Accessibility links

Ә.Қосанов: «Кеңес Одағы тұсында билікке қол жеткізгендерге одан саналы түрде бас тарту оңай шаруа емес»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Жексенбі, қазанның 31-і күні Украина мемлекетінде президент сайлауы болып өтті. Бұл шараға Қазақстандағы Украина азаматтары да ат салысты. Астана мен Алматы қалаларында нөмірі 39-шы және 40-шы сайлау учаскелері жұмыс істеді. «Алматы қаласындағы Украинаның бас консулдығы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне тізім бойынша, 130 адам дауыс беруге тиіс» дейді осы учаскедегі сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Свириденько. Сондай-ақ Украинадағы сайлауға Қазақстандық саясаткерлер мен саясаттанушылар да ерекше мән беріп отыр екен. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың айтуынша, Украинадағы сайлау бұрынғы КСРО құрамындағы, қазіргі ТМД мемлекеттерінің барлығына дерлік үлгі болуға тиіс.

Алматы қаласындағы нөмірі 40-шы сайлау учаскесі өз жұмысын таңертеңгі сағат 7-жарымда бастапты. Жексенбі, қазанның 31-і күні Украинаның бас консулдығы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде тақырыпқа орайлас әуен ойнап тұрды. Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Свириденько: «Алматы қаласында 130 адам дауыс беруге тиіс. Әзірге асқан белсенділік байқалмайды» дейді:

- Дауыс беру қалыпты түрде өтіп жатыр. Біз бүгін ерекше қуаныштымыз. Өйткені, бүгін Украина азаматтары өз президенттері үшін дауыс беруде.

Ал сайлау учаскесіне алғашқылардың бір болып келген Украина азаматы Алексей Ширяев өзінің сырт мемлекетте тұңғыш рет дауыс беріп тұрғанын, бұл ретте Киевтегі туысқандарымен ақылдасып барып шешім жасағанын айтты:

- Қазақстанда жүріп 1-ші рет дауыс беріп тұрмын. Осыған дейін Киевтегі ағайын-туыстармен хабарласып, олардың кімге дауыс беретіндерін біліп алғанмын. Осылайша, бүгін өз таңдауымды жасадым.

Ал Украина мемлекетінің Алматы қаласындағы бас консулы Сергей Шидловский: «бұл сайлаудың ерекшелігі қазіргі ел президенті Леонид Кучманың сайлауға түсуден бас тартуында болып тұр» дейді:

- Бұл сайлаудың ерекшелігі – Украинадағы дәл қазіргі шиеленіскен жағдайда өтіп жатқандығында. Бұл тұста Леонид Кучма мырзаның өз еркімен орнын босатып беруі де өте маңызды оқиға.

Ал Қазақстандық саясаткер Жасарал Қуанышәлі: «Леонид Кучманың бұл қадамы ТМД аумағындағы өзге де мемлекет басшыларына үлгі боларлық шешім» дейді:

- Басқа мемлекеттердің басшылар да осындай әрекетке барса. Бүгінде әрқайсысы өз орнында отыр ғой тапжылмай. Лукашенко болсын, Назарбаев болсы, Кәрімов болсын. Ақаев жөнінде кетеді, кетпейді деген біраз әңгіме бар енді. Бірақ, ол да әлі басы ашылмаған жағдай. Меніңше, осы мемлекет басшыларының барлығы да заңның жолымен жүріп кетсе, барлығымызға да жақсы болар еді.

Ал тағы бір саясаткер Әміржан Қосанов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Кеңестік жүйе тұсында билікке қол жеткізгендердің бүгінгі одан бас тартуы оңай шаруа емес» деген пікір білдірді:

- Б.Елцин сияқты, немесе мына Л.Кучма сияқты конституциясақтап биліктен бас тарту үшін мінез, саяси көрегенділік керек. Және ең бастысы өзіңнің президент болып жүрген кезіңдегі біршама тазалығың керек. Қай мемлекеттің болмасын басшыларының биліктен саналы түрде бас тарта алмауының себебі – олардың көбісі диктаторлар. Ал диктаторлардың халыққа тізесі батқан, ұрлық-қарлық жасағаны бар. Сондықтан оларға биліктен айрылу деген – саяси иммунитеттен айрылып, ертең жауапқа тартылу деген сөз.

