Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-26-2003

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдар Республика күні мерекесінің аталып өткендігіне тоқталыпты. Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарда “Ақ жол” демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбаевқа қарсы жаңа қылмыстық істің қозғалуы мүмкін екендігі және Ғалымжан Жақияновтың тағдыры туралы мақалалар көбірек орын алыпты.

Сейсенбі күні жарық көрген “Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы 25 қазан күні Алматы қаласында Республика күнінің тойланғандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Алматы қаласындағы Жаңа алаңда театрландырылған көрініс пен мерекелік концерт қойылған.

“Эпоха” басылымы өзінің соңғы санында, мемлекет қызметкерлері, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен мәжіліс депутаттары Республика күніне орай өз ойларын ортаға салыпты. Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Қазақстанда соңғы 13 жылдың ішінде экономика қарқынды дамыған, тұрмыс-тіршіліктің жақсаруы үшін көптеген игілікті жұмыстар жасалған. Мұхтар Алтынбаев Қазақстанның ең үлкен жетістігі ретінде ұлтаралық қарым-қатынасты атап өтіпті.

Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев болса, республика ұғымы заңдылық деген құндылықпен астасып жатуы тиіс деп есептейді екен. Оның айтуынша, өткен сайлау биліктің, халықтың қолында бар жалғыз құндылығына қол салғандығын байқатып отыр. Серікбай Әлібаев Қазақстан халқы өздерін Республиканың толыққанды азаматтары ретінде сезіне алмайды, өйткені халықтың сезімін Президент әкімшілігі мен атқарушы билік аяққа таптап тастады деп есептейді. Әлия Садықова атты мұғалім Республика күнін тойламайтындығын айтса, кәсіпкер Салтанат Жанатұлы мен өзімді Республикада өмір сүріп жатырмын деп сезінбеймін, өйткені билік кім бай және күшті болса, шындық соның ғана жағында деген ұстаныммен өмір сүріп жатыр деген ойын білдіріпті.

Саясаттанушы Дос Көшім де “Түркістан” газетіне берген сұхбатында Республика күні мерекесіне онша көңілінің толмайтындығын тілге тиек етіпті. Дос Көшімнің айтуынша, Республика күні ол армандағандай республикаға айнала қоймаған. “Біз қазақтың мемлекеттілігін әлі құрған жоқпыз. Әлі де болса, сол дүбара күйімізде екенімізді мойындауымыз керек. Сондықтан бұл той белгі соғу үшін ғана болатын сияқты” дейді саясаттанушы Дос Көшім.

“Республика” басылымының соңғы санында жарық көрген Дулат Мұсатевтың мақаласында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты қылмыстық істің қозғалуы мүмкін екендігі айтылыпты. Мақала авторы бейресми ақпарат көздерінде, Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевты түрмеге қамату үшін түрлі айла-амалдардың қарастырып жатқандығы туралы деректердің бар екендігін тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаевқа “Хабар” медиа-холдингін немесе “Дәуір” баспасын жекешелендіруге қатысты айыптар тағылуы мүмкін.

Ал, “Казахская правда” басылымы Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың “Новая газета” басылымына берген сұхбатын көшіріп басыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Иманғали Тасмағамбетов таза кұмістен жасалған көне зергерлік бұйымдарды жинаумен шұғылданатандығын айтыпты.

Сонымен қатар “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақиянов та кейбір тәуелсіз басылымдардың негізгі қаһарманына айналды. “Сөз” газетінің соңғы санында жарық көрген “Мақсат – Жақияновты өлтіру” атты Асқар Шөмшековтың мақаласында, түрме әкімшілігінің Ғалымжан Жақияновтың денсаулығының нашарлығына қарамастан, ауыр жұмысқа шығуын талап етіп отырғандығы хабарланыпты. Атап айтқанда тұрме әкімшілігі Ғалымжан Жақияновқа қазандыққа жұмысқа шығуға үкім шығарған. Оның жұбайы Қарлығаш Жақиянова күйеуінің денсаулығына байланысты түрме әкімшілігіне басқа жеңіл жұмыс беруін сұрап өтініш жасаған. Алайда түрме әкімшілігі егер Ғалымжан Жақиянов жұмысқа шықпаса, қайтадан Құшмұрын түрмесіне ауыстыратындықтарын ескерткен.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Республика” басылымында жарық көрген мақаласында Сергей Дуванов Мемлекет басшысы, Ғалымжан Жақияновты түрмеге отырғызу арқылы, ештеңеге қол жеткізе алмады, қайта моральдық және саяси тұрғыдан да үлкен жеңіліске ұшырады дегенді айтыпты. Мақала авторының айтуынша, егер де шет елде экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мемлекет басшысының шынайы болмысын көрсетіп, парақор екендігін дәлелдесе, ел ішінде саяси тұтқынға айналған Ғалымжан Жақияновтың тағдыры қоғамның ғана емес, әлемдік қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызып, оның саяси беделін жоғарылатып жіберді. Сергей Дувановтың айтуынша, Ғалымжан Жақиянов түрмеге қамалса да сағы сынбай, бүкіл әлемге өз сеніміне деген беріктік пен адалдықтың нағыз үлгісін танытқан азамат.

“Ақ жол Қазақстан” басылымына берген сұхбатында Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының жетекшісі Ғалымжан Жақиянов саясаттан кетуге еш қақым жоқ дегенді айтыпты. Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов газет тілшісіне берген сұхбатында өкпе ауруына шалдыққанымен, оны ешкімге білдірмей ем қабылдағанына да тоқталып өтіпті. Ғалымжан Жақиянов жасырын ем қабылдап, кейіннен жазылып шыққандығын айтып, не себептен оны жария қылмағандығының себебін былайша түсіндіріпті.

“Егер де бұл туралы әкімшілік біліп қалса, мені туберкулез коллонияларына жіберетін еді. Ал, ол жақта екі проблема бар. Біріншісі, осы аурудың ауыр түріне шалдыққандармен бірге тұратын едім, онда жазылудың өзі екіталай. Екінші проблема заң боайынша ол коллониялардан еркін колонияға шығуға тиым салынады» дейді Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақиянов “Ақ жол Қазақстан” газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG