Accessibility links

Жармахан Тұяқбай «Отан» саяси партиясынан кететінін мәлімдеді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

«Отан» саяси партиясы сайлау алданда айтылған міндеттемелерді толық орындаған жоқ,»- деп мәлімдеді Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатын парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай. Оның айтуынша, партия өкілдерінің халыққа шындап бет бұруына сайлау барысындағы науқанға белсене араласқан әкімшілік ресурс мүмкіндік бермепті. «Қазақстанға атқарушы билікке айтқанын істете алмайтын дәрменсіз парламенттің қажеті жоқ,»- дейді «Отан» саяси партиясы төрағасының орынбасары Жармахан Тұяқбай.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай: «қыркүйек айында өткен мәжіліс сайлауы бастан-аяқ заң бұзушылықтарға толы болды. Осыған орай, мен заң шығарушы органда қазіргі мәжілістің жұмыс мерзімі аяқталатын 1-ші желтоқсанға дейін ғана қызмет істеймін. Одан әрі қарай, мәжіліске «Отан» партиясының партиялық тізімімен өткен мүмкіндігімді пайдаланбаймын, және «Отан» саяси партиясының құрамынан шығамын» деген мәлімдеме жасап, Қазақстан президентінің атына үндеу жолдады:

- Осы уақытқа шейін мемлекет басшысы болсын, немесе осы мәселені шешуге тиісті орталық сайлау комиссиясы сайлау кезінде орын алған көптеген заң бұзушылықтарға тиісті баға беріп, өз шешімдерін айтатын шығар дедім. Көптеген соттарға түскен заң бұзушылықтар жөніндегі үміткерлер жазған арыздар объективті түрде қаралып, соларға қатысты оң шешім шығарылатын шығар дедім. Бірақ, соның біреуі де бүгінгі күні сөйтіп жүзеге асып отырған жоқ. Оның үстіне президент Н.Назарбаевтың өзі «бұл сайлау өте әділ өтті» деп мәлімдеме жасады. Сондықтан менің бұл бассыздыққа ары қарай төзуге шыдамым жетпеді. Менің айтарым: мынандай заңсыз жолмен сайланған мәжіліс тиісті түрде таратылып, орнына қайтадан сайлау өткізілуі керек. Және менің осы үндеуіме байланысты бүгінде билік басында отырған тиісті азаматтар, оның ішінде мемлекет басшысы тиісті шешім қабылдап, сайлауды заңсыз деп табуы керек.

Жармахан Тұяқбайдың жасаған мәлімдемесіне орай Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин мынандай пікір білдірді:

- Менің ойымша, бұл кісі сәл кешірек қимылдады. Бұдан ертерек те ол кісінің мұндай пікір туғызатындай мүмкіндігі болды. Бірақ, «сақтықта қорлық жоқ» деген бір жағынан сақтанған да болар. Сонда да дәл осы уақытта ол кісінің үндемей қалмай, пікір білдіруін дұрыс деп санаймын.

Ал Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесіне байланысты саясаткер Заманбек Нұрқаділов былай түсінік берді:

- Халықаралық қоғам үшін, біздің қоғам үшін, біздің халық үшін елдің басшыларының біреуі ашық түрде елдің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады деп есептеймін. Менің ойымша, ол кісі енді алдағы уақытта осы біздің топқа қосылуы мүмкін.

Ал «Отан» саяси партиясы төрағасы орынбасарының кеңесшісі, саясаткер Болатхан Тайжан «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Жармахан Тұяқбайдың мәлімдесінен қатысты мынандай ой айтты:

- Бүкіл мемлекетімізге белгілі мемлекет қайраткерлері Ғ.Жақияновтан бастап А.Сәрсенбайұлы, О.Жандосов, Г.Марченко, Т.Жүкеев тағы да басқа кісілер біртіндеп алыстап жатыр. Біз осыларды тойғанынан секіріп жатыр деп сырттарынан қараламай, неге сөйтіп жатыр деп ойлануға тиіспіз. Міне, енді мәжілістің басшысы да кетіп бара жатыр. Өйткені, біздің қоғамда шешілмеген және шиеленіскен мәселелер көбейіп келеді.

Ресми ақпарат көздерінің хабарлауынша, дүйсенбі, қазанның 18-і күні президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына келіп, облыс активтерімен жиын өткізбек. Бұл ретте мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың осы өңірдің тумасы екенін, алдыңғы сайлауда парламентке осы облыстан сайланғанын айта кеткен жөн. Және бір айта кетер жайт: Алматы қаласында арнайы өткізген баспасөз-мәслихатында Жармахан Тұяқбай негізінен нақ осы өңтүстік аймақтағы заң бұзушылықтар жайында толық хабардар екенін мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG