Accessibility links

Мәжіліс төрағасы болып Орал Мұхаммеджанов сайланды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан астанасында үшінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясы ашылды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жаңа Парламенттің алдағы бес жылда атқаруға тиіс жұмыстары жөнінде бағыт-бағдар берді. Ал Мәжілістің жаңа құрамы бүгін жұмысқа кірісіп, өздерінің төрағаларын сайлады. Мәжіліс спикері болып, «Отан» партиясының мүшесі Орал Мұхаммеджанов сайланды.



Мәжілістің жаңа құрамындағы жетпіс жеті депутаттың үшеуі Президентке ант берген жоқ. Оның біріншісі – «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов өзінің депутаттық мандатынан бас тартса, екіншісі – «Асар» партиясының төрайымы, Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева жаңа Парламенттің ашылуына келген жоқ. Үшіншісі – Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депутат Қуаныш Төлеметов. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Владмир Фоос Әлихан Бәйменов депутаттық мандаттан бас тартса, тізімде екінші тұрған Алтынбек Сәрсенбаевтың депутат болуға құқысы бар дейді.



Қазақстан басшысы үшінші сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында, өткен сайлау жөнінде демократиялық күштердің пікірлеріне байланысты «Сайлау туралы айтылған әңгімені естідіңіздер, естіп жатырсыздар, сайлаудың қайнаған қазанынан өздерің де шықтыңдар. Ендігі айтылатын сөзге де, сынға да өздеріңіз жауап бересіздер», – деді Қазақстан Президенті.



Президент алдағы бес жылда мемлекеттің әлеуметтік саласына баса көңіл аудару қажеттігін айтты. Ол сонымен бірге көп балалы аналарға жәрдем ақыны екі есеге көбейту жөнінде, жағдайы төмен отбасылардың балаларына 18-жасқа дейін жәрдем ақы беру жөнінде тапсырма берді.

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақсысы тағы да екі есеге дейін өсетіндігін жеткізді.Президенттің сөзіне сенсек, таяу жылда мүгедектердің де жағдайы бірінші кезекте тұратын болады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлердің түгелге жуығын баспанамен қамту мәселесін көтерді. Осыған орай Президент алдағы жылда бес мың жаңа пәтер аяқталуға тиіс деген тапсырма берді.



Қазақстан басшысы мемлекетті демократиялау барысындағы реформалар жөнінде көп сөз айтпады. Тек Қазақстанда сөз бостандығына, оппозицияға қысым жоқ екенін тілге тиек етті.



Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары төрағаларын сайлауға көшті. Депутаттар спикерлікке төрт адамның кандидатурасын ұсынды. Олар Орал Мұхамеджанов, Равиль Шырдабаев, Ұзақбай Қараманов және Ромин Мадинов болды. Алайда соңғы үш депутат өздерінің кандидатурасын алып тастап, өздері үшін Қостанай облысынан сайланған, «Отан» партиясының мүшесі Орал Мұхаммеджановқа дауыс беруін сұрады.



Көптеген депутаттар Орал Мұхаммеджановқа сұрақтар қоймай-ақ бірден сайлайық деген ұсыныс білдірді. Алайда екінші сайланымда да депутат болғандар оған қарсы болды.



Депутат Амангелді Айталы төрағалыққа ұсынылған Орал Мұхаммеджановтың осы уақытқа дейін елге еленбей келгенін айтып, болашақта Мәжілісті сеніммен басқаратынына күмәнмен қарады. Бірақ Орал Мұхаммеджанов: «Мен биліктің қай тармағымен де келісіп істегенді қолдаймын. Мен талас-тартысты жақтырмайтын адаммын. Ал енді кейбір принципті мәселелер туындайтын болса, онда табан тіреп көреміз», – деп жауап берді.



Ал Қызылорда облысынан сайланған, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров болса, Орал Мұхаммеджановтың жер, тіл мәселесіне байланысты пікірін білгісі келді. Оған жаңа төрағаның жауабы төмендегідей болды: «Жерді сатып алып, вагонға салып, қалтасына тиеп алып кетеді дегенге ешкім сенбейді. Барлық шөлейт, құрғақ жерлерді ешкім сатып алып жатқан жоқ және сатып алмайтын да шығар. Ал енді құнарлы, шұрайлы жерлерді сатып алатындар табылар, Бірақ қазірдің өзінде оларды сатып алып жатқан ешкім жоқ».



Оппозицияға қатысты Мұхаммеджанов оларға дұрыс қараймын деген ойын білдірді.



Нәтижесінде Президент әкімішілігінің бұрынғы қызметкері Орал Мұхамеджанов Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы болып сайланды. Ал оның орынбасары болып, «Отан» партиясының мүшесі Сергей Дьяченко сайланды.
XS
SM
MD
LG