Accessibility links

Қазақстан мен Бельгия елдері арасындағы парламентаралық ынтымақтастық одан әрі дамытылмақ

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Бұл жайында Қазақстан парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевтің Қазақстанда ресми сапармен жүрген Бельгия Корольдігі Сенатының төрайымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік Ассамблеясының мүшесі Анн-Мари Лизин ханыммен қарашаның 2-і күні болған кездесуінде айтылды.

Кездесуде Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстанның азаматтық қоғамында демократиялық институттардың құрылуына қатысуын пайдалы деген пікірін білдірді. Сондай-ақ ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен қарым-қатынас кең көлемдегі мәселелерді оның ішінде терроризммен күрес, экология, экономика және әлеуеметтік мәселені шешуді қамтуы қажет деген Қазақстан тарабы ұстанымын жеткізді.

Нұртай Әбіқаев мырза Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге ұсыныс жасауына орай оған байсалды дайындық жасалып жатқанын атады. Сондай-ақ ол өткен жылы Астанада болған әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер сеъзін елдегі демократиялық процестердің дамуын дәлелдейтін сәттерге теңеді. Ал, келесі сеъздің 2006 жылдың қазан айына белгіленгенін айтты.

Өз сөзінде Бельгия Корольдігі Сенатының төрайымы Анн-Мари Лизин екі жақты қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүделі екендіктерін, бұл бағытты екі ел парламенті сенаты арасында достық ынтымақтастық тобын құрудан бастаймыз деді.Мейман екі жақты қарым-қатынаста Бельгия тарабының ғарышты зерттеудегі ынтымақтастықтың іске асқанын қалайтынын айтты. Делегация мүшелері Байқоңыр қаласында болып қайтқан. Анн-Мари Лизин өз сөзінде Байқоңыр ғарыш айлағын көруді көздегендерін, онда бұрын болмағандарын, осындай жағдайда Қазақстан, Ресей, Еуропа арасында ғарышты зерттеуге ынтымақтастықты дамытуды бастау болатынын айтты.

Сондай-ақ ол Бельгияның 2006 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне дайындық жасап жатқанын, бұл орайда осы ұйымға Қазақстанның 2009 жылы төрағалық етуге бастамасына өте мұқият қарайтындарын атады.

Өз кезегінде Қазақстан парламенті Сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев ғарыш саласында ынтымақтастықта ешқандай мәселенің жоғын, кездесуден соң тиісті ұсыныстың үкіметке тапсыратындарын айтты.

Анн-Мари Лизин Парламент сенатының депутаттарымен де кездесті. Қазақстан парламенті Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров мұндай қарым-қатынастар Қазақстан үшін пайдалы деген пікірде. Ал, ғарыш саласындағы ынтымақтастық көп жақты болуы керек дейді депутат Қайсаров. Бельгия Корольдігі Сенаты делегациясының Қазақстандағы ресми сапары қарашаның үші күні де жалғасады.
XS
SM
MD
LG