Accessibility links

М.Әуезов: «Қазақстан сыртқы саясатында Үндістанмен арадағы байланысты басты бағытқа шығаруға тиіс»


Біз бұған дейінгі хабарларымызда тыңдармандарымызды Қазақ-Қытай мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық байланыс турасында қарапайым тұтынушылар мен, 2 ел саудагерлерінің пікірлерінен хабардар еткен болатынбыз. Енді осы мәселелерге қатысты сарапшылар мен ресми орган өкілдерінің айтқандарына кезек берсек. Қазақстанның бұрынғы Қытай мемлекетіндегі елшісі Мұрат Әуезовтың айтуынша, бүгінгі таңда Қытай елі әлемдегі ең ұлы держава болуға талпынып отыр. «Осы ретте олардың Орталық Азия мемлекеттерінің барлық салаларына дендей енуі заңды құбылыс» дейді Мұрат Әуезов. Ал тағы бір сарапшы, қазақ-қытай мемлекеттерінің арасындағы сауда-экономикалық мәселелерін зерттеп жүрген журналист Геннадий Бендицкий: «қытай кәсіпкерлерінің Қазақстанның салық заңдарын дұрыс орындамауы салдарынан Қазақстан қазынасы жыл сайын 1 миллиард долларға жуық қаржыдан қағылады» дейді.

Соңғы кездері қазақ-қытай мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық байланыстың көлеңкелі тұстарын зерттеп жүрген Қазақстаннан шығатын «Время» газетінің журналисі Геннадий Бендицкийдің айтуынша, бүгінде Қазақстан экономикасына дендеп енген қытай кәсіпкерлері өз мемлекеттеріне қыруар пайда әкелуде:

- Меніңше, қазір капитал алмастыру үрдісі жүріп жатыр. Қытай саудагерлері мұнда түрлі шүберектерді әкеліп, Қазақстандағы валюта сыртқа кетіп жатыр.

«Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда 100 мың шет ел азаматы тұрып жатыр екен. Оның тек 5 мыңы ғана Қытай азаматы. Яғни, Қытай мемлекетінен келетін адамдардың басым бөлігі мұнда заңсыз жолмен кәсіп қылып, тірлік кешуде» дейді Геннадий Бендицкий. Оның айтуынша, Алматы қаласының базарларында сауда жасап жүрген қытай азаматтары түскен табыстарын өз мемлекеттеріне Қытай Халық Республикасы мемлекеттік банкінің Қазақстандағы филиалы арқылы жөнелтеді. «Қазақстан заңдарына сәйкес бұл банк арқылы бір адам бір күнде бір-ақ рет 10 мың доллардан аспайтын қаржы аудара алады. Жіберген ақшасы одан көп болса жіберуші табыс көзін көрсетіп салық төлеуге міндеттеледі. Ал іс жүзінде бұл талап орындалмай жатыр» дейді «Время» газетінің тілшісі:

- Менің білуімше, кейбір кісілер айналасы 1-2 күннің ішінде әлгі банктен 100-деген мың, тіпті кейде жарты миллионға жуық қаржыны аударып жібереді.

Ал бұл мәселеге орай, Қытайдың Қазақстандағы банкінің Алматы қаласындағы «Ялян» қытай сауда орталығында орналасқан бөлімшесінің атын атамауды жөн деп ұйғарған қызметкері «Азаттық» радиосына берген сұхбатында былай деп түсінік берді:

- Мен өзім осы бөлімшенің жауапты қызметкері болып жұмыс істеймін. Негізінде 1 адам 10 мың доллар жібере алады бір күнде. Ол талапты бұзған жағдайды өз басым байқамаппын.

Ұзақ жылдар Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшісі болып қызмет атқарған мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтың айтуынша, Қытай елінің 21-ші ғасырдың орта шеніне қарай әлемдегі ең қуатты держава болу жолында жасалған жария және құпия жоспары бар. «Қазақстан халқы көбінде өз заңнамасының осал тұстарынан зардап шегіп жатады. Қазақстанның батыс облыстарындағы мұнай қорларын сатып алған қытай кәсіпкерлерінің әрекетіне қарап та осыны айтуға болады» дейді Мұрат Әуезов:

- Кезінде ол мұнай қорларының барлығын халықаралық ФИОК компаниясы сатып алған. Бүгінде олар соны үстіне ақша қосып қытайларға сатып жатыр. Сол кезде бір компанияның кейіннен мұнай қорларын кімге сатуға болатынын, кімге болмайтыны көрсетілуі керек болатын. Біздің заңдарымыздың шикілігінен ондай шарт жазылмады.

Мұрат Әуезовтың айтуынша, қытай Үкіметінің өз елінде жүріп жатқан кез-келген үрдісті сол мезетте тоқтатып тастауға құдыреті жетеді. «Ал мына қытай кәсіпкерлерінің заңды, заңсыз жолдармен Орталық Азия мемлекеттерінің экономикасына еніп, кәсіп қылуы олардың ұстанған саясатына дөп келіп отыр. Бұл ретте Орталық Азия мемлекеттері Қытайға бәсекелесе алатын елдің әріптестігіне арқа сүйеуге тиіс» дейді Мұрат Әуезов:

- Азия кеңістігінде Қытайды тәртіпке келтіретін бір ғана ірі күш бар. Ол – Үндістан. Міне, Қазақстан Үнді елімен арадағы байланысты нығайту керек. Олар да біздің мұнайымызды игеруге үлкен қызығушылық танытып отыр. Осындай саясат ұстану арқылы екі «дәудің» өзара қайшылығын өз пайдамызға тиімді пайдалануға тиіспіз.

Ал бұған дейін түрлі ақпарат құралдарының өкілдеріне қытай кәсіпкерлерінің салықтан жалтарғандығы жөнінде мәлімет беріп келген орган Алматы қалалық салық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің бастығы Үшайдар Іңкәрбаев: «бізге қазір басшылықтан қазақ-қытай мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық қатынастар жайын ушықтырмау жөнінде тапсырма түсті. Біз бұйрыққа бағынамыз» дейді:

- Бастықтар мүлдем рұқсат бермей жатыр. Жаңа сұрап көріп едім. «Болмайды» деді.

Ал Алматы қалалық экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Аида Жүнісбекова: «тек 2004-ші жылы ғана қытай кәсіпкерлерінің салықтан жалтаруынан Алматы қаласының бюджетіне 200 миллион теңгеге жуық зиян келген» дейді:

- Біздің осы Алматы қаласы бойынша 200 миллионнан астам теңге зиян келтірген.

Бұл ретте журналист Геннадий Бендицкий: «жалпы Қазақстанның қытай кәсіпкерлерінің салықтан жалтаруынан жоғалтатын қаржысы 1 миллиард долларды шамалайды» деп отыр.
XS
SM
MD
LG