Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11- 02 - 2004


Мерзімді басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің екінші шақырылымына Мәжіліс депутаты болып сайланған халық қалаулыларының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты депутаттармен кездескендігі баяндалыпты. Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың “сайлау әділ өтпеді” деп жасаған мәлімдемесінен кейін оның депутаттық мандаттан айырылғандығы да сөз болыпты. Сонымен қатар тәуелсіз басылымдар Президенттің қызы Дариға Назарбаева басшылық ететін “Хабар” телеарнасының бұрынғы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлын сотқа беруінің ақыры не болуы мүмкін деген мәселеге айрықша назар аударыпты.

“Казахстанская правда”, “Егемен Қазақстан”, “Экспресс К” басылымдары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің екінші шақырылымына Мәжіліс депутаты болып сайланған халық қалаулыларының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты депутаттармен кездескендігін хабарлапты.

“Егемен Қазақстан” газеті тілшісінің айтуынша, осы кездесу кезінде, депутат Владимир Дворецкий сөз алып кейбір Парламент Мәжілісі депутаттарының Қазақстан президентіне арнаған үндеуімен таныстырған. Аталмыш үндеу арқылы кейбір мерзімі аяқталған Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Президентіне шексіз алғысын білдіріпті.

“Казахстанская правда” газетінде жарық көрген мақалада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың депутаттармен кездескен кезінде, олардың ешқайсысына да ренішінің жоқ екендігін білдіргендігі айтылыпты. Өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс депутаттарының оны талай рет сынға алғандығын, алайда өзінің бұл мәселелерге түсіністікпен қарайтындығын атап өтіпті. Мемлекет басшысының айтуынша, түрлі қарама-қайшылықты көзқарастар арқылы ғана маңызды мәселелерге қатысты ортақ шешімге келуге болады.

“Экспресс К” газеті ендігі уақытта экс-депутаттарға жұмыс кабинеттері мен қызметтік пәтерлерін табыс етуге тура келетіндігіне тоқталыпты.

“Айқын” және “Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшалары мәжіліске “Отаннан” партиялық тізім бойынша депутат болып сайланған Жармахан Тұяқбайдың мандатының партияның жастар қанатының жетекшілерінің бірі – 28 жастағы Тәңірберген Бердіоңғаровқа бұйырығандығын хабарлапты.

“Айқын” газетіндегі келтірілген деректерге жүгінсек, Жармахан Тұяқбай осыдан екі апта бұрын сайлаудың заңсыз өткенін, сондықтан депутаттық мандаттан бас тартатынын және “Отан” партиясының төрағасы орынбасарлығы қызметінен кететінін мәлімдегеннен кейін, өткен аптада партияның саяси кеңесінің бюросында осы мәселе талқыланып, Жармахан Тұяқбай партия қатарынан шығарылған. Сондай-ақ “Айқын” басылымы Жармахан Тұяқбайдың орнына депутаттық мандатқа ие болған Тәңірберген Бердіоңғаровтың мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың сөздерімен келіспейтіндігін, және “Ауыстырылмайтын адам жоқ, бәрінің де орнын ауыстыратын адам табылады” деп мәлімдегендігін хабарлапты.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы депутаттық мандатқа ие болған Тәңірберген Бердіоңғаровтың партиялық тізім бойынша соңғы 13 орында тұрғандығын тілге тиек етіпті.

“Жас алаш” және “Литер” басылымдары Президенттің қызы Дариға Назарбаева басшылық ететін “Хабар” телеарнасының бұрынғы Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлын сотқа беруінің ақыры не болуы мүмкін деген мәселеге айрықша назар аударыпты. “Жас алаш” басылымының сейсенбілік санында бұл сот процесінде біраз құпия жайттардың беті ашылып, ол үлкен қоғамдық дүмпу тудыруы мүмкін деген қорытынды жасалыныпты. “Сегіз жарым жыл ақпарат саласын басқарған, Алтынбек Сәрсенбайұлы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы жекешелендіру жайлы, мүлік бөлісулер мен тендерлік хикаялар туралы былық-шылықтарды бәрінен де жақсы біледі” деп жазады мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, бұл сот Дариға Назарбаева мен Алтынбек Сәрсенбайұлының арасындағы түсініспеушіліктен асып, “Асар” мен “Ақ жолдың” теке-тіресіне ұласуы ғажап емес. Осы мәселеге байланысты “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы “Жас алаш” газетіне берген шағын сұхбатында “Іс басталып кетті. Бір жағынан бұл іздегенге сұраған болып тұр. Сот процесінде қазірдің өзінде шет елдік журналистер де, белді-белді шетелдік ақпарат құралдары да Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары да қызығушылық танытып отыр. Өздеріңіз пооцеске қатысасыздар, сонда көрерсіздер” деп жауап қайтарыпты.

Осы дау-дамайға айрықша назар аударған “Литер” басылымы “Хабар” және “КТК” телеарналары мен экс-министр Алтынбек Сәрсенбайұлының арасындағы сот процесі немен аяқталуы мүмкін деген сауал қойып, түрлі пікірлерді беріпті.

“Әділ сөз” атты қоғамдық ұйымның төрайымы Тамара Қалиева “Литер” басылымына “Хабар” бәрібір сот процесін жеңіп шығуы ықтимал деген ойын білдіріпті. Тамара Қалиеваның айтуынша, жауапқа тартушының салмағы мен мүліктік дәрежесі және бұл теке-тірестің нәтижесіне мүдделі адамдар “Хабардың” жеңіске жетуіне күш салады.

Ал, “Интернюс Қазақстан”, халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Олег Кациевтің пікірінше, бұл теке-тіресті нағыз жауапсыз қадам деп санайды екен. Оның айтуынша, кезінде осы компанияның қалай құрылғандығын жақсы білетін экс-министрді сотқа беру, керісінше жауап беруші жақтың күш алып кетуіне, және көп құпияның бетін ашуға ықпал жасайды.

Экономист Кәмила Орынбаеваның пікірінше, қоғамдағы азаматтардың арасында осы уақытқа дейін салық төлеушілердің ақшасы қайда кетіп жатыр деген сұрақ туындап келген. “Міне осындай үлкен дау-дамай туғызып жатқан сот процестерінен кейін, Қазақстандағы ірі медиа-холдингтің артында кімдердің тұрғандығынан және оның қалай жұмыс жасап жатқандығынан хабардар боламыз” дейді экономист Кәмила Орынбаева.
XS
SM
MD
LG