Accessibility links

Қазақстан халқы республика күні мерекесін тойлауда


Дүйсенбі, қазанның 25-і күні Қазақстан халқы республика күні мерекесін тойлауда. Осыдан 14 жыл бұрын Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары мемлекеттің егемендігі туралы декларацияны қабылдаған болатын. Осы даталы күнге орайластырылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, эстрада әншілері думанға жиылған қауымға әннен шашу шашуда.

Мерекелік шараны ұйымдастырушылар бұл даталы күнді тойлау уақытын сағат түскі 12-ге белгілесе де Алматы қаласындағы республика алаңына «республика күні» мерекесін тойлауға ниет білдірген халық таңертеңгі 10-нан бастап жиналды. Осылайша, 1-2 сағат бойы сауықшыл қауым алаңда өнер көрсетуге тиіс балалардың дайындығын тамашалады. Республика алаңына жиылған халық нөпірі қалыңдай түскен уақытта мерекелік шараның ресми түрде ашылуы басталды. Біз осы ретте Алматы қаласындағы республика алаңына келген жұртшылыққа микрафон ұсынып, тойланып жатқан мереке турасындағы пікірлерін сұраған едік:

- Бүгін Қазақстан мемлекеті құрылған 25-ші қазан республика күні мерекесі деп естідік. Біз 2 ай бұрын ғана Қытайдан көшіп келген оралманбыз. Бүгін әдейілеп осы алаңға шығып, қалай тойланатынын тамашалап тұрмыз.

- Бүгін бүкіл Қазақстан азаматы үшін үлкен мереке. Өйткені, бұл – тәуелсіздіктің бір белгісі. Мінекей Қазақстанның барша халқы осындай мерекені ойнап-күліп қарсы алып жатыр. Бұл мереке әр отбасына тек бақыт, құт әкелсін.

- Бүгін республика күні. Бәріміз де қуаныштымыз. Барлық бала-шағамызбен осында тойлауға келіп тұрмыз. Еліміз тыныш, бейбіт заман болсын әрдайым.

Осыдан 14 жыл бұрын тәуелсіздік декларациясын қабылдаған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің құрамында болған Серікболсын Әбділдин сол күнді былай есіне алды:

- 1990-жылдың 25-ші қазанында Кеңес заманы болатын. Ауа-райы тура осындай болатын. Жалпы ол кездегі саяси жағдай нағыз шиеленісіп тұрған еді. Кеңес Одағының өзі әлсіреп, ең бірінші Балтық жағасындағы, содан кейін Кавказ елдері өздерінің егемендігі туралы шешім қабылдады. Біздің еліміз де сол дүрмекке қосылып, Қазақтың Кеңестік Социалистік республикасы Кеңес Одағының құрамында өзінің үмітін жариялаған. Декларация деген – ол жай ниет. Оны толықтай егемендік деп есептеуге болмайды. Сол ниетті айтудың өзі үлкен қиыншылыққа ұшыратты. Өйткені, біздің республикамыз көп ұлтты болатын. Бұл ретте тіл мәселесі, жер мәселесі, меншік мәселесі, Кеңес Одағының қарамағында қандай меншік болуы керек, республика немен шұғылдануы керек деген әңгімелер көп көтерілді.

Арнайы ұйымдастырылған концерттік шара барысында Алматыдағы бас алаңға жиылған жұртшылыққа Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштықұлова президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнін орындады.
XS
SM
MD
LG