Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10- 21-2004


Бейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың “Отан” партиясының қатарынан шығып, мәлімдеме жасағандығына айрықша назар аударыпты. Оның бұл қадамына республикалық басылымдар әр түрлі баға беріпті. Кейбір басылымдар егер президент Жармахан Тұяқбайдың сөзіне құлақ аспаса, және өткен сайлауды жарамсыз деп деп таппаса, келешекте мәжіліс төрағасы оппозиция қатарына кетуі мүмкін деген болжам жасапты.

Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың сайлау әділ өтпеді деп мәлімдегеніне және “Отан” партиясының қатарынан шыққандығына айрықша назар аударған, газеттің бірнеше бетінде мақалалар топтамасын ұйымдастырған “Мегаполис” апталығының бейсенбілік санында бұл оқиға “саяси бомба” деп бағаланыпты. Осы оқиғаның мән-жайысын егжей-тегжейлі баяндаған газет тілшісі Евгений Рахымжанов, мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың мұндай аты-шулы мәлімдеме жасауының бірнеше себебі болуы ықтимал деген ой айтады. Солардың бірі ретінде мақала авторы Жармахан Тұяқбай мен Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың арасындағы болған теке-тіресті атап өтіпті. Бұған дәлел ретінде газет тілшісі Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр қызметін атқарып тұған кезде, Жер Кодексін өткізуге байланысты үлкен дау-дамайдың туындағандығын және төменгі және жоғарғы палатаның бір топ депутаттарының үкіметке сенімсіздік білдіргендігі туралы мысалдар келтіріпті. “Тағы бір болжам бойынша мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай 2006 жылы өтетін сайлауда өз кандидатурасын президенттікке ұсыну үшін дайындық жасап жатыр” дейді мақала авторы.

Ал, Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов “Время” газетінің тілшісі Виктор Веркке берген шағын сұхбатында, бұл мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың жеке шешімі және мен бұл сайлауға ешқандай да бақылау жүргізген жоқпын дегенді айтыпты. Иманғали Тасмағамбетов сайлау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілді деп санайды екен. “Сайлауда әкімшілік ресурс қолданылды дегендерге мен жеңіс үшін әкімшілік ресурстан басқа қаржылық, ақпараттық және интеллектуалдық ресурстардың да керектігін талай рет айтқанмын. Егер де сайлаудың әділ өтпегендігіне күмән келтірушілер табылып жатса, Қазақстан Республикасының заңнамасы, соты бар емес па? Осы мекемелерге шағымдансын” дейді Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов.

Бұл тақырыпқа оппозициялық бағытты ұстанатын “Сөз” басылымы да айрықша назар аударып, әр түрлі саясаттанушылар мен саясаткерлердің пікірін жариялапты. ”Сөз” газеті арқылы өз ойын білдірген сенатор Зәуреш Батталованың айтуынша, мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі Қазақстандағы үлкен саяси дағдарыстың болып жатқандығын аңғартады. Сенатор Зәуреш Батталованың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда саясидан гөрі олигархиялық бәсекелестік жүріп жатыр. Зәуреш Батталов сайлауға бақылау жүргізген президент әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов ең алдымен жеке мүдде-мақсатты көздеп, өз адамдарын өткізу үшін бар күшін салып, президенттің саясатына қарсы қадам жасады деп есептейді.

Кәсіпкер Болат Әбілов болса, “Сөз” газеті арқылы мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі сайлаудың нәтижесімен емес, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған саясаттың көлеңкелі жақтарымен байланысты деген пікір білдіріпті. Саясаттанушы Нұрболат Масанов болса, соңғы жылдары болып жатқан оқиғалардың бәрі де мемлекет басшысының ішкі элитаның арасындағы процесті бақылаудан айырылып бара жатқандығын аңғартатындығын білдіреді деп пайымдайды. “Ең бастысы Қазақстандағы саяси элита өзінің қауіпсіздігі үшін алаңдаушылық танытып отыр. Олардың бәрі де президенттің белгіленген шеңберден аттап кетіп, алаңсыз өмір сүруінің кепілі бола алмайтынын айқын сезіне бастады. Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі мен Григорий Марченконың отставкасы осының айын дәлелі” дейді саясаттанушы Нұрболат Масанов.

“Ана тілі” газетінің тілшісі Нұрлыбек Саматұлы аты аталған басылымда жарық көрген “Ол “Отаннан” теріс айналды” атты мақаласында мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың аты шулы мәлімдемесі, енді жыл соңына шейін қоғамда үлкен әңгіме болады деген қорытынды жасапты. Мақала авторының айтуынша мәжіліс төрағасы Жармахан Тұқябайдың сайлауды заңсыз деп мәлімдеуін ешкім де күтпеген. “Өйткені ол өзі төрағаның орынбасары болып табылатын “Отан” партиясы жаңа сайланған Парламенттен 53 орынды иеленді. Оның жетеуі партиялық тізіммен өтеді. Ал, ол тізімнің басында Жармахан Тұяқбайдың өзі тұр. Оның үстіне партиялық тізімге қосылар алдында және партия жетекшілерінің біріне тағайындалардан бұрын және сайлаудан соң, егер “Отан” партиясы жеңіске жетер болса, оны мәжілістің төрағалығына сайлауға Мемлекет басшысының өзі қолдау білдірген көрінеді” дейді Нұрлыбек Саматұлы.

“Азат” газетінің соңғы санында да “Жарайсың, Жармахан мырза” деген тақырыппен мақалалар топтмасы жарық көріп, мәжіліс төрағасы осы мәлімдемесі арқылы елімен, халқымен бірге екендігін байқатты деген сөздер айтылыпты.

“Экспресс К” газетінің бейсенбілік санында жарық көрген Андрей Ждановтың мақаласында Жармахан Тұяқбай осындай мәлімдеме жасауы арқылы Қажыгелдин, Нұрқаділов, Сәрсенбаев, Әблязов, Жақиянов, Жандосов, Бәйменов, Әбілов, Ертілесова сынды оппозиционерлердің қатарына қосылды деген қорытынды жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, аты аталған адамдардың бәрі де кезінде президентке адал қызмет етеміз деп ант беріп, кейіннен оны сатып кеткендер.

“Түркістан” басылымның тілшісі Гүлбиғаш Омарова, егер президент Жармахан Тұяқбайдың жасаған мәлімдемесіне құлақ аспаса және өткен сайлауды жарамсыз деп тапппаса онда ол ойланбастан оппозиция қатарына өтіп кетуі мүмкін” деген болжам жасапты. Мақала авторының айтуынша, “Жармахан Тұяқбай сайлау әділ өтпеді деу арқылы ешқандай жаңалық ашқан жоқ. “Бірақ “Отан” партиясы мүшесінің осылай деп жариялауы “президент командасының” ішінде алауыздықтың басталғандығының белгісі болуы ықтимал” дейді “Түркістан” газетінің тілшісі Гүлбиғаш Омарова.
XS
SM
MD
LG