Accessibility links

Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің 1-ші кезеңі басталды

  • Айнагүл САҒДИ

Қазанның 25-і күні Астанада VII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің классикалық музыка номинациясы бойынша 1-ші кезеңі басталды. 1998 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан бұл шара алғашында республикалық байқау, кейіннен ауқымын кеңейтіп Халықаралық фестиваль ретінде жарияланып келеді. «Халықаралық «Шабыт» фестивалі ресми түрде 3-ші қараша күні басталады. Ал жыл сайын фестиваль аясында классикалық номинация бойынша өткізілетін байқауды ертерек бастап отырмыз. Биылғы байқауға камералық музыка, трио, квартет, квинтет және ансамбль бойынша қатысушылар сынға түскелі отыр. Байқаудың фестивальдан айырмашылығы байқауға тек кәсіби музыканттар қатысады», - дейді Қазақ ұлттық музыка Академиясының шығармашыл жұмыс және халықаралық байланыс проректоры Ғани Нұрғазиева. Оның айтуынша, қазылар алқасының мүшелігіне 30-ға жуық Қазақстаннан және шет елдерден келген мәдениет және өнер қайраткерлері кіріп отыр. «АҚШ, Жапония, Италия, Румыния, Германия, Австрия, Франциядан келді, Қазақстаннан 5 адам және Ресей мен Қырғызстаннан бір-бір адамнан келіп отыр», - дейді.

«Классикалық музыка, журналистика, танымдық және деректі фильмдер конкурсы, әдебиет, бейнелеу өнері, эстрадалық жанр, цирк өнері, театр өнері, классикалық би және халық музыкасы номинациясы бойынша өткелі отырған фестивальға қатысушылар саны жыл сайын арта түсуде. Фестиваль жайлы интернет желісі арқылы көптеген мемлекеттер біліп жатыр. Биыл 20-дан астам мемлекеттерден бір жарым мыңнан астам қатысушылардан өтініш түсті. Эстрада, цирк, театр жанры бойынша Қырғызстанның өзінен 50 –ге жуық адам келейін деп отыр», - дейді Астана қалалық Мәдениет департаментінің директоры Бекболат Байсағатов.

Ал фестивальға журналистика және әдебиет номинациялары бойынша қатысқалы отырған Ләзиза Имашева «Шетелді былай қойғанның өзінде Астанадан басқа қалаларда тұратын жастардың өзінің Шабыт фестивалі жайлы мағлұматтары аз. Көбіне Астана қаласы бойынша жастар қатысады. Өткен жолы Алматыға барған кезімде КазГУ-дың студенттеріне Шабытқа қатысыңдар деп айтып жатсам, «ол не нәрсе, қашаннан бері болып жатыр?» - дейді. Биыл 7-ші рет өтейін деп отыр, бірақ мұның Қазақстан бойынша хабарландыруы дұрыс болмай жатыр. Сондықтан, ауылды жерлерде көп көрінбей жатқан жастарға қиынырақ болып тұр. Содан кейін Астанаға келіп қатысудың өзі кез-келген адамға оңай емес, қаражат жағын алсақ та қиынырақ тудыруы мүмкін», - дейді. Ал Бақытжан Нұрымбетов Шабыт фестиваліне биыл алғаш рет қатысқалы отыр екен. «Дайындалып жүргеніме 2 жыл болды, бірақ бір жолым болмай жүр. Бір жағынан қаржы мәселесі, екінші жағынан ән таңдау жағы да қиынға соқты. Ал биыл өз бағымды сынап көрмекшімін. Өтінішімді бердім, музыка дайын, өзім де дайынмын деп ойлаймын. Мен бұл жолы бірден екі номинация бойынша қатысқалы отырмын. Біріншісі, эстрада жанры бойынша, екіншісі, театр өнері», - дейді.

Астана қалалық Мәдениет департаментінің директоры Бекболат Байсағатовтың айтуынша, Шабыт фестивалінің бірінші кезеңі қазанның 25-і күні басталса, негізгі екінші кезеңі қарашаның 3-і мен 8-і аралығында өткізіледі. Биылғы фестивальдың лауреаттарына «Шабыт» медалі және дипломанттарға дипломдар мен арнайы жүлделер тағайындалған, ал ең дарынды қатысушы Қазақстан Президентінің кубогына ие болады.
XS
SM
MD
LG