Accessibility links

Археолог Бауыржан Байтанаев: Қазақстандағы ең көне қала Нуджикент

  • Ескендір ЕРТАЙ

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің археологтары мен тарихшылары Қазақстандағы ең көне қала Нуджикент- Шымкент деген қорытындыға келіп отыр. Университеттің археология кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Байтанаев «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, ежелгі Нуджикент және Испиджаб қалаларының орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары батыл болжам жасауға негіз бола алады деген пікірде. «Биыл «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде ежелгі Нуджикент және Испиджаб қалаларына жұргізілген археологиялық қазба жұмыстары қала тарихы тым әріден басталатындығын көрсетті. Біздің қолымызда бар материалдарға қарағанда, қала тарихы біздің эрамызға дейінге 3-ші және 2-ші ғасырлардан бастау алады, »- дейді университеттің археология кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Байтанаев.

Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген топ қала әкімдігіне арнайы ұсыныс жасап, сол ежелгі қаланың барлық көріністерін қайта қалпына келтіріп, аспан астындағы мұражай секілді пайдалану жолын ұсынып отырған көрінеді.

Тарихшы Бердіуақас Қабылтегінің айтуынша, қазір тарихшылар Түркістанға мың бес жүз жыл, Тараз қаласына екі мың жыл толған десіп жүр. «Отырар, Сауран қалаларының тарихы оның әржағынан басталады деседі. Қазақстанда қала тарихын тойлау жөнінен бәсеке басталған секілді. Бұлай сенсация іздеп тарихты бұрмалауға жол беруге болмайды. Бұлтартпас дәйектер арқылы мойындалса-жақсы. Ал, ертең өтірігі шығып қалып жатса, ұят болады. Сондықтан, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Тарих ойыншық емес »,-дейді Бердіуақас Қабылтегі.

Археолог Бауыржан Байтанаев болса, ежелгі Нуджикент қаласымен қатар осы маңда көптеген қалалардың сілемдері қатар зерттеле бастағандығына назар аудартады. Шымкент пен Түркістанның арасында Ақсубаникед, Күмісшілік деген қалалар болғандығын айтады. Ал,Сыр өңіріндегі қалалар тарихын зерттеуші Шайсұлтан Әбдібаев Бауыржан Байтанаевтың болжамымен келіспейтіндігін білдіреді. «Жібек жолы бойындағы қалалардың барлығы оғыздар дәуіріне кіреді. Қалғандарының барлығы осы қалалар қирағаннан кейін салынған. Қазақ сахарасындағы ең көне қала деп Ширгабарад,- дейді Шайсұлтан Әбдібаев.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің археология кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Байтанаев ежелгі қала орнының аумағы және орналасқан жерін анықтау жолында қыруар жұмыстар атқарылғандығын алда әлі де зекрттеу жұмыстары жалғасатындығын айтып отыр. Археологтар Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан ежелгі қалаларды жаңғыртып, ол кенттерде сол дәуірдегідей шеберхана, ұстахана, қыш құмыралар құятын, зергерлік бұйымдар жасайтын цехтар ашып, шетелдік туристерді тартудың жолдарын қарастырып отыр.
XS
SM
MD
LG