Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-22-2004


Мерзімді басылымдар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зиялы қауым өкілдерімен кездескендігіне айрықша назар аударыпты. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов оппозициялық бағытты ұстанатын “Республика” басылымы арқылы Мемлекет басшысына тоғыз сауал қойыпты.

“Айқын” газетінің жұма күнгі санында жарық көрген Ораз Әлімбековтың мақаласында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зиялы қауым өкілдерімен кездескендігі айтылыпты. Мақала авторының хабарлауынша, кездесу барысында жазушы Смағұл Елубай қазақ тілінің проблемалары мен оны дамытудың қажет бағыттары жайында әңгімелеген. Жазушы Қабдеш Жұмаділов шет елдегі қазақтар мен оралмандар мәселесі жайында сөз қозғаған. Оралмандарға жыл сайынғы берілетін квотаны көбейту туралы айтқан. Газет тілшісінің айтуынша, зиялы қауым өкілдерінің ішінде Қытайға тартылатын мұнай құбырын салуға қатыстырылатын қытай азаматтарының санына байланысты алаңдаушылық білдіргендер де болған. Бұған байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазір экономикаға сыртқы инвестицияның қажет екендігін айта келіп, отыз жылдың ішінде мұнай өндіретін кәсіпорындардың бәрін Қазақстанның меншігіне қайтаруға болатындығын айтқан. Жазушы Әбіш Кекілбайұы қоғамдық проблемаларды талқылап, оны шешу жолдарын іздестіру үшін “Ұлттық Кеңес” құру туралы ұсыныс айтқан. Жиынға қатысқан мәдениеттанушы Мұрат Әуезов сайлауға қатысты және одан туындап жатқан қоғамдық саяси процестерге байланысты өзінің пікірін білдірген. Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Егемен Қазақстан” басылымы кездесу кезінде, зиялы қауым өкілдерінің Президент жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты толық қолдайтынын, оған көңілдерінің толатындықтарын айтқандығын хабарлапты. Сондай-ақ “Егемен Қазақстан” басылымы “Ел және Елбасы” деген тақырыппен Президентті мадақтаған оқырман хаттарының топтамасын жариялапты. Еңбек Ері, ардагер Нүсіпбек Әшімбаев газетте жарық көрген хатында елдегі жетістіктердің бәрі де Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында екендігін айтыпты. Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік өркениеттің керуеніне қазақ көшінің қосылуын қамтамасыз еткен тұлға. “Литер” басылымының хабарлауынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезде, кейбір зиялылардың қазақ тілі дамымай жатыр деген пікірімен келіспейтіндігін білдірген. Журналист Бигелді Ғабдуллин “Қазақ әдебиеті” газетіне берген сұхбатында Қазақстан президентінің оған рақымшылық жасап, барлық кінәсін кешіргендігіне рахмет айтыпты. Бигелді Ғабдулиннің айтуынша, ол жыл басында Америка Құрама Штатындағы Қазақстан елшісі Қанат Саудабаевтың қабылдауында болып, елге оралу туралы ойын білдірген. Елші бұл ниетті құптап Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазуға кеңес берген. Сөйтіп арада біраз уақыт өткеннен кейін, Астанадан тілегінің қанағаттандырылғаны туралы хат келген. Сондай-ақ Бигелді Ғабдуллин газет тілшісіне жаңа апталық басылымды шығару жұмысымен айналысып жатқандығын тілге тиек етіпті. “Экспресс К” басылымы болса Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зиялы қауым өкілдерімен кездескен кезінде, Мәжіліс сайлауын сараптай келіп, біткен іске әрқашан сын болатынын, оған түсіністікпен қарайтындығын жеткізгендігін хабарлапты. Президенттің пікірінше, әр түрлі мемлекеттерден келген халықаралық ұйымдар мен бақылаушылар сайлауға оң баға берген. Оппозициялық бағытты ұстанатын “Республика” басылымы алдағы президент сайлауының мерзімінен бұрын наурыз айында өтуі мүмкін екендігі туралы болжам жасапты. Мұның себебін мақала авторы Мұхаметжан Әділов “Қазақгейт” оқиғасымен байланыстырып өтіпті. Мұхаметжан Әділовтың пікірінше, “Қазақгейт” мәселесіне қатысты соңғы нүкте 2006 жылы қойылып, үкім шығарылуы тиіс. Міне сол себептен де Қазақстан президенті 2006 жылды күтпей, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізудің жолын қарастырып жатыр” дейді мақала авторы. Қазақстан Республикасы Төтенша жағдайлар жөніндегі агенттіктің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділов мемлекет басшысын сынға алып, “Республика” басылымы арқылы оған тоғыз сауал қойыпты. Заманбек Нұрқаділовтың айтуынша, осы күнге шейін 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысты көптеген деректер жабулы қазан күйінде қалып отыр. Заманбек Нұрқаділовтың келтірген деректеріне жүгінсек, Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы бүлік кезінде соны ұйымдастырушыларды жақтап шыққан. Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов өзі сол кезде іссапарда болғанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың оның орынбасары Виктор Храпуновты да бүлікшілерді қолдауға көндіргендігін тілге тиек етіпті. Заманбек Нұрқаділовтың айтуына қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік телерадиокомпанияның басшысы Сағат Әшімбаевқа “бүлікшілірге қолдау білдірген” сөздерін жаздыртқызып алған. Кейіннен Сағат Әшімбаев белгісіз жағдайда жүрегі ұстап қаза тапқан. “Сіз бұл оқиғаны қалай түсіндіре аласыз. Өз арыңыздың алдында Сағат Әшімбаевтың кенеттен қаза болуына менің қатысым жоқ” деп айта аласыз ба” дейді Заманбек Нұрқаділов. Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов белгілі журналист Асхат Шәріпжановтың өліміне де Мемлекет басшысының қатысы бар деп есептейтіндігін тілге тиек етіпті. Заманбек Нұрқаділов, Асхат Шәріпжановпен соңғы рет кездескен кезде оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шешенстандағы болып жатқан оқиғаларға қатысы бар екендігі туралы деректерді айтқаннан кейін, көп ұзамай оның қаза тапқандығын баяндапты. Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов президентке қойған тоғыз сауалында “Түркияның президенті Тұрғыт Өзал, Қазақстанның мемлекет басшысы болған Дінмұхамет Қонаев, Сыздық Әбішов, Марат Оспановтың өліміне сіздің қатысыңыз жоқ” деп айта аласыз ба деген сауал тастапты. Заманбек Нұрқаділов Қазақстан президентіне қойған тоғыз сауалында Нұрсұлтан Назарбаевты коррупицияға қатысы ғана бар емес, сонымен қатар оның әкесі және иделогы болып табылады деп санайтындығын білдіріпті.
XS
SM
MD
LG