Accessibility links

Д.Сәтпаев: «АҚШ-тағы президент сайлауында Д.Керри жеңіске жетсе, Қазақстандағы оппозициялық күштерге қолдау күшейе түспек.»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауы Қазақстандық саясаткерлер мен саясаттанушыларды да бей-жай қалдырмады. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, осы бәсекеде Джон Керри жеңіске жетсе, оның АҚШ-тың бұрынғы КСРО құрамындағы елдерде жүргізіп отырған адам құқықтары, демократиялық құндылықтар турасындағы саясатын күрт қатайтып жіберуі мүмкін. Ал саясаткер Ермұрат Бапи: «Қазақстан үшін Джордж Буштың 2-ші мерзімге өткені дұрыс. Өйткені, кез-келген басшы алғашқы мерзімінде ақырын жүріп, анық басып, қандай да бір істерде болсын қатаң шаралар жасауға құлықсыз болады» дейді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, Америка Құрама Штаттарындағы сайлауда қазіргі президент Д.Буштың мүмкіндіктері жоғары болып тұр. «Өйткені, ол қарапайым халыққа етене жақын тілмен сөйлейді. Д.Керридің өте ақылды саясаткер болуы өзіне соққы болып тиюі ықтимал» дейді тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев:

- Меніңше, бұл бәсекеде Д.Буштың жеңіске жету жолындағы мүмкіндіктері молырақ сияқты. Өйткені, ол халыққа өте қарапайым, ұғынықты тілмен сөйлейді. Ал, Д.Керри интеллектуал саясаткер. Ал Америка жұртшылығы ондай саясаткерлерді онша жақтыра қоймайды.

«Егер Д.Буш жеңіске жететін болса, Америка Құрама Штаттарының бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттерге қатысты ұстанымында айтарлықтай өзгерістер бола қоймайды. Өйткені, Ақ үйдің қазіргі жетекшісі негізінен террормен күрес мәселесіне қатты көңіл бөлген, осы саясатын алдағы уақытта да жалғастыра береді» дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев:

- Д.Бушқа билікте қалатын болса, қазір жүргізіп отырған саясатын жалғастыруға тура келеді. Бұл ретте Орталық Азия мемлекеттерінің жүргізіп отырған саясаттары демократиялық үрдістерден алшақ болса да, ол бұған аса мән бермейтін болады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, керісінше, билік басына демократ Д.Керри келетін болса, Американың Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты демократиялық үрдістерді жандандыра түсу турасындағы талаптары одан әрі күшейе түспек. «Тиісінше, осы мемлекеттердегі оппозициялық күштерге деген қолдау деңгейі да әжептәуір өсетін болады» дейді тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев:

- Демократтар демократияны өркендетеміз деп, бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің ішкі мәселелеріне қатты араласып, осы елдердің оппозициялық күштеріне жақсы қолдау көрсететін болады.

Ал журналист Ермұрат Бапидің айтуынша, дәл қазіргі жағдайда Қазақстандық оппозияция өкілдері үшін Д.Буштың 2-ші мерзімге сайланғаны өте тиімді:

- Осы таяуда ғана Д.Буш өзінің 1-ші мерзімі аяқталар тұста, Белорусия мемлекетіне байланысты үлкен құжат қабылдады. Дәл осындай қадамға ол президенттікке енді кіріскен кезде жасай алмас еді. Себебі, ол алдын ойлайды, келесі мерзімге түсу мәселесіне алаңдайды. Осыған орай, егер билікке Д.Керри келетін болса, бізге оның азу тісінің шығуын күтіп, оның мына жаңадан шығып жатқан диктаторларға азу көрсетуін күтіп, тағы да 4 жыл отыра тұруымызға тура келеді. Біз сияқты дамушы демократиясы бар елдерге сыртқы мемлекеттердің, әсіресе мына Америка сияқты адам құқы мен азаматтық қатынастар құндылығын бағалайтын елдердің көмегі, олардың ықпалы аса қажет.

Ал Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин: «Д.Буштың Иракқа қатысты жүргізген саясаты үшін-ақ оның келесі мерзімге өткенін қаламаймын» дейді:

- Кім президент болса да, АҚШ-тың саясаты белгілі. Оларда Қазақстан өркендей қойсын деген ашық саясат болмайды.

Ал парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов: «ең бастысы Америкадағы сайлаудың ың-шыңсыз өтуі» деп отыр:

- Көп жағдайда біз Американы өзімізге үлгі қыламыз ғой. Қазір қарап отырсақ олардың да сайлауы шатасып жатыр. Ал жалпы дұрыс өткені бізге де жақсы болар еді. Әйтпесе, біздегі кейбіреулер: «200-300 жыл демократия құрып жатқан Америкаңның өзінде шатасып жатыр» деп, бізде бар кішкентай тәртіп бұзушылықты сонымен ақтамаққа ниет қылады.

Біз осы ретте Америка Құрама Штаттарындағы билік кімнің қолына өткенін қалайсыз деген сауалмен Алматы жұртшылығына да микрафон ұсынған едік:

- Д.Буштың тақтан кеткенін қалар едім. Оған қарағанда Д.Керридің келгені жақсы болар еді. Себебі оның көзқарасы демократияшылдау сияқты.

- Мен Д.Буштың өткенін қалаймын. Өйткені ол «елдің тыныштығы үшін» деп терроршыларға қарсы үлкен соғыс ашты ғой. Ал егер Буш өтпей қалса, оның бастаған істері аяқсыз қалады ма деп ойлаймын.

- Менің ше Д.Керридің жеңгені дұрыс сияқты. Себебі, біз Д.Буштың әлемге не бере алатынын көрдік.

- Америка әскери, қаржылық, саяси жағынан болсын әлемдегі ең қуатты мемлекет. Сондықтан осындай күшті мемлекетті кім билейді деген сауал әркімді толғандыруға тиіс. Мен өз басым Американы Д.Керридің басқарғанын қалаймын.

- Менің ойымша, Д.Буштың билікте қала бергені дұрыс сияқты. Өйткені, Д.Керридің кім екенін онша білмейді екенмін.

- Маған бәрібір. Ол екеуінен біреуіне таңдау жасау Америка халқының жұмысы ғой.

Алматы жұртшылығы: «Америка Құрама Штаттарында кім президент болып сайланса да, ол елдің Қазақстанға қатысты саясатында анау айтқан өзгерістер бола қоймайды» дейді.
XS
SM
MD
LG