Accessibility links

Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аманкелді Алпысбаевты атып кетті

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы Әйтеке би селосының тұрғыны облыстық мәслихат депутаты Аманкелді Алпысбаевты белгісіз біреулер өлтіріп кетті. Оқиға болған жерге жедел жеткен полиция қызметкерлері оның сол жақ кеудесіне тиген оқтан жан тапсырғандығын анықтады. 1964 жылы туған Аманкелді Алпысбеков «Атамекен» фирмасының директоры, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Асар» партиясының мүшесі болды. Криминалдық полицияның алғашқы болжамдарына қарағанда, көшедегі жастардан жәбір көрген жиенін қорғауға ұмтылған оған қару кезенгендер тал түсте атып кеткен.

Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі Нәжімеден Шаймұратовтың айтуынша, бұл мәселеден саяси астар іздеу қисынсыз. «Аманкелді Алпысбеков көзінің тірісінде «Асар» партиясының мүшесі болғаны рас. Бұл оқиғаның өткен Парламент Мәжілісіне депутат сайлауына еш қатысы жоқ. Ол жәбір көрген жиеніне көмек беремін деп оққа байланды»,- дейді әкім.

Қызылорда облыстық тергеу басқармасының бастығы Ғанибек Отарбаев бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері айналысып жатқандығын бастапқы тергеу барысында марқұмның жиеніне болысқаны расқа шыққандығын айтады.

Осы уақиғаға байланысты журналистік зерттеу жүргізген қызылордалық журналист Миуа Байназарова әзірге төмендегідей жайтты анықтағанын айтады. «Қазанның 19-ы күні сағат төрттер шамасында Аманкелді Алпысбековтың жиені көшеде жастардан таяқ жеп үйге келіп, ағасын көмекке шақырған. Одан кейін уақиға былайша өрбіген. «Үйдегі мылтығын ала шыққан Аманкелді Алпысбаев жастардың бірін аяғынан атып жаралаған. Олар топтаса қайта келіп, қаруға таласқанда мылтық атылып кетіп иесі жазым болған»,-дейді

Облыстық тергеу басқармасының бастығы Ғанибек Отарбаевтың айтуынша, қылмыстық уақиға болған жерден бірнеше мылтық оның ішінде марқұмның өз атына тіркелген 12-ші ұңғылы аңшы мылтығы да табылған көрінеді.

Сонымен, Қызылорда облыстық тергеу басқармасының бастығы Ғанибек Отарбаев әзірге тергеу жүргізіліп жатқандықтан мәліметтерді жариялауға ертерек екендігін барлық сараптау қорытындылары шыққан соң ғана толық ақпарат алмасуға болатындығын айтты.
XS
SM
MD
LG