Accessibility links

Қыркүйек айында қазақстандық 36 журналис түрлі қысымға ұшыраған


“Шекарасыз тілшілер” халықаралық ұйымы әлемнің 167 еліндегі сөз бостандығының ахуалы туралы қорытындыларын жариялады. Аталған ұйымның есеп мониторингі бойынша өткен жылы 138 орында болған Қазақстан биыл 131-ші орынға көтерілген. Бірақ сөз бостандығының бағалау индексі екі пунктке жуық 42,50-ден 44,17-ге нашарлаған деп баға берілген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда баспасөз еркіндігіне шектеудің ұлғайғандығын көрсетеді екен.

Осы мәселеге байланысты “Әділ сөз” қорының өкілі Ғалия Әженова: “Қазақстандағы баспасөз еркіндігіне шектеудің бар екендігін мойындамасқа амалымыз жоқ”, дейді. Оның айтуынша, осы жылдың қыркүйек айындағы “Әділ сөз” қорының мониторигі бойынша 36 журналист түрлі қысымдарға ұшыраған. Сайлау уақытында журналиске қол қөтеру, оларды ауыр жағдайда таяққа жығу фактілері Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Ғалия Әженова осындай нақты деректер Қазақстандағы баспасөз еркіндігінің қандай деңгейде екендігін көрсетсе керек, дейді:

-Кезінде президент жаңа БАҚ туралы заңға қол қоймағанда қуанғанымыз рас. Бірақ жағдай өзгерген жоқ. Мәселен, әкімшілік кодекс, қылмыстық кодекстерінде журналистердің кәсіби қызметтерін, сөз бостандығын, ақпаратты алуға және таратуға шектеу қоятын баптар өзге көрініп тұр.

Ғалия Әженова: “Әділ сөз қоры Қазақстанда сөз бостандығын қалыптастыруға, БАҚ пен журналистің құқықтық мәртебесін белгілеуге, БАҚ пен журналисті аса маңызды қоғамдық институт ретінде тануға, егерде БАҚ пен журналис адалдық пен демократия, қоғам мүддесі үшін қызметтерін істеп жүріп қателескен болса, оларды жауапкершіліктен босатуға, зардап шеккен журналистер үшін әлеуметтік кепілдіктер тағайындауды қарастыратын заң жобаларын әзірлеген болатын. Алайда бұл дайындаған заң жобалары ескерусіз қалып отыр”, дейді.

Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Қазақстандағы баспасөз еркіндігі туралы: -Қазақстанда сөз бостандығы бар деп айтуға болады. Цензура жоқ деп жалпылама айтып жатамыз. Бірақ кез-келген журналистер мен БАҚ арасында цензура болады деп айтуға болды, дейді.

Қазақстанның бұрынғы ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы: -Баспасөз еркіндігі уақыт өткен сайын тығырыққа тірелуде. Оған елдегі саяси реформалардың жүрмеуі себеп. Бұл тенденция болашақта да дами береді. Себебі, қоғамдық құрылымдар жетілмегеннен кейін билік баспасөздің аузындағы шындықты тұншықтыру үшін неше түрлі іс-қимылдарға барады.

Оппозициялық “Сөз” газетінің қызметкері Шәріп Құрақбаев: “Бүгінде сөз бостандығы бар деп айтушылар көп. Бірақ журналистерді сотқа тарту азаймай отыр”, дейді: -Өткен сайлаудан кейін билік ойланып қалды. Соның бір көрінісі - экстремизм туралы заң қабылдады ғой. Мониторингі жүргіземіз деп жатыр. Мысалы, егер қандай да бір басылым “митингі болады соған келіңіздер” деп жазса, оны экстремизмге жатқызып, оппозициялық газетті жауып тастаудың амалы. Сондықтан экстремизм туралы заңды сөз бостандығына қарсы бағытталған заң деп есептеймін. Оның қорытындысын көп ұзамай-ақ көретін шығармыз.

Алматы қаласының тұрғыны Совет Оралбаев болса мынадай пікірде: -Қазақстанда сөз бостандығы бар деген иммитация бар. Егерде биліктегілерге жақпайтын пікір айтатын болса, олар қудаланады. Ондай газеттерді не өртейді, не иттің басын апарып іліп қояды, не тонайды. Сонда қандай сөз бостандығы бар деп айтуға болады?

Келесі азамат: -Сөз еркіндігі? Мен өзім журналистикаға қатысы жоқ адаммын. Сөз еркіндігі бар болар.

Қазақ радиосының атын атаудан бас тартқан қызметкері: -Сөз еркіндігі бар деуге де болады, жоқ деуге де болады. Бар дейтінім - цензура сайлау кезінде қатты сезілді. Мысалы, біздерге “Отан”, “Асар”, “Ақжол” партияларынан басқасын беруге тиым салды. Міне, цензура.

Сонымен қатар 193 елдің баспасөз еркіндігін бағалайтын тағы бір Freedom House ұйымының зерттеуі бойынша заңнамалық, саяси, экономикалық жағдайларына байланысты Қазақстан 2003 жылы баспасөз еркіндігі жоқ елдер қатарынан орын алған
XS
SM
MD
LG