Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11-03-2004


Мерзімді басылымдар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәселеге нүкте қойып, жаңадан сайланған Парламент депутаттарының өкілеттіліктерінің 1 желтоқсаннан емес, одан бұрын бастау туралы Жарлыққа қол қойғандығына баса назар аударыпты.

“Егемен Қазақстан” басылымының сәрсенбілік санында “Бергені көп бес жыл” деген тақырыппен мақалалар топтамасы ұйымдастырылып, өкілеттілігі аяқталған және Парламент мәжілісіне қайта сайланған депутаттар өткен бес жылдың ішінде қандай жұмыстарды атқарғандығын тілге тиек етіпті. Депутат Мақтай Сағдиев “Ардагерлер туралы” заң жобасын дайындауға қатысқандығын айтса, депутат Амангелді Айталы “бізге билікпен тіл табысып жұмыс істеу керек, бірақ оның шылауында кетпей ел мүддесі жолында жұмыс істеуіміз қажет” деген ой айтыпты. Ал, өкілеттілігі аяқталған депутат Мырзагелді Кемел мәжілістің өткен сайлауына өз кандидатурасын ұсынудан саналы түрде бас тартқандығын айтыпты. Сондай-ақ “Егемен Қазақстан” басылымы жаңа сайланған депутаттардың тіркеуден өтіп, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиеваның қолынан омырау белгісі мен дауыс беруге қажетті карточкалы куәліктерін алғандығынан да хабардар етіпті.

“Айқын” басылымының сәрсенбілік санында “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың сайлаудың әділетсіз өткендігіне наразылық білдіріп, Парламент Мәжілісінің жаңа құрамындағы депутаттық мандаттан бас тартқандығы хабарланыпты.

Ал, “Айқын” басылымында жарық көрген Айхан Шәріптің мақаласында Бельгия Корольдігі Сенатының президенті, ОБСЕ Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Анн-Мари Лизингтің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескендігі айтылыпты. Сондай-ақ Айхан Шәріптің “Айқын” газетінде жарық көрген тағы бір мақаласында өкілеттілігі аяқталған мәжіліс депутаттарының жұмысы да сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, Мәжіліс құрамында қалталылары да, атақ-даңқтылары да болған. “Бірақ солардың басым көпшілігінің бойларынан ұлы қасиеттерді – қайраткерлерікті, ұлтжандылықыты таба алмайсыз” деп жазады “Айқын” басылымының тілшісі Айхан Шәріп.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың жұмыссыз қалғандығына айрықша назар аударыпты. Жармахан Тұяқбайдың пікірінше, депутаттардың жұмысы дәл осылай тез аяқталады ғой деп ешкім де ойламаған. Мақала авторы, сессия жұмысының тез аяқталуының себебін, депутаттар да, мәжіліс спикері де айтпағандығына да айрықша назар аударыпты. “Мұның бәріне де Парламент сайлауында заң бұзушылықтар кеңінен орын алды деген айғай-шудың әсері болды ма?” деген сауалға мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай “бәрі де Мемлекет басшысының еркіндегі мәселе” деп жауап қайтарыпты. Мақала авторының айтуынша, өз сөзінің қорытынды түйінінде мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай, саяси партиялардың қоғамдағы алатын орнына баса назар аудару қажеттілігіне тоқталыпты.

“Заң” газетінің ақпараттар ағымында, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы уақытта өкілетілігін тоқтатқан депутаттардың халықтың әл-ауқаты мен елдің тұрмысын арттыру жолында жемісті жұмыс атқаратындығына сенім білдіргендігі айтылыпты. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екінші шақырылым депутаттарының жинаған тәжірибелерін ескере отырып, олардың ішіндегі жұмысқа қабілетті жастағыларын қызметпен қамтуға қолдау білдіру үшін жергілікті және орталық органдарға тапсырма бергендігін атап өтіпті.

“Литер” басылымы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәселеге нүкте қойып, жаңадан сайланған Парламент депутаттарының өкілеттіліктерінің 1 желтоқсаннан емес, одан бұрын бастау туралы Жарлыққа қол қойғандығын атап өтіліпті.

“Экспресс К” басылымы болса, өкілеттілігі аяқталған депутаттарды не күтіп тұр деген сауалға жауап іздепті. Газет тілшісі Тимур Неталиевтің пікірінше, өкілеттілігі аяқталған депутаттарға ендігі уақытта жұмыс табу қиынға соғады. Мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, жұмыссыз қалған депутаттардың ішінде Мұхамбет Көпеев қана Төтенше жағдайлар жөніндегі мекеменің министрі қызметіне тағайындалып, жұмыс тауыпты. Депутат Валерьян Землянов болса, өзінің саясатта қалатындығын мәлімдепті. Мақала авторының айтуынша, Валерьян Землянов “Қазақстандық әлеуметтік қорғау” партиясын құруды жоспарлап отыр. Мәжіліс депутаты Валентин Макалкин бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болып, мақала жазумен шұғылданатындығын, ендігі уақытта депутат болуға ешқандай да ниетінің жоқ екендігін білдіріпті.

Өкілеттілігі аяқталған депутат Серікбай Әлібаев болса, егер де Президент рұқсат етсе, үш бөлмелі пәтерін сатып алатындығын, өйтпеген жағдайда әйелі, бала-шағасымен далада қалатындығын тілге тиек етіпті.

Экс-депутат Ғани Қасымов болса, ауруханада жатқан көрінеді. Мақала авторының айтуынша, экс-депутат Ғани Қасымов Қазақстан Патриоттар Партиясының басшысы болып қала береді.

“Аргументы и факты” және “Известия” басылымдарының “Қазақстан” қосымшасы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңадан сайланған мәжіліс құрамының жұмысқа кірісуі туралы Заңға қол қоюы, ескі депутаттық корпус үшін күтпеген оқиға болғандығын атап өтіпті.
XS
SM
MD
LG