Ал үстіміздегі жылдың мамыр айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік телеарна арқылы халықпен тікелей эфирде тілдесуі кезінде «алдағы президент сайлауына қатысасыз ба?» деген сұрақ қойып, онысына «ия, қатысамын» деген жауап алған Қазақ Ұлттық Университетінің фиолософия және политология факультетінің деканы Ғарифолла Есім: «Украинадағы сайлаудан кейін президенттің ол ұстанымы өзгеретін шығар» дейді:

- Халық айтатын болса, ол кісі тыңдайды. Егер халық: «тағы да өзіңіз болыңыз» десе, ол кісі оны да тыңдайды деп ойлаймын. Ал мен сайлаушы ретінде Нұрекеңнің президенттік ресурстары сарқылды деп айта алмаймын.

Ал саясаткер Бөріхан Нұрмұханбетов: «Қазақстан алдағы президент сайлауына осы бастан дайындалып, ТМД-ның өзге де мемлекеттеріндегі тәжірибелерді ұтымды пайдалануға тиіс» деп отыр:

- Мынау бұрынғы КСРО құрамында болған 15 мемлекетті алып қарастыратын болсақ, оның Балтық жағлауындағы 3 мемлекеті демократиялық жүйеге көшіп, өздерінің президенттерін де, премьер-министрлерін де ауыстырып, бізге үлгі көрсетті. Бірақ, оларды біз бұрынғы КСРО кезінде де, Батысшыл, батыс демократиясына жақын деп бағалайтын едік. Басқа мемлекеттерді алатын болсақ: мысалы Грузиядағы, болмаса Әзірбайжандағы тәжірибе бізге дұрыс жолды көрсетіп жатқан жоқ. Ал мына Түркменстан мен Белорусияға қатысты, олардан үлгі алмақ түгілі, олар ұстанған бағыттан бас тартуымыз керек.

Біз Украинадағы президент сайлауына орай Қазақстан халқының пікірін білу мақсатымен Алматы жұртшылығына да микрафон ұсынған едік:

- ТМД-ның басқа мемлекеттерімен, біздің елімізбен салыстырғанда, ол Украинадағы сайлауды үлкен прогресс деп есептеймін. Өйткені, Кучманың орнына басқа адам келіп, ол Кучма жүргізген саясатты ары қарай жалғастырамын дегенмен бәрібір өзгеріс, алға ілгерілеушілік болады деп ойлаймын.

- Біздің сайлауға ұқсап өтетін шығар. Таза сайлау болушы ма еді. Барлық жерде де бір жүйе емес пе қазір. Өзгешелік болады деп ойламаймын.

- Украинадағы сайлауда қарапайым халықтың үнінің жоғарыдағы билікке әсер еткенін қалаймын. Осындай сайлау біздің елімізде де болса, сонда жоғары мен төмендегі биліктің арасы барынша нығая түсер еді.

Украинадағы президент сайлауында 24 адам бақ сынауда. Көптеген бақылаушылар: бұл додадағы негізгі бәсекелес деп қазіргі Үкімет басшысы Виктор Янукович пен оппозияция тобынан шыққан Виктор Ющенколарды атап үлгерген болатын. «Украинаның Алматыдағы консулдығы ғимаратында орналасқан нөмірі 40-шы сайлау учаскесіне Астана уақытымен сағат түскі 4-тер шамасында дауыс беруге тиіс 130 адамның 70-і, ал Астанадағы елшілік ғимаратындағы нөмірі 39-шы сайлау учаскесіне дауыс беруге тиіс 120 азаматтың 60-ы келіп өз таңдауларын жасаған» деп хабарлады Алматыдағы сайлау комиссиясының мүшесі Ольга Шведловская.
XS
SM
MD
LG