Accessibility links

Теңіз кенішіндегі үндінің «Пундж Ллойд» компаниясындағы 370 қазақстандық жұмысшы ереуілге шықты


Теңіз кенішіндегі «Теңіз-Шевройл» компаниясына мұнай тазартатын зауыт тұрғызып жатқан үндінің «Пундж Ллойд» кәсіпорнындағы 370 қазақстандық жұмысшы ереуілге шықты. Олар кәсіпорын басшылығынанайлық жалақыны аудандық коэффициент есебінен 30 пайызға, далалық жерде болғандығы үшін – 40 пайызға, ауа құрамында күкірт болуына байланысты -12 пайызға, вахталық әдіспен жұмыс жасағандықтары үшін 75 пайызға өсіруді талап етіп отыр. Атырау облыстық мұнай өнеркәсібі кәсіподағының төрағасы Тілекқабыл Қабдуловтың айтуынша, бұл кәсіпорынның жұмысшылары мұнда есепте жоқ көрінеді. «Мердігерлердің қожайыны бөлек. Ол мұнай фирмасына жатпайды. Бұлар құрылысшылар»,-дейді Тілекқабыл Қабдулов.

Ал, Еңбек министрлігінің Атыраудағы департаментінің директоры Мәлік Еркеғұлов жұмысшылардың жалақысына қосымша вахталық әдістен күніне 495 теңгеден яғни 28 күнге 12 мың теңге көлемінде ақы төленуі тиіс десе, министрліктің бас маманы Серікхан Шорманов «Ондай заң жоқ, төлеймін десе, оны монополист кәсіпорын иелерінің құзырындағы нәрсе»,-деп отыр. Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ризахмет Молдажанов аудандық коэффициенттердің «Еңбек кодексінен алынып тасталғандығын айтады. Еңбек министрлігінің жалақы жөніндегі департамент директорының орынбасары Гүлнәр Қайсенова болса, айлық жалақы тек қана атқарылатын жұмыстың күрделілігіне байланысты төленеді. Айлық жалақының тұрғылықты жердегі әлеуметтік жағдайдың төмендігіне, ауа райына еш қатысы жоқ. деген пікірде. Қазақстанның құрметті мұнайшысы Нәдір Нәдіров Атыраудағы компания басшыларының жергілікті мамандардың классификациясы төмен деп бағалап, оларға айлық жалақыны да шетелдктерден төмен қоятындығын, ал төмен болса да уақытында берілмейтіндігіне қынжылыс білдіреді. Кәсіподақатар Федерациясы төрағасының орынбасары Ризахмет Молдажановтың пікірінше, жұмыс беруші кәсіпорын вахталық ақы төлеудің келісім шартын өздері жұмысшылармен келісім негізінде түзуі тиіс көрінеді.

«Қытайдың біраз компаниялары жұмыстарын жаңадан бастап жатыр. Оларда да солай. Негізінен, өз жұмысшыларына барлық өтемақы түрлері төленеді. Ол қазақстандық жұмысшыларға да қарастырылуы керек. Барша байлықтың жердің иесі қазақстандықтар болғандықтан жағдай шетелдіктерденкем жасалмауға тиіс,-дейді Нәдір Нәдіров.

Атырау облыстық мұнай өнеркәсібі кәсіподағының төрағасы Тілекқабыл Қабдулов «Пундж Ллойд» компаниясының жұмысшылары талап етіп отырған екі жағдай да орындалмайды дейді. Өйткені, аудандық коэффициент атымен жоқ. Вахталық әдіске қосымша қаржы тек геологтарға ғана төленеді екен.

«Мұндай жағдай көктемде ғана орын алған болатын Оны үкіметтік дәрежеге дейін көтеріп, Парламенттік тыңдау да өткіздік. Жергілікті әкімдіктермен келісіп, Еңбек министрлігінің инспекторларын қадағалайтын етіп бекіттік»,-дейді Ризахмет Молдажанов.

Сонымен, маман заңгерлердің айтуына қарағанда, атыраулық ереуіл жасаған 370 жұмысшының айлық жалақыны аудандық коэффициентті 30, вахталық әдіске-70, ауа райына байланысты-12 пайызға өсіру туралы талап арыздары Қазақстанның «Еңбек кодексінде» көрсетілмегендіктен орындалмайтын түрі бар. Жұмысшылардың талабына «Пундж Ллойд» компаниясының басшылығы назар аударып отырған жоқ.
XS
SM
MD
LG