Accessibility links

Қазақстанның 3 саяси партиясы Демократиялық күштердің кеңесін құрды


Қазанның 15-і күні Алматыда Қазақстанның оппозициялық бағыттағы партиялары Коммунистік партия, Қазақстанның Демократиялық Таңдауы халықтық партиясы және “Ақжол” партиялары бірігіп, Демократиялық күштердің кеңесін құрды. Бұл туралы “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Коммунистік партияның жетекшісі Серікболсын Әбділдин мәлімдеді.

ҚДТ халықтық партияның саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов:

-Демократиялық күштердің кеңесін құрудағы мақсатымыз – біріншіден - бірігу, екіншіден - 2006 жылғы президент сайлауына ортақ бір кандидат дайындау, үшіншіден - қоғамдағы саяси процестерді тезірек өткізуге атсалысу. Болашақта партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері бірігіп бір альянс құрады деп есептейміз.

Асылбек Қожахметовтің айтуынша, Демократиялық күштердің кеңесі болашақта осы уақытқа дейін билік тарапынан рұқсат берілмей келе жатқан жалпы қазақстандық митингі мен бүкілхалықтық рефердум өткізу мәселесін қолға алмақ. Осы орайда айта кетер жайт жұма күні бірқатар интернет басылымдар мен қазақстандық мерзімді басылым беттерінде Әкежан Қажыгелдиннің қазақстандық оппозиция өкілдеріне арнаған үндеу-хаты жарық көрді. Өз хатында Әкежан Қажыгелдин сайлауда жеңіліс тапқан саяси партияларды “Ақжол” партиясының төңірегіне бірігуге шақырады. Өткен сайлау “Ақжол” партиясының кадр жағынан, құрылымдық саяи әлеуеті жағынан болсын жетекші рөл атқаратындығын көрсетіп берді, дейді Әкежан Қажыгелдин. Демокартиялық күштер біріккен жағдайда қоғамдағы саяси процестерге араласа алады деп жазады. Осы хатқа байланысты біздер сайлаудан жеңіліс тапқан бірқатар партия өкілдеріне қоңырау шалып пікірлерін білген едік. “Ақжол” партиясының тең төрағаларының бірі - Алихан Бәйменов демократиялық күштермен бірігіп, одақ құруға дайын екендіктерін айтты: -Қазір демократиялық күштердің күш біріктіргені еліміздің болашағы үшін керек. Сондықтан белгілі бір саяси әрекетте басқа партиялармен бірігіп одақ құруға дайынбыз.

Ал “Ауыл” партиясының жетекшісі Ғани Қалиев болса оппозициялық күштермен бірігуге дайын емес екендіктерін айтты:



-Бұл мәселені жалғыз мен шешпеймін. Біздің партияның саяси кеңесінің 41 мүшесі, президидумының 9 мүшесі бар. Мен солардың пікірлерімен санасуым керек.

Патриоттар партиясының өкілі Саян Мейірбеков демократиялық күштерге бірігетін уақыт жетті дейді:

-Өз көзқарасым бойынша бірігетін уақыт жетті.

Саясаткер Сейдахмет Құттықадам: “Әкежан Қажыгелидиннің “Ақжол” партиясы төңірегіне бірігіңдер дегені үлкен мәселені аңғартады”, дейді:

-“Ақжол” партиясы өз маңына демократиялық және оппозициялық күштерді жинаса оның тарихи маңызы үлкен болмақ.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткер Шәміл Әбілтай өз пікірін былайша білдірді: -Режимге қарсы дұрыс, өркениетті күресу үшін, халықтың жүрегіне жол таба білу үшін әр азамат “Ақжол” партиясының мүшесі бола білсек.

Саясаттанушы Болат Тілепов барлық демократиялық күштердің бірігіп кетулері екі талай дейді:

- Өйткені, әр оппозициялық күштердің өз мақсаттары бар. Ол мақсаттан әр қайсысылары тайғылары келмейді. Егер де оппозиция өкілдері осы мәселені яғни партия басшылығындағы амбицияларды жойған кезде ғана біріге алады. Осы орайда, оппозициялық күштердің саяси тұғырнамалары бір бірінен алшақ жататыны тағы бар, дейді саясаттанушы Болат Тілепов.
XS
SM
MD
LG