деген пейілінен болса керек, бүгін жамағат көп жиылыпты. Ораза ұстағандардың ниеті қабыл болсын. Өзім ауыз бекіткенім жоқ. Ниетім бар. Сол бүгін пітір-садақамды берейін деп келдім.

-

Рамазан айының алғашқы күні айтқан тілегіміз қабыл болсын деген ниетпен келіп отырмын. Барша қалыққа аманшылық тілеймін. Еліміз тыныш болсын.

-

Қазір осы мешітке келетіндердің басым көпшілігі жастар. Енді-енді ғана дінімізге бет бұрып, халықтың ниеті түзеліп келе жатыр. Менің бір тілегім мектептерде 1-ші сыныптан бастап балаларды имандылыққа үйрететін арнайы пән оқытылса.

Пітір садақаның биылғы бекітілген мөлшері жан басына 30 теңгеден екен. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі мәлім етті:

- Ораза ұстауға кіріскенде әуелі ниет ету керек. Таңның атысынан күннің батысына дейін «Алла разылығы үшін ораза ұстауға ниет еттім» деп тілек айтылады. Ораза кезінде тамақ ішуге, су ішуге, темекі шегуге, жыныстық қатынас жасауға, басқа да нәрселерге тыйым салынады. Тек қана тамақ ішпеу, су ішпеу, темекі шекпеу емес оразаны адам тіліне де, құлағына да , көзіне де ұстатуы керек. Тіліне ораза ұстату керек деген сөз – жаман сөз айтпау керек, біреуді балағаттамау керек. Жалпы ислам дінінде ол үлкен күнә саналады.

Бас мүфтий Әбсаттар қажы Дербісәлі пайғамбар Мұхаммед Ғалейссаламның: «кім бір ораза ұстаушыға ауыз ашқызса, оған сол ұстаушының сауабындай сауап жазылады. Ауыз ашқан ораза ұстаушының сауабы кемітілместен сақталады» деп айтқан сөзін мысалға келтіре отырып, рамазан айында жұртты ауызбіршілікте болып, бейбіт тұрмыс кешуге шақырды.
XS
SM
MD
LG