Accessibility links

А. Ермегияев: “Отан” партиясы мәжіліс сайлауында әділ жолмен жеңіске жетті”

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазанның 19-ы күні Алматыда “Отан” партиясы өкілдері дүйсенбі күнгі Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың «қыркүйек айында өткен мәжіліс сайлауы бастан-аяқ заң бұзушылықтарға толы болды. Келесі шақырылымдағы “Отан” партиясының партиялық тізімімен өткен мүмкіндігімді пайдаланбаймын» деген мәлімдемесіне қарсы мәлімдеме тартты. Амангелді Ермегияев: “өткен сайлауда отандықтардың елеулі жеңісіне партияның 5 жылдан бергі қоғамдағы саяси үрдістерге белсене араласуы басты себеп болды. Сайлау сияқты саяси мәселелерге пікір білдіруге, партия қатарынан шығуға кез-келген азаматтың құқығы бар” деді: -“Отан” партиясының атынан мәлімдеме жасап отырған Жармахан Тұяқбайдың қандай пікір айтам десе өз еркі. Суын ішкен құдығыңа түкірме деген жақсы сөз бар. Жармахан Тұяқбаймен парламент шектеліп қалған жоқ.

Амангелді Ермегияев: “жаңа парламентте кім мәжіліс төрағасы болады оны шешу депутаттардың құзырында. Бірақ бұл мәселеден “Отан” партия да тыс қалмайды. Құдайға шүкір қазір мәжіліс төрағасы болуға қабілетті “Отан” партиясында 5-6 депутат бар”, деді. Оның айтуынша, мәжіліс төрағасы болу Жармахан Тұяқбайға тіреліп қалған жоқ.”Отан” партиясы сайлауда өкілетті билікке жету үшін күресті. Сайлауды заңсыз деп тануға еш негіз жоқ. Себебі, 44 мемлекеттен келген 1000 астам бақылаушылар сайлауға әділ деп өз бағаларын берді. Олардың ешқайсысы да сайлауды “заңсыз” деп тану жөнінде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ”, деді. Бұл пікірге депутат Амалбек Тшан: ”Жармахан Тұяқбай жеңілтектікпен пікір білдіретін саясаткер емес. Ол әділетсіздікке төзе алмай, азаматтық қадамға барды”, дейді: -Бұмалаушылықтар өмір бойы жалғасып келеді. Демократиялық қоғам құрамыз деп отырып, бұрмалаушылықтармен келген депутаттар кімнің мүддесін ойлайды? - деген cауал Жармахан Тұяқбайды қатты толғандырған болу керек. Сондықтан партиядан шығып, ондай партияның мүшесі бола алмаймын деуінің негізі бар. Президент енді ойлануы керек. ЖармаханТұяқбай сияқты азаматтардың пікіріне құлақ аспаса онда президент кімді тыңдайды?

Ал депутат Рамазан Сәрпеков: “Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесіне пікір айтудан аулақпын. Өзім сайлауға түскен округте сайлау әділетті өтті деп айта аламын”, дейді: -Менде сайлауға түстім. “Отан” партиясының мүшесі болсамда жеңіліп қалдым. Қазақстан бойынша сайлауға баға бере алмаймын.

“Ақжол” партиясының тең төрағаларының бірі - Алтынбек Сәрсенбайұлы сайлаудың әділетсіз өткендігі оппозиция ғана емес президенттің жақтастары да мойындап отыр дейді: -Есіңізде болса, Григорий Марченко президенттің сол кездегі көмекшісі сайлау әділетсіз өтті деді. Енді Жармахан Тұяқбайдың аузынан естіп отырмыз. Егер де мемлекет басшысы осы мәлімдемелерді ескеріп қайта сайлау өткізуді белгілемесе, әділетсіз сайлауды өткізуге бірден-бір себепші адам – президент деп түсінеміз. Назарбаевтың бірінші конституциялық міндеті – сайлаудың әділетсіз өткендігіне тексеру жүргізіп, қорытындысын кері шегеру. Оған қатысты адамдарды жауапқа тартып, елімізде жаңа сайлау тағайындау.

Ал “Азаматтық” партияның жетекші Азат Перуашевтің пікірі мынадай: -Әр партия ішкі пікір-таласқа, нақты диалогқа дайын болу керек. Жармахан Тұяқбайдың партия қатарынан шығуы Отан партиясына да, Жармахан Тұяқбайға да сәтті қадам емес.

ҚДТ халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова: “Бұл Жармахан Тұяқбайдың аяқ астынан оянғаны емес, дейді: -Бұл біздің елімізде билікте береке-татулықтың жоқтығын дәлелдеп отыр. Ермегияевтың сайлауға беріп отырған бағасын объективті баға деп қабылдауға болмайды. Өйткені Ермегияевта одан басқа жол жоқ. Ал Жармахан Тұяқбайдың бұл мәлімдемесі биліктегілерге бір ой салады деп айтудың өзі қиын.
XS
SM
MD
LG