Accessibility links

Татарстан президенті Қазақстанға төртінші рет сапар жасады


Сәрсенбі күні кешкісін Татарстан президенті Меңтемир Шәймиев Қазақстанға төртінші рет ресми сапармен келеді. Татарстан делегациясы құрамында 13 адамнан тұратын билік өкілдерімен қатар, 47 адамнан тұратын мәдениет пен іскер топ өкілдері бар. Мұндай ірі көлемдегі Татарстан басшылығының сапары екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамыта түседі дейді Қазақстандағы татар ұлтының өкілдері.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі уақытта Татарстанға екі рет ресми сапармен барып, соңғысында президент Меңтемир Шәймиевті Қазақстанға келіп қайтуға шақырған болатын. Сондықтан бұл жолы Татарстан басшысы арнайы шақырумен келе жатыр дейді Қазастандағы татар-башқұрт мәдени орталықтарының төрағасы, медецина ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Кәрімов.

Қазастанда татар-башқұрт халқының 285 мыңнан аса өкілдері тұрады екен. Олардың дені осыдан елу жылдан бұрын келген аға буынның бүгінде өсіп-өнген ұрпақтары. Қазақстанда бұлардың өмір сүріп, өркен жаюына барлық жағдайлар жасалған дейді елдің жаңа парламентіне “Отан” саяси партиясының тізімі бойынша депутат болып сайланған Мұрат Кәрімов. Бұл жолғы Татарстан басшысының сапары екі елдің негізі қаланған байланыстарын нақты тұрғыда дамытудың басы болмақ дейді ол.

Сондай-ақ Алматы қалалық мәслихатының депутаты, “Илдаш” мәдени орталығының жетекшісі Исмагил Шарипов Қазақстандағы татарлардың әлеуметтік жағдайы жақсы, ал тіл жағының мәселесі осындай байланыстар арқылы жанданатындығын айтады.

Ал Татарстанның Қазақстандағы өкілетті өкілдігінің қызметкері Лилия Қаденова екі жақты байланыстың әсіресе соңғы уақытта жандана бастағандығын жеткізді.

Сөйтіп Қазақстандағы татар ұлтының өкілдері Татарстан басшысының елге жасаған төртінші ресми сапарынан үлкен үміт күтіп отыр.
XS
SM
MD
LG