Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-29-2003


Жұма күні жарық көрген апталық және мерзімді басылымдар “Ақ жол” демократиялық партиясының бүкілхалықтық референдум өткізгелі отырғандығы туралы бастама көтергендігін және Ресей астанасы Мәскеу қаласында айтыс өткендігіне баса назар аударыпты.

“Республика” басылымының 29 қазан күнгі санында “Ақ жол” демократиялық партиясының бүкілхалықтық референдум өткізу туралы жасаған мәлімдемесінің мәтіні жарық көріпті. “Ақ жол” демократиялық партиясы бұкілхалықтық референдумның күн тәртібіне “ әкімдерді сайлау жүйесі енгізілгенше шаруашылық жерлерді сату мәселесін тоқтату керек деп ойлайсыз ба”, “2005 жылы әкімдерді сайлау жүйесін енгізу керек па? “Мәжіліс парламентіне сайлау заң бұзушылық негізінде өтті деп ойлайсыз ба, және қайтадан сайлау өткізу керек деген пікірге қосыласыз ба” деген мәселелерді қойыпты.

“Республика” басылымында жарық көрген Марат Алжановтың мақаласында сенбі күні Алматы қаласына Қазақстанның барлық аймағынан референдум өткізуге байланысты ынталы топқа кіретін 500 адамның жиналатындығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, “Ақ жол” демократиялық партиясы өткізген акцияның арқасында өткен сайлаудың қорытындысына разы болмаған, бір миллионнан астам қазақстандықтардың қолы жиналған.

“Деловая неделя” апталығында жарық көрген Игорь Денисовтың мақаласында “Ақ жол” демократиялық партиясының көтеріп отырған бастамасы сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, сайланған әкімдер шаруашылық жерлерді сатып жіберуге жол бермейді деген әңгімелердің бәрі шындық ауылынан алыс жатыр.

“Панорама” апталығы “Ақ жол” демократиялық партиясының 2005 жылы күн тәртібіне Қазақстанның барлық шикізат байлығын елдің азаматтарының барлығына тең бөліп беру туралы бастама көтеріп отырғандығын хабарлапты.

“Начнем с понедельника” апталығы болса “Ақ жол” партиясының Қазақстандағы барлық демократиялық күштерді бүкілхалықтық референдум өткізу туралы көтерілген бастаманы қолдауға шақырғандығын хабарлапты.

Ал “Айқын” басылымы “Хабар” медиа-холдингінің “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлын сотқа беріп отырғандығын хабарлапты. “Хабар” агенттігінің заңгері Қанат Сахарияновтың айтуынша, “Алтынбек Сәрсенбайұлы “Хабар” агенттігін республикалық бұқаралық ақпарат құралдары рыногына монополия жасап отыр және бюджет туралы заңды бұзды” деп бірнеше мәрте баспасөзде айыптаған.

Сондықтан “Хабар” агенттігі экс-министрден бұрын айтқан мәліметтерді жария түрде жоққа шығаруын және агенттіктің беделіне келтірген моральдық нұқсан үшін бір миллиард теңге төлеуін талап етіп отыр. “Алтынбек Сәрсенбайұлы айтқан сөздерінен кейін жұртшылық арасында НТК, КТК, Рахат телеарналары мен тағы бірнеше радионың ақпараттық саясатына да “Хабар” басшылық жасап отыр деген теріс пікір қалыптасты. Нарық заңымен өмір сүріп отырған медиарынокта бұқаралық ақпарат құралдары үшін қоғамдық пікірдің оң немесе теріс болуы аса маңызды. Шындығына келсек, агенттіктің меншігінде “Хабар”, “Ел арна”, “Каспионет”, Хит ФМ Хабар” радиосы бар, ал басқа бұқаралық ақпарат құралдарына агенттіктің қатысы жоқ” дейді “Хабар” агенттігінің заңгері Қанат Сахариянов.

Қанат Сахарияновтың айтуынша, жақында жұртшылық арасында “Хабар” агенттігінің рейтингі туралы сауалнама жүргізілген. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының айтқан сөздерінен кейін агенттіктің беделі бұрынғыға қарағанда едәуір төмендеп кеткен. Бірақ агенттіктің қанша бедел жоғалтқандығын Қанат Сахариянов айтқысы келмепті. Қанат Сахарияновтың айтуына қарағанда, “Хабар” агенттігіне қатысты нормативтік құжаттардың кейбіреуіне кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының өз қол қойыпты.

Ал, “Хабар” агенттігі беделін түсіріп келтірген моралдық шығынды неге 1 миллиард теңгеге бағалап отырсыз деген сұраққа Қанат Сахариянов “агенттіктің атқаруыш органы осындай шешім қабылдады және бас директор бұл шешімді қуаттады” деп жауап қайтарыпты.

Сонндай ақ “Айқын” газеті осы мәселеге байланысты “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлына хабарласқандарын, алайда ол Алматыдан алыс жерде жүргендігін, өзін “Хабар” агенттігі сотқа беріп жатқандығын білмейтін болып шықандығын айтқандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы тез арада сотқа берілген талап-арыздың көшірмесін іздестіріп тауып, содан кейін әрекет ететіндігін хабарлапты.

Ал, “Қазақ әдебиеті” және “Қазақстан Заман” басылымдары кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы елшілік қызмет атқарған Ресей астанасы Мәскеу қаласында айтыс өткендігін хабарлапты.

“Қазақстан Заман” және “Қазақ әдебиеті” газетінің хабарлауынша бұл айтыстың Мәскеу қаласында өткізілуіне “Отан” партиясы мұрындық болған. Газет тілшісінің айтуынша, “Қазақстан темір жолы” ашық акционерлік қоғамы, “Отан” партиясының атынан Парламент мәжілісіне депутат болып сайланған кәсіпкер Нұртай Сабильянов айтысқа демеушілік көрсеткен.

Мәскеуде айтыс ақындары осындай құрметке бөленіп жатқан тұста, “Қазақ әдебиеті” басылымы арқылы тоқсаныншы жылдардың басында келген бір топ жазба поэзияның өкілдері мен жазушылары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жазыпты. Осы ашық хат арқылы жас ақын-жазушылар өздерінің тұрмыс тіршіліктерінің қиындап бара жатқандығын, көбісінің жұмыссыз жүргендігін айта келіп, баспана мәселесін сөз қылыпты. Олардың айтуынша, қала әкімі Виктор Храпунов оларға үй алуға көмектесемін деп уәде берген, алайда ол уәдесін орындамаған.

“Үкімет пен билік тарапынан ұлт әдебиеті жеткіншектерінің ертеңіне, олардың болашақ тағдырына атүсті қарауы бізді қынжылтып қана қоймай, бойымызға үмітсіздік ұялатады” делініпті “Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрген жас-ақын жазушылардың Қазақстан Президентіне жазған ашық хатында.
XS
SM
MD
LG