Accessibility links

Әлихан Бәйменов депутаттық мандаттан бас тартты


Қарашаның 2-сі күні Мәжілістің екінші шақырылымы өз жұмысын мерзімінен 1 ай бұрын тоқтатты. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шұғыл түрде ескі парламентті таратып, үшінші шақырылымдағы парламенттің сессиясын шақыруы қазақстандық саясаткерлер мен саясаттанушылар арасында түрлі пікірлер тудырып отыр.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы: “Келер жылдың бюджетін қарап, өз жұмыстарын жүргізіп жатқан ескі парламентті президенттің аяқ астынан алдына шақырып алып, мерзімінен бұрын таратып жіберуі таңқаларлық жағдай дейді:

-Бұл парламентте демократиялық көзқарастағы 4-5 адам бар еді. Олардың көшбасшысы болып, өткен сайлаудың нәтижесін, қорытындысын мойындамаған Жармахан Тұяқбай тұр. Президент демократиялық көзқарастағы депутаттар сайлаудың қорытындысын қайта қарау туралы кейбір іс-әрекеттерге бара ма деп әдейі аяқ асты таратып отыр. Мәжіліс төрағасының пікірі қоғамдық пікірде, билік орындарында ескерілмейтін болса, мемлекеттің жағдайының қиын екендігін түсінуге болады. Жармахан Тұяқбай Назарбаев туралы немесе Ертісбаев туралы жеке пікірін айтқан жоқ. Жармахан: “Елімізде парламент заңсыз, әділетсіз жолмен тағайындалды. Оған жауапты адамдар бар. Парламент сайлауының қорытындысы қайта қаралып, әділеттілік орнауы керек”, деді. Егер оған елбасы мойынұсынбайтын болса, онда ол елбасының жауапкершілігі.

Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев: “Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі жұртшылық күтпеген жағдай болды”, дейді Оның айтуынша, алдағы бір айды билік өз мақсаттарына пайдаланып, сайланған парламентті заңды деп тауып, оппозиция өкілдері көтерген бүкілхалықтық референдум өткізу мәселесіне тосқауыл қою үшін осындай қадамдарға баруы мүмкін.

Саясаткер Әлихан Бәйменов: “Президенттің үшінші шақырылымдағы парламент сессиясын мерзімінен бұрын шақыруын заңсыз деуге келмейді. Заң бойынша сайлау қорытындысы шыққаннан кейін президент 30 күн ішінде парламент сессиясын шақырады деп жазылған” дейді. Әлихан Бәйменов “Азаттық” радиосына берген сұхбатында өзінің депутаттық мандаттан бас тартқандығы жөнінде мәлімдеді. Ол бұл мәселені “Ақжол” партиясының сенбі күні өткен съезінде ресми түрде мәлімдегенін айтты.

Алматы көшелеріндегі азаматтардың пікірі төмендегідей болды. Бірінші азамат:

-Нұрсұлтан Назарбаев кемшіліктерін айтқан сайын сасқалақтап жүрген адам сияқты. Өткен парламентте азда болса оппозициялық пікір айтатын депутаттар болып еді. Ендігі парламент белгілі болып отыр.

Өзін Мадат деп таныстырған азамат:

-Парламентті мерзімінен бұрын тарату деген мәселенің саяси астары бар деп ойлаймын. Мен ойымша бұл кісіге тезірек Тұяқбайдан құтылу керек болған болар.

Үшінші азамат:

Кеше таратты дегенде жаңасын таратты екен деп қуанып қалдым. Маған ерік берсе екеуін де таратқан болар едім. Олардың біздің саясатқа, қоғамға тигізер пайдалары жоқ.
XS
SM
MD
LG