Accessibility links

Қазақстанға НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер келді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Сейсенбі, қазанның 19-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер мырзаны қабылдады. Қазақстан республикасы мен НАТО арасындағы байланыс 1992 жылы Қазақстанның Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық Кеңесіне мүше болуынан басталған болатын. «Біз Қазақстанмен арадағы байланысты одан әрі нығайта түспекпіз. Өйткені, Қазақстанның Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында алар орны ерекше» дейді президент қабылдауынан шыққан НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер. Саясаттанушы Ерлан Қарин: «Қазақстанның НАТО-ға көбірек иек артуы елдің солтүстік көршісі әрі бүгінгі таңдағы басты әріптесі болып табылатын Ресей Федерациясына аса ұнай қоймайды» деп отыр.

НАТО-ның бас хатшылығы қызметіне үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап кіріскен Яаап де Хооп Схеффер мырза Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен негізінен НАТО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты ары қарай дамыту түсу мәселелері талқыланғанын айтты. 1994-ші жылы НАТО-ның «Әлем атынан әріптестік» бағдарламасының құжатына қол қойған Қазақстан аталған бағдарламаға қатысушы 19-шы мемлекет болып бекітілген болатын. «Біз қазір Орталық Азия мемлекеттеріне ерекше мән беріп отырмыз» дейді НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер:

- Біз президент Н.Назарбаевпен Ауғаныстан жөнінде пікір алмастық. Өйткені, Қазақстанның ол аймақтағы алар орны ерекше. Сондай-ақ екеуара әңгімеге Қазақстан бітімгершілік жасақ аттандырған Ирак мәселесі де арқау болды. Бұл ретте біз Қазақстан президентінің НАТО-ның Ауғанстандағы іс-қимылын одан әрі кеңейте түсу қажет деген пікірін толық қуаттаймыз. Ауғанстандағы жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бүгінгі таңда бәріміз де мүдделіміз.

«Қазақстанның күн өткен сайын НАТО-мен тығыз қарым-қатынас орнатуға күш салуы көбінде көршілес Ресей Федерациясы жүргізіп отырған саясатпен ұштаспай жатады» дейді саясаттанушы Ерлан Қарин:

- Кейінгі кезде Мәскеу бұл мәселеге орай жиі-жиі алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені, бір жағынан Ресеймен байланыс орнатуға, қарым-қатынасты дамытуға мүдделі деп отырғанмен Астана кей кездері астыртын түрде НАТО-мен арадағы байланысты одан да белсенді түрде жүргізіп отырғанға ұқсайды. Себебі, Қазақстан мен НАТО арасында серіктестік жөнінде арнайы бағдарлама бар. Бір жағынан ол дұрыс. Бірақ, қазіргі уақытта аймақта бір-біріне қарама қайшы бірнеше қауіпсіздік институттары қалыптасып отыр. Оның барлығын сәтті, икемді түрде тоғыстыру күннен-күнге қиындап бара жатыр.

2002-ші жылдан бері Қазақстан республикасының қорғаныс министрлігі мен Америка құрама штаттарының қарулы күштері біріккен әскери оқу-жаттығу шараларын өткізіп келеді. «Биыл қорғаныс министрлігі әуе қорғаныс жүйесін жетілдіру бойынша тендер жариялап, өзінің бұл ретте батыстық жүйеге ықылас білдіріп отырғанын байқатты. Осы әрекет Ресей тарапынан жылы қабылдана қоймады» дейді саясаттанушы Ерлан Қарин:

- Қазақстан күннен-күнге өзінің көп векторлы саясатымен өзін-өзі сыртқы саяси тығырыққа апарып тіреп отыр. Менің ойымша, сонда да болса НАТО-мен байланысты дамыта беру керек. Себебі, Ресей орталық Азиядағы немесе басқа бір аймақтағы шиеленістерді, қақтығыстарды шешуге дәрменсіз. НАТО болса, қазіргі уақытта ең бір нәтижелі қорғаныс жүйелерінің бірі.

Қазақстан мен НАТО арасындағы қарым-қатынасқа байланысты «Азаттық» радиосына сұхбат берген әскери сарапшы, Қазақстан республикасының қорғаныс министрлігі ғылыми орталығының бас маманы Ким Серікбаев: «Қазір бұрынғыдай Варшава келісім-шарты бойынша құрылған әскери Одақ, яғни НАТО-ға бәсекелес болатын құрылым жоқ. Соған байланысты НАТО-ның саясатын аздап өзгерту қажет» деген ой айтты:

- Мына шиеленіс болған жағдайларда мәселені тек қана бомбамен, зеңбірекпен шешу емес, саясат мәселесімен шешу керек. Бомбамен шешетіндей жағдайға жеткізбеу керек. Ол үшін бітімгершілік әскерін көбейту қажет. Міне осы жағынан НАТО-ның білегін жуандатуға тиіспіз.

Орталық Азия мемлекеттеріне жасаған сапарының аясында Қазақстанға келген НАТО-ның бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер мырза сондай-ақ Қазақ республикасының сырты істер және қорғаныс министрлерімен де кездеспек.
XS
SM
MD
LG