Accessibility links

Н.Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті


Бейсенбі, қазанның 21-і күні Қазақстан республикасының президенті Н.Назарбаев Қазақстандағы 30-ға жуық зиялы қауым өкілін Алматы қаласының маңындағы «Арман» резиденциясында қабылдады. Журналистер шақырылмай, жабық есік жағдайында өткен басқосуда «негізінен мемлекеттік тіл мәселесі мен «мәдени мұра» бағдарламасы төңірегінде сөз болды» дейді мәдениеттанушы Мұрат Әуезов. Сондай-ақ осы жиында президент қыркүйек айында өткен мәжіліс сайлауы туралы да көзқарасын білдіріпті.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталының айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі 30-ға жуық зиялы қауым өкілінің басын қосып өткізген жиынында саясат мәселесі мүлдем ауызға алынбапты:

- Саяси мәселелер көтерілген жоқ. Өзі дәстүрлі мәдениет мәселесі ғой. 1-ші: «мәдени мұра» бағдарламасы, 2-ші: қазақ тілі мен ұлтының жағдайы туралы мәселе.

Ал мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «президент негізінен мемлекеттегі ішкі тұрақтылық, ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды» дейді:

- Сөз арасында ол кісі осы күнгі жағдай, сосын өткен сайлауға байланысты пікірін білдірді. Президент сайлауға қатысқан көптеген шет ел өкілдерінің сөздерін мысалға келтіре отырып: «Жалпы сайлау дұрыс өтті» деді.

Осы ретте парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы: «президент дүйсенбі, қазанның 18-і күні «мәжіліс сайлауының қорытындысын жоққа шығару керек» деп мәлімдеме жасаған Жармахан Тұяқбайдың есімін зиялы қауым өкілдерімен өткізген жиынында бір-ақ рет ауызға алды» деп отыр:

-

Ж.Тұяқбайдың аты тек Америка Құрама Штаттарының департаментіне байланысты айтылды. Ол кісі қыркүйектің 20-сы күні өткен сайлауға оң баға берген екен. Елбасы сол туралы айтып өтті.

-

Ал Ж.Тұяқбайдың одан кейінгі жасаған мәлімдемесі туралы ештеңе айтылған жоқ па?

-

Жоқ. Ол жайында әңгіме болмады.

Президент қабылдауында болған жазушы Дулат Исабековтың айтуынша, осы жиында Нұрсұлтан Назарбаев өткен мәжіліс сайлауын жоққа шығару тұрғысында ешқандай әңгіме болмауы қажеттігін баса айтыпты:

- «Сайлау әділ өтпеді деген пікірлер бар. Соларға байланысты қандай іс-шаралар қолданылуы мүмкін» деген сауалдар қойылды президентке. Ол кісі: «мен президент ретінде қатаң шараларға бармаймын. Ол кемшіліктерді біз жұмыс барысында сөйлесіп шешеміз. Мұндай нәрсе бола береді. Ешқандай сайлау ешқандай елде тыныш өтпеген.» деген жауап берді.

«Басқосуда мемлекеттік тіл мәртебесі жайында мәселе көтердім»деген осы сайлауда мәжіліс мандатына қол жеткізген, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов жиын барысында қозғалған саяси тақырыптар жайында түсінік беруден бас тартты:

- Мен ол жайында ештеңе айта алмаймын. Басқалардан сұрап алсайшы. Ол кісі саясат мәселесіне қысқаша ғана тоқталып өтті.

Жазушы Дулат Исабеков: «жиын соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдеріне мынандай өтініш-ұсыныс айтты» дейді:

- «Сіздердің қолдарыңызда қаламдарыңыз бар, ауыздарыңызда сөздеріңіз бар. Елдің бірлігін сақтаңыздар. Алауыздық тумасын. Бізге тыныштық, бейбітшілік керек. Сондықтан, сіздерден өтініш: ел арасында жүрсіздер біздің саясатымыз бар, алға қойып отырған мақсатымыз бар, соны түсіндіріп, айтып жүріңіздер. Жалпы зиялы қауым өкілдерімен кездескендегі мақсатым - осы» деді президент.

Осы басқосуға қатысқан белгілі себептермен есімін атамауды жөн санаған тағы бір азамат: «президент негізінен жуырда ғана елді елең еткізген мәлімдеме жасаған мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай төңірегіндегі әңгімені дабыралатпау жөнінде талап-өтініш айтты» дегенді жеткізді.
XS
SM
MD
LG