Accessibility links

Медеу аудандық сотында Алматыны Алма-Ата деп жазғаны үшін жауапқа тартылған «АиФ Казахстан» газетіне қатысты 2-ші сот отырысы болды


Жұма, қазанның 15-і күні Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотында «Аргументы и Факты Казахстан» газетінің үстінен шағымданған Мақсұт Оразайдың талап-арызы бойынша 2-ші сот отырысы болды. Мақсұт Оразай сотқа: «аталған басылым Алматы қаласының ресми бекітілген атауын әдейі Алма-Ата деп жазып отыр, осыны ретке келтіруіңізді сұраймын» деп өтініш білдірген болатын. «Аргументы и Факты» газетінің заңгері Илиодор Кальсин: «шағымданушының бұл талабы еш қисынсыз» деген уәж ұстанып отыр. Жұма күні сот отырысында екі жақ кезек тыңдалып, судья Қанат Сырлыбаев келесі сот отырысын қазанның 18-іне белгіледі.

Алматы қаласындағы Медеу аудандық сотына шағым түсірген Мақсұт Оразай: «Қаланың атауы ресми түрде Алматы деп бекітіліп қойылған. Оны Алма-Ата деп жоқ жерден жік шығаруға еш негіз жоқ» дейді:

- Бұлар Алматымды бүлдірмей, өз атымен жазса, менің есебім түгел. Ал егер тіл алмай, қайтадан Алма-Ата деп жазатын болса, бұларға 1 нөмірінің тиражының құнындай айып салыңдар. Ол қаржы Алматы қаласының бюджетіне аударылсын деген талап қойып отырмын.

Ал Мақсұт Оразай жауапқа тартуды талап етіп отырған «Аргументы и Факты Казахстан» газетінің заңгері Илиодор Кальсин: «бұл ретте бұқаралық ақпарат құралына нені қалай жазуы керектігін міндеттейтін заң талаптары жоқ. Яғни бізді жауапқа тартуға еш негіз жоқ» деп отыр:

- Қазақстан республикасының «Тіл туралы» заңында 18-ші бап бар. Ал сол бапта әлгіндей талап қою жөнінде ештеңе жазылмаған.

Ал басылым мен Мақсұт Оразай арасындағы сотқа «мен қазақ тілінің жанашыры ретінде бақылауға келдім» деген «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстандағы Әзербайжан мәдени орталығының жетекшісі Асылы Османова бұл мәселеге қатысты мынандай пікір білдірді:

- Ата заңымызда бар, мәслихаттың шешімі бар. Терминологиялық, ономастикалық комиссиялардың шешімдері бар. Осылай бола тұра, неліктен бір қауым елдің заңына 1 газет бағынбайды. Онда да орыс тілді газеттер бағынбайды. Біз ешкімнің төбесінен соғып жатқан жоқпыз, біреудің кеудесінен қағып жатқан жоқпыз. Сен анда кет деп жатқан жоқпыз. Тек қана Қазақстан республикасының азаматтары осы республиканың заңдарына бағынуы керек деген талап қойып отырмыз.

Жұма, қазанның 15-і күні болған сот отырысында судья Қанат Сырлыбаев екі жаққа кезек сөз беріп, соңынан прокурордың пікірін сұрады. Прокурор Мұрат Төлтебаев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында мынандай ой айтты:

- Мақсұт Оразайдың қойған талаптарын орынды, заңды деп санаймын. Сондықтан да оның талабы соттың шешімімен қанағаттандырылады деп есептеймін. Негізінен ол азамат 1-ақ талап қойған. «АиФ» газеті қалалардың аттарын дұрыс жазсын» дейді. Мен сол талап қанағаттандырылуға тиіс деп есептеймін.

Судья Қанат Сырлыбаевтың соттасушы екі жаққа бейбіт келісімге келу жөнінде айтқан талап-өтініші жүзеге аспады. Газет заңгері Илиодор Кальсин де, басылымды сотқа беруші Мақсұт Оразай да өз ұстанымдарының ақтығын айтып, істі ақырына дейін апаруға құлықты екендіктерін жеткізді. Келесі сот отырысы қазанның 18-іне белгіленді.
XS
SM
MD
LG