Accessibility links

Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың “Отан” партиясының қатарынан шығып, мәлімдеме жасағандығына мерзімді басылымдар айрықша назар аударыпты.


“Жас алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында Ұлттық кітапхананың президенті Мұрат Әуезов, мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов және халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың пардамент сайлауы әділ өтпеді деп мәлімдегендігіне қатысты өз ойларын ортаға салыпты. Мұрат Әуезов “Жас алаш” басылымына берген шағын сұхбатында Жармахан Тұяқбайдың дәл осылай мәселені ашып жазғанына қуанғандығын білдіріпті. Мұрат Әуезов мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың бұл әрекетін саналы азаматтың қадамы деп бағалапты. “Сайлау кезінде болған қылмысты еш жерде айтпай, тезірек ұмытайық деп жатқандар бар. Бірақ, бұл жара ешқашан ұмытылмайды. Сол себептен Жармахан Тұяқбайдың бұл ерлігін ерекше бағалаймын” дейді Мұрат Әуезов. Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов болса, “Мәжіліс спикерінің сол партияның қатарында бола тұрып, осындай былықтарға наразылық білдіруі Жармахан Тұяқбайдың үлкен саясатқа деген, өмірге деген, демократиялық құндылықтарға деген өзіндік пікірі деп есептеймін. Ендігі жерде өзіндік пікірі бар азаматтардың бәрі де ойланатын шығар деп ойлаймын” деген пікір білдіріпті. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың айтуынша, Жармахан Тұяқбай – жеңген партияның өкілі, соның басшыларының бірі. “Сондай адамның ашық пікір білдіруін әбден жетесіне жеткеннен кейін, жанына батқаннан кейін білдіріп отырған жанайқайы ма” деп қалдым. Жармахан Тұяқбай, жалпы бұрын да әділдігімен, орнықтылығымен танылған азамат қой, осы жолы да әділ пікір айтып отыр” дейді халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов. “Айқын” басылымының хабарлауынша, мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай мәжілістің жаңа құрамында істеуден бас тартып, “Отан” партиясының қатарынан шығатынын мәлімдеген. Мақала авторының айтуынша, Жармахан Тұяқбай өткен сайлауды легитимді емес деп тануды, сөйтіп қайтадан сайлау өткізуді талап етіп отыр. Сондай-ақ мақалада дәл сол күні республикалық “Отан” саяси партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Айдар Әлібаевтың мәлімдемесінің таратылғандығы да сөз болыпты. Мәлімдемеде “Отан” партиясы сайлау алдындағы компанияда ешқандай бұрмалаушылыққа жол бермеді” деп айтылыпты. “Литер” басылымының сейсенбілік санында жарық көрген Игорь Неволиннің мақаласында да бұл оқиғаға айрықша назар аударылыпты. Газет тілшісінің мақаласында “Транспаренси Қазақстан” халықаралық ұйымының атқарушы директоры Сергей Злотниковтың “Жармахан Тұяқбайдың бұл мәлімдемесін алдағы өтетін сайлаудың бастамасы ретінде қабылдау қажет” деген пікірі келтіріліпті. Сергей Злотниковтың айтуынша, алдағы өтетін президенттік сайлауда бағын сынау үшін мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай осындай мәлімдеме жасап отыр. Ал, “Экспресс К” басылымы болса, Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың алдағы президенттік сайлауға түсу туралы ойының жоқ екендігін мәлімдегендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Жармахан Тұяқбай сайлау легитимді өтпеді деп тану, ол үшін ең маңызды мәселе болып табылатындығын және бұл оқиғаға президенттің қаншалықты мән беретіндігін күтетіндігін тілге тиек етіпті. Сонымен қатар мерзімді басылымдарда терроризмге қарсы күрес туралы мәселе де кеңінен сөз болыпты. “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің “республика территориясында түрлі террористік ұйымдардың бар екендігі туралы” деректерді жоққа щығармайтындығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүігнсек, Қазақстанның кейбір аймақтарында террористік ұйымдар мен содырлар үшін құпия түрде қаржы жиналады екен. “Известия” басылымының “Қазақстан” қосымшасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының “Әль Қайда”, “Шығыс Түркістан ислам партиясы”, Күрд халық конгресі ”, Өзбекстан ислам қозғалысы” атты төрт халықаралық ұйымның қызметіне республика территориясында тиым салынғандығын хабарлапты. Мақала авторы Қазақстан мемлекетінің мұндай шешім қабылдауын республиканың терроризмге қарсы күреске қатысты қабылданған халықаралық конвенцияға қосылуымен байланыстырып өтіпті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі Еркін Тукумов та “Айқын” газетіне берген сұхбатында осы мәселеге айрықша тоқталып кетіпті. Еркін Тукумовтың айтуынша, Қазақстанда басқа елдердің жауын өзіміздің жауымыз деп қабылдау тенденциясы бар. “Күрді халық конгресі” ұйымының Қазақстанға қандай қауіп төндіріп тұрғанын көріп тұрған жоқпын дейді Еркін Тукумов. Еркін Тукумовтың айтуынша, қоғамның тұтастығын, қауіпсіздік мәселесін жолға қою үшін мемлекеттік дін саясатын қалыптастыру керек.
XS
SM
MD
LG