Accessibility links

Еңбек министрінің мәліметінше, жұмыссыздар санының ең жоғарғы көрсеткіші мұнайлы өлке – Атырау облысында

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Үкіметі басшысының алдында Атырау облысының әкімі Аслан Мусин облыстың индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқаны жайында есеп берді. Атырау облысының әкімі Аслан Мусиннің айтуынша, өзі басқарып отырған өңірде бизнес-инкубатор нәтижелі дамып келеді. Биылдың өзінде Атырау облысында тоқсанға жуық жаңадан кәсіпорындар ашылыпты.

Атырауда тұрғын үй шаршы метрінің бағасы орта есеппен 600 АҚШ доллар тұрады. Атырау облысының әкімі Аслан Мусиннің айтуынша, бұл өңірде тұрғын-үй бағдарламасы жақсы іске қосылған. Қазір тұрғын-үй құрылысының дамуы жағынан Астана, Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұр, – дейді Атырау облысының әкімі. Ол өздерінің жоспарлары бойынша, жалпы көлемі 7,70 млн. шаршы метр тұрғын үйлер салу керекпіз дейді. Ол мұны Атырау облысында тұрғындардың жылдан-жылға көбеюімен түсіндіреді.



Атырау өңірі мұнайлы өлке болғандықтан мұнда мұнай-газ саласындағы индустриялық бағдарламалар да жүзеге асып жатқандығын айтады Атырау облысының әкімі. Қазір онда мұнай таситын машина құрылысын салу зауыты және газды өңдейтін кәсіпорын ашу жоспарда бар көрінеді. Ал жылдың аяғында жиырмаға жуық инвестициялық жобалар аяқталуға тиіс екен.



Алайда индустрия және сауда министрлігінің жүргізген сараптамалары бойынша, Атырау облысында индустриялық-инновациялық бағдарламалар өте баяу жұмыс істеп келеді. Мәселен инвестициялық қор мен даму институттары Атырау облысының бірнеше инвестициялық жобаларын талаптарға сай емес деп кері қайтарған көрінеді.Сонымен қатар Атырауда мұнай-газдан басқа бірнеше табиғи ресрустар бар екені, алайда олардың өңделмей жатқанын айтады Индустрия және сауда вице-министрі.



Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова да жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуы төмен деңгейде дейді. Оның айтуынша, шетелдерден келіп жатқан инвесторлар компанияларына өздерінің жұмыс күштерін әкеледі де, жергілікті тұрғындарды екінші кезекке қояды екен. Соның салдарынан Қазақстан бойынша жұмыссыздардың ең жоғарғы көрсеткіші Атырау облысында орын алып отыр дейді, – дейді Еңбек министрі Гүлжан Қарағұсова.



Алайда Атырау облысының әкімі Аслан Мусин Еңбек министрінің пікірлерімен келіспейтіндігін білдірді. Оның айтуынша, жұмыссыздардың саны екі-ақ пайызды құрайды.



Өз кезегінде Үкімет басшысы Даниял Ахметов те Гүлжан Қарағұсова ханымның пікірлерін қолдамайтындығын айтты. Шетелдік инвесторлар өздерінің жұмыскерлерін алып келіп жатса, түсінікті, өйткені бізде мамандандырылған кадрлар жетіспейді, – дейді Даниял Ахметов.



Дегенмен де бірқатар министрліктер Атырау облысының әкімінің жұмыстарына сын айтқанымен Үкімет басшысы Даниял Ахметов облыс әкімінің жұмысына оң баға берді.
XS
SM
MD
LG